Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Махамбет пен Жәңгір хан

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Жәңгірдің алғашқы Исатай-Махамбет төремен тату кездерінде Махамбет пенен Бекмағамбетті сөзден жыға алмай жүреді, ханның қай билері болмасын бұлардың алдында қайбыртып сөйлей алмайтын болады.

Бір күні Жәңгірдің үйіне қайын атасы Қарауылқожа келеді.

—Шырағым, Жәңгіржан! Сен мына екі итті құтырттың ғой, не ойлап отырсың, қандай іс қаралса да, Махамбет пен Бекмағамбеттің сөзін қаулы-қараға аласың, басқамыз сөйлепсөйлеп босқа қаламыз, сонан бері тақ құтырды ғой,—дейді Қарауылқожа.

—Ойбай, ата! Ол екеуін сөзден жығамын деп жүргенде, олардан өзім жығылып қаламын. Олардың сөзін қаулыға алатыным рас, олар айтса, заңға сиыстырып айтады,—дейді Жәңгір.

—Жоқ, шырағым, «ханда қырық кісінің ақылы болады» деген, қалай да бір сөз табарсың,—дейді Қарауылқожа.

—Жақсы олай болса, кеше осында бір ала қоржын арқалаған қызылбас қомық жүр еді, соны тауып келтіріңіз,—дейді.

Келген соң қомыққа айтады:

—Ертең осы үйде жиылыс болады. Соңғы жағынан бір-екі адам келеді. Соның ішінде ақ қалпақ, қызыл мақбал ішік киген адам кіріп келгенде, ұшып тұрып мойнынан құшақтап: «Қайран бауырым-ай, сіз де осы үйге келеді деп күтіп отыр едім де». Мә саған, соның үшін!—деп бес сом қаржы береді хан.

Жиылыс болады, Бекмағамбет төрге барып, отырып қалады. Махамбет аяқ киімін шешіп кідіріп қалады. Уәде бойынша қомық ұшып тұра келіп, Махамбеттің мойынынан құшақтай алады: «Қайран бауырым, сіздердің осы үйге келетініңізді күтіп отыр едім!»—дейді.

—Иә, бұл Ордаға қаңғып кімдер келмеген? Қалмақ та, сарт та, ноғай қазақ та келген, келіп күнін көрген. Соның бірі болып сен де күніңді көрерсің, жіберіп-жібер,—дейді Махамбет.

Орнына барып отырып:

—Иә, шырағым-ай, жоқ болса кім жақсы, жүдеп қалған екенсің, кешегі бір күндерде сенде бір сарт пенен ноғай, қазақтардың ортасына отыруға жарайтын бала едің-ау! Шақыршы менің қойшымды, апаршы біздің үйге мына пақырды. Бәйбішеге айт мынаны киіндірсін жақсы етіп, содан соң маған жіберсін. Мен бұл пақырды баяғыдай сарт пенен қалмақтың арасына отырғызып төбесін көкке жеткізейін,—дейді Махамбет.

Жәңгір, Қарауылқожа, Шомбал би—бәрі жер шұқып отырып қалады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз