Әз Жәнібектің Жиренше мен Қарашашқа бала болғаны (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Япырмау, мұның жұмбағы не екен?—дегенде, шешен айтады:
—«Он бес лақ теке берсін» дегені—«он бес ешкіге жарайтын лақ теке күніңнен өттің, жиырма бес саулыққа жарайтын тоқты қошқардай күніңнен де өттің, отыз бес сиырға түсетін құнан-бұқадай күніңнен де өттің, қырық бес бие шығаратын бесті айғырдай күніңнен де өттің, елу бес түйені қайыртатын бурадай күніңнен де өттің. Алпысқа келдің, ат боласың, жетпіске келгенде атан боласың, он бес жасар мендей жас қызды қалай бойыңа лайықтап алмақшы боласың»,—деген жұмбақ еді. Оған түсіне алмай, елді соншалық әурелікке салғаныңызға ренжідім,—дейді. Сонда хан:
—Олай болса, менің ісім бекер болған екен. Елден жиналған теке, бура, бұқа, айғырларды тегіс иелеріне қайтарыңдар! Қыз мені кәрі дейтін болса, сол қызды өзің барып алғайсың,—деп хан райдан қайтыпты. Жиреншенің ақылды әйелі Қарашаш дейтін сұлу осы екен.
Қарашаш сұлу Жиреншеге келіншек болып түскеннен кейін хан өзіне тимей кеткен қызға құмар болып, Қарашашты көп торып, айналдыра беріпті. Не амал қылса да, Қарашаш ханның қолына түспей құтыла береді. Бір күні Қарашаш босанып, бір бала тапқанда, бір емшегінің сүтін бір қара тұлыпқа сауып жинай береді. Шешен:
—Қатын, сенің мынау сүтіңді жинай беруіңнің себебі не?—деп сұрағанда, әйелі:
—Осы алдымызда, аз күннің ішінде біздің елдің барлық еркек кіндігі бір жауға баруға тиіс. Бірақ жауға барған жерде, хан да, сіз де туларыңыз жығылып, қашарсыздар. Сонда сіз хан қалай қарай қашса, соңынан қалмай, қабаттаса қашыңыз. Былай ұзап шыққан соң, хан артына қарап сізді көрер және айтар: «Уа шешен, шөлдедім ғой, су табар жерің бар ма?» деп сұрар. Сонда сіз осы сүтті ханға жұтқызып жіберерсіз»,—дейді. Қарашаштың айтқанындай ұзамай үлкен жаугершілік болып, елде жан қалмай, соғысқа аттанады. Бірақ жолдары болмай, туы жығылып қашады. Хан мен шешен екеуден екеу елсізге шығып алған соң, Жиреншені көріп қуанып, су сұрағанда, шешен қойнындағы сақтаулы сүтті алып береді. Хан сүтті жұтып жіберіп:
—Япырай, шешен, менің шөлдегенім бе, мынау қалай тәтті сусын болды? Мұны қайдан таптың?—дегенде, шешен айтады:
—Не сусын екенін білмеймін, келініңіз осыны жинап, «хан шөлдейтін жер кез келсе, шөлдетпей осыны берерсің» деп беріп едің,—дейді. Сонда хан:
—Япырай, мынау анамның сүтінен соңғы аузыма татыған тәтті сусын болып еді, келіннің емшегінің сүті болмаса игі еді. Енді келін маған шеше болды, сен маған әке болдың. Менің ойымда кінә қылып ұстап жүрген үш өпкем бар еді. Енді соның бәрін тастадым,—дейді. Жиренше:
—Ол өкпең не?—деп сұрағанда, хан:
—Менің қуанышты көріп істеген үш тойыма келмедің,—дейді. Әз Жәнібек хан құсбегі адам екен. Тышқаннан басқаны алалмайтын жаман құладынды бабына келтіріп салып, көлден қаз ілдірген екен. Шауып келіп қазды ұстай бергенде, құладын қазды қоя береді. «Антұрған, атасыз итке ұқсап мені алдап қоя беріп, қазды алдап қар көттік қылды, құйрығы бүлкілдеп тұр» деп көтінің аузын кесіп тастап, қайтарып әкеп салып, аққу алғызады екен. Жиренше ханның осы қуаныш үстінде жасалған тойына бармайды екен. Бұл бір тойы еді. Сонда Жиренше:
—Иә, рас, тақсыр, ол тойыңызға бармадым. Себебі жаман ырым көрсеттіңіз. Құладын құстың азғыны еді, қу құстың төресі еді, оған қуануға рет жоқ еді,—дейді. Сонда хан:
—Екінші рет тоқал алып той қылдым, оған неге келмедің?—дегенде, шешен:
—Оған да барғаным жоқ, себебі қатының бір надан байдың қызы еді. Сен қызды ала барғанда «Құдай қолымды жеткізді» деп ол байдың шабылып той қылатын жөні бар еді. Олай болмады. Ақырында тоқалыңды алып келіп, өз бағыңнан қатынның бағын зорайтып той қылғаныңа қарным ашты,—депті.
Сонда әз Жәнібек өзінің бір үйшісіне он екі қақпалы үй салғызып, той қылғанын айтып:
—Бұған неге келмедің?—дегенде, Жиренше:
—Әуелі ел-жұртыңның қамын ойлап, рабат салдырмай, өз басыңның қамын жеп, он екі қақпалы үй салдырғаныңа көңілім тоймады, тойыңа сол себепті бармадым,—депті.