Қорлыбай мен Ердес (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Ердес-ау, есіңде, ішіңде бар ма?—депті. Ердес:
—Есімде бар-ау, әттең, ебі табылмай келеді,—депті.
Қалмақ жетіп жігітке найза салам деп қолтығын көтере бергенде, қатарында келе жатқан Ердестің қолындағы білтелі мылтық тарс ете түскенде қалмақ мұрыттай ұшады. Бұрын ақсауыт деген сауытты тоқығанда, тап өкпелігіне ажал оқтың орны деп бармақ басындай-ақ орын тастап кетеді екен. Ердес «Ебі табылмай келеді» дегенде сол жерін аңдып келеді екен.
Ердес қашқан жігітке: «Тоқта! Тоқтамасаң, ал енді өзіңді атам»,—деп мылтығын кезегенде, жігіт қорқып тоқтай қалғанда, «ана қалмақтың атын мініп, найзасын алып, «Жауқаштылап!» кейінгі қалмаққа ұмтыл, өзімде түсіп, қайта атқа мінуге әл жоқ. Оны істемесең, сені атып өлтіруден басқа жұмыс менің қолымнан келмейді»,—дегенде, жігіт қара ала атқа мініп, найзаны алып «Жауқаштылап» қарсы ұмтылғанда, ұтып келе жатқан қалмақтар қайта қашады. Қара ала аттағы қалмақтардың бастығы да—ең мықты батыры да осы екен. Жылқының көбі қалмақта кетті, адамның көбі өлді, шабылған ел еңсесі түсіп, жүдеп қалады.
Ердес бір жылдай теңге түсіп жүріп аяғы жазылмай қала ма, жоқ, бүгілмей қала ма, әйтеуір балдақпен жүретін ақсақ болып жазылады. Ақсап жүріп киік, құлан атып үй-ішін асырайды. Жаугершілік басылып, ел Қызылжардан Ташкенге кіре салып кәсіп істейді. Ердес өзінде көлік жоқ, бар ағайындардан түйенің майын сұрап алып, кіші інісі Ақтенді кірекешке қосады. Тоқа деген елден жиналған кірекештер барлығы жиырма бес адам болады. Іштерінен керуенбасы сайлап, Қызылжардан Ташкенге жөнеледі. Кірекештер Арқаның Шу жақ бетінде бір құдықта жол үстінде түстеніп отырса, бір адам келіп бұларға:
—Мұнда тоқа деген елден кісі бар ма?—десе, керуенбасы:
—Бәріміз—бөтені жоқ, тоқамыз,—дейді. Керуенбасы сөйлегенде жөндеп сөйлей алмай қалтырап тұрады. Неге десең, келген кісінің түрі солай.
—Олай болса қолұмбеттен адам бар ма?—дегенде:
—Осында Ақтен деген бір бала бар,—дейді.
—Ендеше Ақтенді маған жіберіңдер,—деп өзі анадай жерге барып аттан түсіп отырады. Ақтен қайда деп керуенбасын іздесе, түйе қайыра кеткен екен. Жалма-жан тауып әкеп:
—Сені анау кісі шақырады, соған бар,—деп жібереді. Ақтен өмірінде көрмеген түсі суық бір бөтен адам сәлем берейін десе, иегі дір-дір етіп дауысы шықпай қалады. Басын, арқасын сипап бойын үйретіп, қорықпа деп жүрегін басып:
—Сен Ерденді білемісің?—депті. Ақтан:
—Жоқ, ондай кісіні білмеймін—депті. Қорлыбай:
—Өзің неше ағайындысың?—дегенде,
—Үш ағайынды едік. Қорлыбай:
—Кім-кімсіңдер? Аттарын аташы,—дегенде,
—Үлкеніміз—Ердес, онан кейін Медет, кішісі—мен,—дейді.
—Жаңа білмейім дегенің қайда? Мен сол өзіңнің ағаң Ердесті сұраймын,—дегенде, Ақтен:
—Ендеше білем,—депті.
—Білесең, тірі ме?—дейді. Ақтен:
—Иә, тірі. Қорлыбай:
—Алдыңғы жылы қалмақ өлтіріп кетті деп естіп едім, онан нағып қалды,—дейді. Ақтен:
—Онда бір тізесін қылыш кесіп кетті, тірі қалды. Балдақпен жүретін ақсақ болып жазылды. Осы күнде үйренді. Қорлыбай:
—Сен елде Қорлыбай батыр бар деп еститін бе едің? Ақтен:
—Иә.
—Естісең, сол Қорлыбай—мен. Төрт ұлдың ішіндегі кенже қарындасым Мөр деген қыз бар, сол қыз сенің жеңгең. Мен соны ағаң Ердеске бермекпін. Бұл күнге дейін Ердес те сенің еліңнің басқа батырларындай жау қырып кетті деп естіп, ақыр анығын білуге өзім іздемекші болып жүр едім. Сен кез келдің, Ташкенге барғанда Мөрден артық олжа тауып ала алмайсың, сен Мөрді алып осы арадан қайтасың. Бірақ жолдастарыңмен ақылдасып, әруақ қонған шаңырақ еді, босағама екі түйе байлайсыңдар, салған жүгіңді кеуренбасыңа тапсырамын. Бүгін көшпейсіңдер, ертең қос басы бір-бір отағасыңды алып біздің ауылға келіп қонақ боласыңдар, «біз құдамыз» деген бір сөз біздің елдің адамдарына не өзіңнен, не жолдастарыңнан, бір адамның аузынан шықпаған болсын, ұқтың ба?—деп түрегеліп атына мініп, кеуренбасыға келіп: