Қасым ханның елге орнатқан тәртібі (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Бекболат, сен ашудан бүтіндей қайт, антыңды тағы бір орындатты. Бұлар кеңес қылып, былай деп ақылдасты.
«Бұл Абылайлар үдере көшіп бара жатыр екен. Бұлардың мақсаты—қызыл су Шардан өтіп кету. Одан өтсе, жуық маңда алдырмайды, сондықтан қазір біз бір-біреуі жүз кісілік он екі батырды таңдап алайық, түн қатырып жіберейік. Малайсары мен Құлтекені басшы қылып қызыл судан өткізбейтін болсын, егерде өтіп кетпеген болса, біздің алуымыз оңай»,—деп, он екі батырды түн қатырып қоя беріпті. Он екі батыр сартылдатып салып келсе, олардың көшбасшысы өткелге жаңа ғана келген екен. Олар да көтінен кейін көшкен елге қайта барып, өте алмайтынына көзі жеткен соң, ұзамай қонаға пты. Мынау он екі батыр да өз әскерінің алдынан шығып, бұлар да қатарласып келіп қонағапты. Сонда Абылай: «Жекпе-жек» деп айқай салыпты, Бекболат тұрып:
—«Жекпе-жек» деген дауыс шығады ғой, кәні, қайсың шығасың,—депті, сонда Едіге би тұрып:
—Мен тұрғанда кім шығады дейсің,—депті де атып шығыпты. Сонда Бекболат:
—Сен қоя тұр, оның одан да дөкейі бар шығар, басқа біреуің шығыңдар!—дейді. Сонда Малайсары тұрып:
—Олай болса, мен шығамын,—дейді. Бекболат тұрып:
—Сен барсаң, бар!»—дейді. Малайсары атып шығып, жетіп барды. Абылайдың батырының Малайсарыдан бір-екі жас үлкендігі бар екен, «әуелгі кезек—менікі» депті. Сонда Малайсары оған:
—Сен тұра тұр,—депті.—Сенің бір-екі іліп тастайтын найзагерлігің де артық, әуелі сөйлесіп алайық,—депті.—Мен сенімен жұлысайын деп келген жоқпын, мені Бекболат жіберді: «хан хандығын істеді, қарысып тұрмай бетін тасалап көшіп берді, «антымды орындатам» деп. «Күлімді көкке ұшырсын» деп жұртын тастады, «ас қазанымды төртке бөлсін» деп қазанын тастады, «халқым ашықпасын» деп сойысын тастады, енді өзі келе ме, мен барайын ба?»—деді.
—Жарайды, ендеше мен Абылайға айтайын»,—деп жып етіп қайтып кетті.
—Өй, сен неге келдің?—деді Бекболат Малайсарыға. Малайсарының сонда айтқаны:
—Ол ұрысқалы да келген жоқ, жұлысқалы да келген жоқ екен, оны Абылай жіберіпті «елшілікпен ептестіріп кел» деп. Абылай былай депті: «Бұл несі Бекболаттың араға кісі салмай аулымды басып қонғаны, Бекболаттың антын бірқыдырғы орындағандай болдым, не өзі келсін, не өзім барайын, сөйтіп сөзімізді теңестірейік» деген екен, осыны айтып кетті,—депті Малайсары. Сонда Едіге тұрып:
—Мен баяғыда айттым емес пе, хан хандығын істеді емес пе, енді не де болса, өзің баршы!»—деп Бекболатты жұмсапты. Сонда Бекболат сөйлесуге өзі шыққан екен. Бекболат бара жатқанда Абылай да оңаша шыға беріпті.
Сонда Бекболаттың айтқаны. Бекболат үйелмендей үлкен кісі екен, даусы зор, паровоздың даусындай екен. Атының артын Абылайға қаратып қойып, өзі теріс қарап тұрып былай депті:
—Мен—Орал таудың ор түлкісі,
Айнала жапса, ит жетпес.
Сен—бір Алатаудың ақиығы,
Тікелеп келсе, тек кетпес.
Келгенменен тікелеп,
Біреуді біреу мерт етпес.
Әуелі баланы жіберерсің,
Сонан соң сөйлесерміз»,—
деп жүріп кетті. Абылай аулына қайтып келіп: «баланы қоя бер» деген екен, соған шейін бала кісенде екен. Кісенін алып, бостайын десе, ешкімге кісенін алдырмапты, дәлелі сол—«кім аяғыма кісен салса, сол ғана алады» депті, сонда мұның аяғына кісенді ожарлықпен Қасым хан салған екен. Қасым ханды еңкейтіп аяғына жығу үшін баланың сіресіп ешкімге кісенді алдырмауы осы екен. Қасымхан кісенін келіп алмақ болды, сонда Жанай шалқайып жатып:
—Кісенімді алсаң, ұйқымды бұзбай, тынышымды алмай ал,—деп өлгенше сыздапты. Содан кісенді алған соң, Жанай өзінің көпшілігіне қайтып барыпты. Сонан кейін Абылай мен Бекболат шығып бітімге келіпті.