Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Шежіренің һәм елдің айтуынша, қазақтың әуелгі ханы Алаша хан деген болған екен. Түркі халқының бәрі де өздерін өзінің батырларының, не хандарының есімімен атамақ рәсім екен. Сол себепті қазақтар өзін «Алаш» деп, яки «Алаштың халқы» деп атаған. Мұны қазақтың мақалы да көрсетіп тұрады. Мәселен: «Алаш алаш болғалы, Алаша хан болғалы» деген қазақтың мақалы бар. Қазақтар һәм қайсы бір Сібірдегі ноғай халықтары «Алаштың азаматымыз» деп айтады өзін-өзі. Бұл сөздерге қарағанда бір күндерде қайсы бір ноғай халқы һәм қазақ халқы бір хан болып тұрған деп ойлауға мүмкін. Қиыншылық болған уақытта қазақ һәм ноғайлар бір-біріне айтады «Алаштың азаматы емеспіз бе!» деп. Алаша ханның кім екенін, оның қайдан шыққанын мынадай қылып айтады:

Алаша хан Бұхар ханының баласы екен. Бұхар ханының баласы әлденеше екен. Хандық орынды жалғыз-ақ үлкен баласына береді екен де, өзгелеріне бір-бір облыс қана билеп тұруға қалдырады екен. Алаша кенжелерінің бірі болып мінезі бұзық, өзі күшті жарадкер ер туған. Бір шаһарға бас болып тұрғысы келмей, толық хан болғысы келіп, Бұхарда толық хан бола алмайтын болған соң, өзге жерден хандық іздеуді ойлап, бөтен жаққа баруға әкесінен сұрады. Әкесі оған рұқсат қыла қоймады. Анау ыңғайы келген жерде сұрай берді. Ақырында әкесі қасына қол жиып алып, бөтен жақтан өзіне бақ іздеуіне рұқсат берді. Алаша ханға көп ерлер жиылды. Осы әскеріменен Алаша хан жүріп кетіп, көп жерлер аралап жүріп, нешелер мехнат көріп кезіп жүріп-жүріп, Алаша хан қазақ ішіне келген екен. Бұлар көп құрмет тұтып, көп меймандостық көрсетіпті. Қазақ халқы өзіне ұнаған соң, Алаша хан мұнда қалған. Қазақ сол уақытта көшпелі екен. Жан-жағындағы көршілес халқыменен өштес, атыс-шабыс бола береді екен. Ер, өзі шешен, зейінді адамды өздеріне бастық қылып қойып, қазақтар соның айтқанына ұйиды екен. Біраздан кейін Алаша хан ерлігін де, шешендігін де, зейіні барлығын да көрсетті. Қазақтар мұны құрметтей бастады һәм кешікпей-ақ өзін қол басы қылды. Өзінің қолыменен Алаша хан әр қайда жауды жеңе берген. Әрі-беріден соң өзін қазақтар хан қойған. Алаша ханның аты өзге екен. «Алаша хан» деп қазақтардың қойған аты, себебі өзі ала киімге әуес екен. Мүлде ала киім киеді екен.

Және де Алаша ханды бір түрлі қылып айтады. Бұл айтқанында да оны «Бұхар ханының баласы еді» дейді. Алаша хан жасында алапес болған соң өзіне жүз кісі нөкер беріп, шаһардан қуып жіберген екен: «алапесің жазылғанша мұнда келме» деп. Неше жерді аралап, аяғында қазақ жеріне келген екен. Оны мұнда бек құрмет көрсетіп, қонақ қылыпты. Сонан кейін қазақ арасында тұрып қала беріпті. Біразда-ақ қазақтар ол ақылды ер болған соң, өзін жақсы көріп, хан қойыпты. Алаша хан өзі мықты, ер хан болыпты. Оның уақытында қазақ айналасындағы жауларының бәрін жеңісіпті, жалғыз атын айтса, дірілдеп қорқатын етіп. Қазақ ханының ерлігі, күштілігінің даңқы алысқа кетті. Мұны Алаша ханның әкесі Бұхар ханы да естіді. Әкесі баласының мұндай болғанына қуаныш қылып, көруге құштар болып, мынау деген жігіттен жүз жігіт жіберді: «Барып Алаша ханды тауып, Бұхарға шақырып кел»,—деп. Онан-мұнан сұрап, Алаша ханды іздеп жүріп, ақырында тауып, әкесінің хатын беріпті. Бұл хатта әкесі өзінің сағынғанын айтып, кел деп шақырған екен. Алаша хан «барамын» деп айтса да, жүре қоймады. Өзін іздеп келген жүз жігіт Алашаның құрмет қылып сылағанына бек шат болып жата берді. Ақырында мүлде сонда тұрып қалды. Ол кезде Бұхар ханы бұлардан ешбір хабар таппай, тағы бір жүз жігіт іздеуге жіберді. Бұлар да келіп іздеп тауып шақырып еді, Алаша хан онда да бармай қалды. Келген екінші жүз кісі де мұнда тұрып қала берді. Алаша хан өлгеннен кейін қазақ үшке бөлінді. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз болып, әлгі оны іздеп келген жүз жігіттің әрқайсысы бір ру ел болды. Бұрын келген жүз жігіт Ұлы жүз аталған. Онан соң келгені Орта жүз аталған, онан соңғы келгені Кіші жүз аталған.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз