Сырым батыр мен Нұралы хан (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
—Мына ұшып жүрген құс көлге қона ма, әлде көл құсқа қона ма?—депті. Сонда Тұрмағамбет би:
—Құс көлге қонады,—депті. Екінші сұрағы:
—Жалғыз атты жолаушы елге қона ма, әлде ел жолаушыға қона ма?—депті. Сонда Тұрмағамбет би:
—Жолаушы елге қонады,—депті. Үшінші сұрағы:
—Әйел келіп ерін алып кете ме, әлде ері келіп әйелін алып кете ме?—депті. Сонда Тұрмағамбет тұрып:
—Әй, Сырым, әкең жігіт болып, анаң қыз болып өскен жоқ па? Жігіт келіп қызды алып кетеді,—депті. Сонда Нұралы хан отырып:
—Әй, Сырым, тор төбелдің басын тарт!—деген дейді. Сонда Сырым тұрып:
—Тартсаң тарт, торысы менде, төбе төбелі сен!—деген көрінеді, содан соң Нұралы басқа сөзге келмейді. «Жек атты!» дейді де, жиналған қолмен аттанып кетіпті, сонда отырып Тұрмағамбет би:
—Кеше билігін беріп, бүгін кетіп қалғаны несі?—деп, қалған билер әңгіме еткен көрінеді. Сонда Сырым айтты дейді:
—Нұралының кетуі—жол, сендер Нұралыны маған жығып бердіңдер, сол себептен Нұралы кетіп отыр. Мен сендерден сұрағанда, Нұралының қолын алайын ба дегенім еді. «Ұшып жүрген құскөлге қона ма, әлде көл құсқа келіп қона ма?» дегенім, «мен Нұралының қолын алайын ба?» дегенім еді. Тұрмамбет тұрып «құс көлге қонады» дегені, «Нұралы келіп менің қолымды алуы керек» дегені еді. Оны сендер түсінбедіңдер, Нұралы түсініп кетіп қалды, дұрыс,—деді.
Содан отырған көп қалың тарады, жұрт тараған соң, Тұрмамбет жаңғыз кетіпті, сонда Нұралы кетіп баратып, Тұрмамбетке келіп:
—Тұреке, шақшаңды бер,—деп, насыбай сұрап атып, мынадай сұрау беріпті:
—Тұреке, мен біреудің ... сиям депті.
—Ой, Нұралым, айтып отырғаны отыз ұлың ғой, егерде қырық ұлдыға тап болсаң қайтесің? Болмаса бір тап болсаң, қайтесің?—депті Тұрмамбет. Сонда Нұралы:
—Тұреке, Есбикедей ескектей қалған екенсің,—депті. Соңда Тұрмамбет:
—Есбике деген—әйел аты. Сен әйелден де жаман болдың, өз еліңмен өзің шабысайын деп тұрсың,—депті. Содан Нұралы өзінің келе жатқан жолдастарына қарай жүре беріпті. Сол кеткеннен екеуінің араздығы күшейіп, содан Алдар биден ақыл сұрай келіпті.
—Мен мына Нұралыны шабайын деп едім, бірақ та ел Нұралының халқынан аз болып тұр, оның да көбі байлардың балалары, соны қалай аламын?—деп сұрапты. Соңда Алдар би:
—Нұралының тұрған жерінің бергі жағында Қарасу дейтін су бар, сол судың бер жағына өз әскерлерінің алдын апарып қойған шығар, халқыңның алды барып түскенше, олар еліне барып: «Сырымның адамына есеп жетпес, қолы қара суға келіп түсіп жатыр, әліміз келмес»,—деп хабарлар да, хан қашып, сол кезде артынан қуып айламен аларсың, үйтпесе әскерің аз, ала алмайсың,—депті.
Алдардың айтуындай, Сырым батыр Нұралы хан отырған жердің қасындағы Қарасудың бойына аз ғана қолын әкеліп, саймен қайырып, көпке дейін демала беріпті. Сырымның қара құрымдай қалың қолын көрген Нұралы хан қашып, хан қашқан соң қалған адамдары кешке қарай әр сайды тасалап, босып кетіпті. Сүйтіп Сырым Нұралы ханның ауылын өз адамымен осындай айламен шауып алыпты.