Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нұралы хан мен Сырым батыр (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Өткен күнде Нұралы хан Сырым батырға құда болам деп бір кісі жіберген. Сонда келген адамның айтқаны Сырымға Нұралы хан сөзі деп: «Досқа сәлем айт, достығымды асырайын деп ойладым, маслихат болса»,—деген. Сонда Сырымның айтқаны дейді: «Тотықпас асыл болатқа алтыннан нақыш жүрмейтін, атасының салтынан қараға хан ермейтін, дариядан шыққанмен жауһар тас алтынға басын бермейтін»,—деген екен. Бұл сөзді жіберген кісі ханға айтып келген соң, хан тағы да бір кісі жіберіпті сөз білетін.

Ол кісі келіп мына сөзді айтқан Сырымға хан айтты деп: «Асыл берен алмастың балдағы алтын болатын, екі жақсы бас қосса, дос болып көңілі толатын, боямалы асыл емеспіз ғой, күнге тисе, оңатын»,—депті Нұралы. Сонда Сырым қасындағы отырған бір би адамға:

—Бұған не айтамыз?—депті. Сонда ол адамның айтқаны дейді:

—Жоғарыға қолын созбаған жаманның ісі, еңсеге келген жақсының қадірін білмеген наданның ісі, дұрыс айтқанды дұрыс деген түсінетін маманның ісі деген және де айтқан сөзін қайтып алса, хан баласына өкпе арт, салған жүкті тартбай тастаса, нар баласына өкпе арт деген,—дейді. Сонда Сырым айтқаны:

—Олай болса, бек қош, хан дегені болсын, орта көңіл толсын, екі жақсы бас қосып, бір орынға бір тілекпен қонсын,—дейді.

Ал енді сонан соң құдай десіп, құда болысып кетіпті, бұл құдалыққа үш жыл өтіпті. Бір күндерде ханның өзінен басқа адам келіп, қонып жайламайтын хан көлі дегенге Сырым мың жылқы, қырық үймен келіп, рұхсатсыз қонып алған. Хан естіп бір кісі жіберіпті. «Көк орай ғой, бұ қалай? Бидің есінде болсын»,—дейді, жіберген кісіге сонда Сырым айтқаны:

—Асыл, асыл,
Асыл болсаң, шыда,
Аяққа басыл.
Құдай дескен дос болсаң,
Жақсылығын асыр,
Жамандығын жасыр.
Екі жақсы бас қосса,
Ағынды дариядай тасыр.
Екі жақсы адасса,
Балықтай басынан сасыр.
Өзінен өзгені көрмесе,
Халқына пайда бермесе,
Ханды да қайғы басар.
Ханнан келді бір сәлем,
Алды-арты жоқ құр сәлем,
Бұған не деп айтсақ, жарасар.
Көк орайға шыққан көк шөп,
Ол шөптің иесі көп,
Сол көк орай шөпті тауысты.
Достының малын жеп,
Құдай дескен құдасына жіберіпті
Хан «сәлем» деп.
Түсінгенге бұл бір ғибрат,
Білмейтінге салған бұл бір еп.
Шын асыл болса, азбасын,
Боямалы асыл болмаса,
Айта бер ханға солай деп»,—
деген. Хан жіберген хабаршы Сырым сөзін ханға айтып барғанда, хан шалқасынан түсіпті. «Құда болмайым, енді болмаспын» деп шамданып, араздықтың басы сол болған дейді. Ал енді бұлардың арасына жүріп, ешкім келістіре алмайды. Бірнеше ай, жылдар өткен соң, Алтеке Үкі бидің дуасы болып, соған қырық үй тігіп, ең жақсысы қадірлі бір үй-ді, ал енді әр рудың басты қадірлі адамдарынан ғана үш-төрт адамнан кіргізіп, басшы адамдардың басын қосармыз депті. Солай еткен. Сол үйге жақсы адамдар, басшы адамдар кірген, ішінде Сырым да болған көрінеді.

Ал енді осы жиналыста «Хан мен Сырымды басын қосып келістірем, егерде бұл екеуін келістіре алмасам, адам болып атқа мінгенім құрысын»,—деп, Кердері Құнас деген отыз бір жасында тор жорға атына мініп, көп жиналған дуаға келіп, манағы жақсыларға тіккен үйдің сыртына келіп тұрғанда, ат ұстаушы жастарға айтқан: «Осы үйдегі жақсылардан, бастылардан тілейтін тілегім бар, сол тілегімді берсе түсемін, егерде тілегім берілмесе, қайтып барып үйіме түсермін. Игі жақсылардан арнайы келіп, осындай жиналыста сұраған тілекті алмасам өлген кісі болғаным»,—деген. Сол сөзді жігіттер үйдегі басты адамдарға айтқан. Құнас солай деп айтады деп. Сонда үйдегі жақсылар хош болады. «Келсін, тілегін береміз»,—депті. Құнас түсіпті, ал енді ақсақалдарға сәлем беріп кіріп болған соң, Құнастың айтқаны:

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз