Исатайдың Жәңгір ханға қарсылық себебі (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Байұлы беріш руынан шыққан Исатай Тайманұлы Ағатай батыр нәсілінен Жәңгір ханға қарсылық себебінің көбі қайын атасы Қарауылқожаның елге берген жәбірінен туған. Жәңгір хан Қарауылқожаны теңіз еліне басшы қойған. Сол уақытта орда Қарауылқожа елге ықтиярсыз өкім етіп, ақысыз, пұлсыз қызметін еттіріп, пішенін шаптырып әм халықтың шапқан пішендерін ықтиярсыз арттырып алады. Екінші, үй басына салық салып екі сомнан ақша алады, старшыналардан алты сомнан алады. Үшінші, елден семіз жылқы сойған кісіден қазы, жал-жаясын жинатып алады. Оған халық еш нәрсе демейді. Жәңгір ханның қайын атасы болғандықтан қорқады. Соның ішінде Исатай Тайманұлы Қарауылқожаның бұл ісіне риза болмай, қарсы болады. Ханға: «Мына Қарауылқожаны бізден ал, әм мына алым-салықтарды алудан тоқтат!» деп неше рет арыз берсе де, хан тыңдамайды. Сонан Исатайға ақырында кісі жібереді де: «Ашуыңды бас, қолыңдағы халықты тарат, сонан кейін өзің мұнда кел, тілегіңнің орындалуы көтерсін»,—дейді. Оған Исатай әм басқа ерген старшыналар нанбайды, әм бармайды.
Қарауылқожаның салық әм жал-қазы жинайтын старшыналарын елден ұстап алып, Исатай қасына ерген адамдарымен сабап-сабап елден қайырады, еш нәрсе алдырмайды. Қарауылқожа ханға ат құрғатпай жамандап, қарсылығын айтып хабар беріп тұрады, ханнан Исатайға тез шара қолдануды талап етеді. Хан Жәңгір Исатайдың бұл көтерілісін орыс өкіметіне білдірмей, қай жолмен болса да өзі бітірмекші болады. Себебі, «орыс өкіметіне білдірсем, ордалық елдерді басқара алмағандығым білінеді, екінші жағынан, орыс отряды келсе, халықты бүлдіреді, халықтан қорыққаны болды».
Сонан хан Исатайды неше мәрте шақырса да, бармайды. Сөйтіп жүргенде, Исатай жігіттері «союға қой аламыз» деп Күшік Жапаров дегенмен шатасып, абайсыз өлтіріп алады. Оны Қарауылқожа ханға білдіреді де, мұнымен Исатайды айыпты етіп, орыспен ұстауға амал қолданып, Орынборға хабар береді, тергеуге кісі сұрайды. Орынбор губернаторы Ускавай старшина келді. Оған хан өзінің немере інісі Медет Шөкеновты қосады. Олар келгенше, Исатай он жеті кісімен Қандыағаштағы Жәңгір ханға жолығып, жүзбе-жүз арыздарды беріп, атвет алуға жүреді. Ханның аулына барғанша жолшыбай жұрт еріп, жүз кісі болады. Мұны хан Жәңгір біліп сасып, қорқып, алдынан Балпаң төре, Алаша Алтай Досмұхамбетовтерді жібереді: «еліне қайтсын, қолын таратсын, сонан соң мақсұтын алсын!» деп. Оған нанып Исатай кейін қайтады. Дегенмен қолын таратпайды. Сонан соң тергеуші келіп Күшік Жапаровтың ісін, оған қоса Исатайдың жүз кісімен ханның ауылына барғанын қылмысқа сайып, Исатайды шақырады. Оған Исатай бармайды. Барған жолдастары дұрыс жауап бермейді, сонымен олардан күдер үзген соң, өздеріне қас болған адамдардан өш алғысы келіп, елді жинай бастайды, халықты үгіттейді.
Исатай, Махамбет қол жинай береді, қастерін тіккен кісілерден өш алу мақсұтымен. Исатайдың жігіттері беріш Балқы бидің айғырын айдап алды. Енді Исатай отыз бес жігітімен Қарауылқожаның үш жүз қойын тартып айдап алды. Онан кейін «Қарауылқожаны жақтайсың» деп, беріш руының старшынасы Төлегеннің жүз алпыс жылқысын айдап алды. Екі жүз жетпіс кісімен Нарынның Теректі құмындағы Балқы бидің ауылын шауып, үй-мүлкін жиырма түйеге артып алды. Сол жылы Қарауылқожаны қайта шауып, бес жүздей ірі-қарасын әм елу кісісін ұстап алды. Әйтеуір Жәңгір ханды жақтаған билерді, байларды шабумен болды.