Қасым ханның елге орнатқан тәртібі (7-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
—Иә, жездеке, қайтыңыз, сіз бір ай мұнда болдыңыз, мен ұққандай болдым, әңгімеңіз қызықты болғаннан кейін мен бір күн сізден тіземді бөліп өз төсегіме барып жатқаным жоқ. «Жездемнің қайтатын күні айтқан әңгімесі мынау еді» деп жүретұғын атасыз-анасыз бір әңгіме айтып беріңізші,—деді. Сонда Жәнібек би:
—Мен бірқыдыру әңгіме айтқан болсам, сен ұққан болсаң, бопты емес пе? Атасыз-анасыз әңгіме сұрасаң, мен айтайын: «Қожаның арты Бегімысық, халық ашықса, жұртшылық сасқанда қасиетімен жан сақтатқан. Енді Бегімысықтай қожа тумайды, қызыр қонған құт берекелі байдың арты Қанжығалы Абызшолақ жұртшылық жұтаса, халық ашықса, ортасына көшіп келіп, суы жоқ болса, сүтіне ет асып берген. Енді Абызшолақтай бай тумайды, бидің арты—Абылай, орыс-қазақ демейтін, жолдасын жауға бермейтін, халық үшін қасықтай қанын қиған, шыбындай жанын қиған енді Абылайдай батыр тумайды. Бидің арты—Қазыбек, қасиеті бойында, ұл сұрағанға ұл берген, қыз сұрағанға қыз берген, қара қылды қақ жарған. Енді Қазыбектей би тумайды, атасыз-анасыз әңгіме сұрасаң, сен осыны біл!—деген екен. Сонда Тіленші:
—Бегімысық әулие болса, қожа болса, өз жөнімен, Абызшомақ құт-берекелі бай болса, өз жөнімен, Абылай батыр болса, өз жөнімен, Қазыбектің артында өзіндей боп тұрып мен тұрған жоқпын ба?—депті Тіленші. Сонда Жәнібек:
—Тейт, сен де ұлмын деп жүрмісің, сен әншейін құғыншының жауапкері емессің бе, іліп тастайтын,—депті. Сол Тіленші он екі атаның ұлы Арғынды билеп өтіпті, төре тұқымына бағынбапты, Сарыарқадағы халықтарды қарғыс алмайтындай боп билеп өтіпті. Ертіс бойына ел «орыс келеді, орыс келеді» дегенде Тіленші тұрып: «Орыс келсе, егіс келеді, егіспен бірге жеміс келеді»,—депті. Бір заманда көктей өтіп бара жатқан өмір өтіп, бұ да қартайыпты. Әркімнің өз тұсындағы ел иелері жиналып келіп Жамантай хан, құсбек, төрелер ішінде әрбір таптың басшылары жиналып келіп Тіленшіге: «Сіз болсаңыз қартайдыңыз, елге кімді ие қыламыз?»—депті. Сонда Тіленші: «Кімді ие қылғыларың келеді? Халық ұйғарса, хан түйесін сояды»,—деген екен. Сонда ақсақалдар тұрып: «Бізге салсаң, Алшымбайдың атағы шыққалы тұр, жауы қорқып бұққалы тұр, елге ие болар осының екпіні бар сықылды»,—деп ұйғарыпты. Сонда Тіленші: «Өз айтқандарың болсын!»—депті. Сонсоң көпшілік Алшымбайды ие қылып, батасын беріп жүріп кетіпті.
Алшымбай атқа мінген кезде Ертіс бойына бір жеті үй орыс келіп жеті шатыр тігіп, үй салыпты, балық аулап, бақшасын өсіре беріпті. Біздің қазақ халқы бұрын орыс көрмеген, қазақ тілінде шатыр деген сөзді «Семипалатка» деп, Семипалатка деген сөзді Семипалатинск деп атап кеткен. Осы Алшымбайдың заманынан бастап орыс халқына біздің қазақ қарай бастапты.