Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нұралы хан мен Сырым батыр (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

«Сардар бек, сары азамат толып отыр,
Өте үлкен құрма кеңес болып отыр.
Мынау Сырекем ханмен бірге болмаған соң,
Құнасың соған рұхсат сұрап келіп отыр.

Жүремін екі достың арасына,
Сөзімнің айып шаласына.
Арада кек болғандай ешнәрсе жоқ,
Қателік айтылған сөз арасына.

Хан ұлы қашаннан да алда жүрген,
Қарамай қара халықтың баласына.
Жақсылар рұхсат берсең, тілегім сол,
Қайсылар келді-ау ханның шамасына?!»—
дегенде, жақсылар: «Рұхсат, шырағым, Тәңірім жүрген жолыңды ашсын, шайтанның уәсуасы бассын!»—деген. Халық қолын көтеріп дұға қылғанда, қараса, Сырым қол көтермейді. Сонда Құнас Сырымға қарап: «Мынау Сырым асыл туған зерек еді, ойланса, ақыл-пікірі терең еді, Сырымның шыққан тауы биік болсын, иілтіп ханды мұнда әкелуі керек еді»,—дегенде, Сырым: «Олай болса, әкелсең—әкел»,—дейді. «Ханды маған әкелу мақсат болса»,—деген. «Жарайды!» деп халық қол көтерген тағы. Сонда Құнас ханға барып айтқаны:

—Ассалаумағалайкум!
Алдияр, тақсыр, ханымыз,
Ай мен күнге парымыз,
Ортадағы жанған шамымыз,
Бақытты ұзын ғұмыр беріп,
Қайырлы болсын алтын тағыңыз!
Жақсы мен жаманды тең көрдің,
Бай мен жарлыны теңгердің.
Екі дүние дегенде ашық болған бағыңыз,
Қалың топты қақ жарған жылқыдағы сарымыз,
Керуенді бастаған түйедегі нарымыз.
Бұл уақытқа келгенше,
Бір-екі ауыз сөздің мағынасын таба алмай,
Кетулі беттен арымыз.
Рұқсат берсең, хан ием,
Сол сөзімнің мағынасын сұраймын,
Бұған құлақ салыңыз,—

деген екен. Және де айтқан:

—Бәйгіде жабы оза ма,
Тағы оза ма?
Аққудың тепкініне көл тоза ма,
Аспандағы ұшқан қуға
Көтеріліп көл қона ма?
Болмаса көлге келіп аққу қона ма?
Қара халық байтақ жатқан көл еді,
Халқын аяғына басқан хан оңа ма?
Тақсыр-ау, құрмасы Үкі бидің болып жатыр,
Жан-жақтан нендей жақсы толып жатыр.
Ортада ай мен күндей сіз көрінбей,
Дұшпан күліп, достың көңілі солып жатыр.
Ортасына қара халқының сізді апаруға
Құнасың сол жайында келіп жатыр.
Келгенге осы жайдан жауап күтем,
Ауыздан шығар деп сөз балдай татыр,—

деген екен. Сонда хан айтқаны:

—Ау, ханым, бұл жиынға бармай болмас,
Тілегін Құнас мырзаның бермей болмас.
Ердің құны бір ауыз сөзден бітеді,
Шын сөзге түсінбеген адам оңбас.
Баралық, қара халықтың жүзін көрелік,
Опасыз жалған дүние болмас жолдас,—

деп, ханымды ертіп жиналысқа келіпті. Хан кірген соң есікті ашып «алдияр, тақсыр» деп халық тұрып қол алысқанда, Сырым тұрмай, қол алмай отыра берген. Хан Сырымға қарап ишаралап көріскісі келген, бірақ Сырым тұрмаған.

Сонан соң хан: «Қара халық мені бұл жиынға, бұл мәжіліске қорлауға шақырған ба?» деген ойға қалып, тым-тырыс үндеспей отырып қалған. Сонда қараман Малайсары деген сөз бастапты. Сонда айтқаны:

—Әй, жігіттер, жарандар,
Мен әңгіме айтайын
Келісіне қараңдар.
Азғырған нәпсіге ермеңдер,
Шайтанға көңіл бермеңдер.
Нәпсі мен шайтан ел емес,
Өңкей жақсы жиналып
Ақ жүздерін көрген соң,
Үндеспей қалу жол емес.
Екі жақсы адасса,
Жамандар қылар келемеж.
Шауып қалған боз едім,
Орны келсе, шаппай қалатын мен емес.
Ай мен күндей жарқыраған
Ортадағы шам еді-ау,
Хандікі болсын бұл кеңес,—

деген екен. Сонда хан сөйлепті:

—Халқым-ау, көнеден дәурен озды,
Көндей қалың қамқа тозды,
Боздан шұбар озды,
Ханнан қара озды,
Анадан қыз озды,
Бұл қалай?—

дегенде, Сырым айтқан көрінеді:

—Көнеден дәурен озса,
Кәріліктің жеткені,
Қолынан қайратының кеткені.
Боздан шұбар озса,
Асыл жүйрік шұбар еді,
Сол бозбен бір жарысуға құмар еді.
Күндердің күні болғанда,
Шұбарың шауып озып,
Аяғың әруағы қозып кеткені.
Ханнан қара озса,
Ұятсыз шіркін болғаны,—

депті Сырым. Сонан соң Қараман би дегеннің сөз бастап айтқаны:

—Ит жаманы түз қориды,
Жігіт жаманы қыз қориды,
Әйел жаманы ерін қориды,
Ер жаманы жерін қориды,—

деген.—Не керек өткен сөз өтсін, кеткен сөз кетсін, ханы мен қара. халқы жарқырып күліп, жайлап сөйлей мұратына жетсін,—деп, тұрып келіп ханның қолын алып, сол ретпен халық қайтадан қолдасып, сонда Сырым да ханмен қолдасып көріскен дейді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз