Қасым ханның елге орнатқан тәртібі (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Абылайдың айтқаны:
—Мен хан болғалы қазақ-қалмақ баласы кісім түгілі, атымды басқа ешкім ұрып көрген жоқ, Құлтекенің кісімді басқа ұрғанына не дейсің, билігін өзің айт!»—дейді.
Сонда Бекболаттың айтқаны:
—Жеті атамнан бері қарай кісім түгілі, жылқышыма ешкім сауға бермей кеткен жоқ, Қасым ханның ожарлығымен Құлтекенің ожарлығы бірдей келді. Сіздің жасыңыздың үлкендігі үшін Құлтеке «аяғыңызға жығылған кісі боп» келіп қайтсын,—дейді. Сонда Абылай:
—Жарайды, солай болса болсын, тек басына құрым кигіз киіп келсін,—деді. Сонда Бекболат:
—Келіп кеткені де жәрар, біздің тұқымға құрым кигіз жазбаған нәрсе,—деп жүріп кетті.
Соныменен Абылай аулына қайтып барыпты «қазір Құлтеке келеді» деп. Сонда ол ауылдағы ожарлар Қасым хан бастатқан: «ол құрым кигіз іліп келеді, егерде құрым кигіз іліп келмесе, өзіміз кигіземіз» деп, бір кигіздің ортасын тесіп, дайындап отырыпты. Бір уақытта Құлтеке салып жетіп кеп сәлем беріпті.
—Алдыңызға келдік, атаңыздың құны болса да кеш,—депті. Сонда Қасым хан бастатқан ожарлар тұрып:
—Басыңда құрым кигізің қайда, еліңе барған ханымды басқа сабап не бетіңмен келіп тұрсың?—депті.—Мә, өзің кимесең, біз кигізейік,—деп, құрым кигізді ұсыныпты. Құлтеке қағып жібереді де:
—Біздің тұқымға ешуақытта құрым кигіз кию жазған емес, кигің келсе, өзің ки!—депті. Сонда қағып жіберген құрым кигіз өте таянып, омыраулап тұрған Қасым ханның басына жалп ете түсіпті. Сонда ел шулап қапты, сонда Абылай айтыпты:
—Бұл шұқшылғырдың тұқымына еш нәрсе жуыйды дейсің бе? Оған арнаған кигіз өз басымызға кеп жалп етті ғой. Қырық жыл хан болғанда менің аспаған белім жоқ, аса алмаған тауым жоқ. «Абылай аспас сары бел» деп едім, Сарыбел дейтінім— осы Бекболат, осыдан аса алмадым, енді бұдан Қасым хан асар деймісің, сауға бермей өзің басқа ұрғызып жүрген». Бекболат алғашқы келгенде айтқан сөзі мынау, ол айтты: «Мен—Орал таудың ор түлкісі, айнала жапса ит жетпейді»,—деді. Сонда барлық қазақты өзіне бейімдеп, «менің аймағыма күшің жетпейді дегенге» келтірді. «Мені сен Алатаудың Ақиығы, тікелеп келсе, тек кетпессің»,—деді, сонда: «Азғана төресің, сен жалғыз-ақ жүрген бір қырансың,—деді Құлтекені келтіріп, —ырымын ғана жасап кеткен жоқ па?! Жарайды, енді мұқап та, мұқатып та болдық, енді сойыс қылып шақыра беріңдер,— деді.
Екі жағы да сойыс қылып шақырысып, қандаспай, қаруласпай тарапты. Сүйтіп Бекболат Сарыарқаның бойында ешкімменен қандаспай Орта жүздің баласын билеп-төстеп өмір өткізіпті. Бір заманда бұл да қартайыпты. Қартайып ел билеу мұрасын Қаракерей Қабанбайдың баласы Жәнібек би және Едіге бидің баласы Шоң би бастатып, әрбір таптың жақсылары басын қосып Бекболаттың үйіне келіпті. Бекболатқа айтқаны:
—Сіз болсаңыз қартайдыңыз, халықты кімге ие қыламыз, бәйбішенің баласы да ержетті, тоқалдың баласы да ержетті, ел билейтін таяғыңызды кімге ұсынасыз? Сонда Бекболат түсі суық, қас қабағы қалың кісі екен, үндемей біраз отырыпты. Сонда Тіленші тоқалдан туған бала екен, соныменен бірге туған қыз шымылдықтың ішінде отырады екен. Бекболат үндемей отырған соң, қыз түрегеліп, шымылдықтың бір жағын қайырып тастап:
—Ағалар, сіздер тыңдасаңыз, менің бір-екі ауыз айтатын сөзім бар. Он екі атаның ұлы Арғынды әкем билейді, бірақ әкемді шешем билейді, әкем шешемнен қорықпаса, Тіленшіжанды ұсынбайтын не бар, Тіленшіжанға ақсақалдар бата бермейтін не бар,—деді Тіленшімен бірге туған қыз.
Сонда Бекболаттың бәйбішесі қалмақ ханы Қоңтажының қызы екен. Бәйбішенің айтқан сөзі: