Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қасым ханның елге орнатқан тәртібі (5-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

—Сені біз «елге ие қылайық» деп, «батамызды берейік» деп іздеп жүрсек, шаң топырақта алысып-жұлысып жатқаның қалай?—деді. Сонда Тіленші тұрып:

—Баталарыңызды берсеңіз де, бермесеңіз де өздерің біл, менің бұл алысып жатқанымның да мәнісі бар. Менің әкем Бекболат түсі суық кісі еді, хан, қара, би-төре арызын айтып, арманына жетуші еді, кедей менен мүсәпір үстіне батып кіре алмай, арызын айта алмай амалы жоқ кетуші еді. Күндердің күнінде қолға бірдеңе тие қалса, «кешегі өзіміз ойнап жүрген Тіленшіден қорқамыз ба» деп ұялмай кіріп, қорықпай тұрып арызын айтар деп бойымды үйреткеннен басқа жазығым жоқ.

Сонда ақсақалдар тұрып:

—Жарайды, балам, олай болса, сенікі дұрыс екен, біздікі бұрыс екен. Ендеше, қолыңды көтерші,—депті. Сонда Тіленші қолын көтеріпті. «Алдыңнан ай тусын, артыңнан күн тусын, қанқұмар болмай, халқың бағынышты болсын!» деп жүріп кетіпті. Сонда Тіленші келіп әкесі Бекболатқа:

—Кәнеки, халықты қалай билеуші еді?—деді. Сонда Бекболат:

—Халықты қалай билейтініңді атаң айтқан шығар, жаңылсаң, көмектесер,—деген екен,—бірақ саған менің бір тапсырмам мынау: «Қаракерей Қабанбай тұқымы Жәнібек деген би бар. Ол Орта жүздің қара қабаны ғой, соның бетіне сен келме, өзгесі сенің бетіңе келуге жарамас, шері-көті қарайлас қой»,— деген екен.

Бір заманда Керей Жәнібек би: «Алдына салып аға ғып жүрген, артына салып жаға ғып жүрген қайран Бекболат-ай, жаңғызсырап құлазыдым ау!»—деп, «түзде жүрген сұңқар едің, тауда жүрген қыран едің, торға түскендей боп құлазып қайтіп отыр екен. Мен барып біраз әңгімелесіп, амандасып қайтайыншы»,—деп, іздеп шығыпты. Мұның келе жатқан бетін халық естіп, елдің хан-қарасы, би-төресі алдынан шығыпты, қошеметтеп Бекболаттың үйіне алып келіпті. Өзгесі барса дағы, Тіленші бармапты. Жәнібек би сәлем беріп есіктен кіріп кепті, сонда ғана Тіленші орнынан ұшып тұрып сәлем беріп, қолын ұстапты. «Сен неге алдымнан шықпайсың» дегендей:

—Сен неғыл деп жатырсың, тоқалдан тудым деп мақтанып жатырсың ба?—депті. Сонда Тіленші тұрып:

—Бір атым оқтан қалып, сіз де ел аралап жүрсіз ғой,— депті, «менің тоқалдан туғанымды бетіме салық қылды» дегендей. Тіленшінің: «Бір атым оқтан қалып, ел аралап жүрсің ғой» дегені мынау еді—Қазыбектің кенже інісі Бөдененің қызы Нәуетектің Қаракерей Қабанбай аулына ұзатып бергенін анада айтқанбыз. Бұрын Қазыбектің заманында Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Тоқтарұлы Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай деген төрт саңлақ өз заманында теңдес болып өткен екен, жаңағы айтқан Шақшақұлы Жәнібек Керей ортасына бір дау жанжал болып, бітімге барған екен.

—Сен мен құсап Бердәулеттен тусаң, қандай болар едің, мен сен құсап Бекболаттан тусам, қандай болар едім. Мен жаманнан жақсы туған оқ емеспін бе, сен жақсыдан жаман туған боқ емессің бе?! Мен кімнен тусам да жапанға біткен шынармын, бұл ортаға ұнармын»,—деп ақырып, зекіріп ұрсып тастапты. Әрине, сонда Тіленші жеңілгендей болып қалды. Әкесі Бекболаттың: «Жәнібек Орта жүздің қара Қабаны» дегені рас екен дегендей болды. Сол Жәнібек сол Бекболаттың үйінде он-он бес күндей жатты. Бірқыдыру әңгіме айтып Бекболаттың қапаста отырған көңілдерін жұбатты. Бір мезгілде қайтуға бет алып шыққан соң, Тіленшіні ертіп алып:

—Сіздер менен біздер бұрын сарсүйек құда едік, алдыңғы апаларың қартайып өліп кетті. «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген еді ғой, қайтадан сүйек жаңғыртайық,— деп,—Қазымбеттің баласы Қанайдың бір қызы бар дейді ғой, соны маған бер»,—депті. Сонда бұрын Жәнібектің үш әйелі өліп, төртінші тоқалдыққа сұраған екен. Сонда Тіленшінің айтқаны:

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз