Исатай, Жәңгірдің жер таласы жайлы біраз сөз (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
...Күзде хан жәрмеңкесі ашылады, он-он бес күндік жәрмеңке созылады, халық көп жиналады. Бұл жәрмеңкеге Исатай, Махамбет те болады, бірнеше күн базарлап елге қайтады. Жол-жөнекей ағайыншылап Азғырдың сыртында Ешпе деген жерде отырған қалың Себек ауылына келді, бұл ауыл беріштің бір атасынан туыстары болып саналады.
Исатай, Махамбет сол ауылда екі-үш күн қонақтап, аттанады. Екеуі екі жолға түсіп өз бағыттарына айырылыс жасайды. Исатай жанында Тұлып деген бір туысы, қосшысы болады. Исатайдың артынан бір күннен кейін сол ауылға қасына бес-алты көк найза асынған салдаттары Қарауылқожа келеді.
Шыман деген түрік: «Сол Ешпені өмірлік менің пайдама шығарып бер, мен Ешпеге бау-бақша салып орман егіп құрық қылып, үй салып саяхат ететін өзімізге орын әзірлейін»,—деп арыз беріп сұрайды екен. Сол арыз жәрмеңке уағында қаралып, санаттар отырысыменен қаулы алынып, жер Шыманның пайдасына берілуге, ішінде отырған елді қырыққа жедел көшіруге, Сүйіндік деген шағылға қоныстандыруға қаулы алынады. Бір жетінің ішінде хан тәртібін орындауға Қарауылқожаға міндеттеуге болады деп бұйырады. Бұны Исатай сезбей қалады. Қарауылқожаның келу себебі осылай екен.
Қарауылқожа ауылға келіп, елді жинап, қолындағы әмірін жариялайды. Халық сасып не айтарын білмейді. Кіндік кесіп, кір жуған ата көлін тастап кету халыққа өте қиын келеді. Халық: «Жарайды, бір-екі күн жатып қонақ болыңыз, ақылдасып жауап берелік»,—дейді. Түнде үйге түсіріп, Исатайдың артынан қуғыншы жібереді.
Исатай таң намазына таһарат алуға далаға шығып тұрғанда, бір-екі атты келе жатады. Исатай:
—Қай баласың?—дейді.
—Ешпедегі Себек ауылының баласымын,—дейді бала.
—Иә, жай жүрмісің?
—Жай, кеше сіздің соңыңыздан ауылға Қарауылқожа келіп қырып-жойып «көшіңдер» деп жатыр. Ақсақалдар сасып қалып сізге жіберді, «қайтеміз» деп. Соған сізді шақыра келдім.
—Атаңа нәлет, қарашы істеп жүргенін. Анау менің атымды әкеліп ерттей ғой, мен намаз оқып шығайын деп үйге кіріп кетеді.
Исатай атына мініп тұрып: «Ал, балалар, сендер маған ілесе алмасаңдар, жайлап келерсіздер, мен ол төренің шайына жетермін»,—деп ақтабанменен жөнеле береді.
Қарауылқожа жаңа тұрып, тал түсте шайға отыра бергенде, Исатайды көріп, жетіп барады. Аман-сау айтысып болғасын:
—Иә, төре, елмісің, жаумысың, көк найзаң не?—дейді Исатай.
—Жау емеспін, елмін, хан бұйрығы бойынша жайшылықпенен елді түсіндіріп басқа жерге қоныстандырмақпын, мынау Ешпеге Шыман көк ала жай салып, орман тал орнатуға алатын болған екен, сол жайға жүрмін,—дейді Қарауылқожа. Исатай:
—Әй, атаңа нәлет, жау емеспін, елмін деп, бұл арада қандай елдік бар, қырық-елу үйдің ата көлдік жерін тартып алып, құрдай шұбыртпақшысың! Жан өзіңе керек болатын болса, шайыңды іште, қазір кет, ханыңа сәлем айт, менің көзім тірі тұрғанда ешкімге көзін алартпасын.