Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Және үшінші түр қылып айтады: Алаша хан Бұхар ханының баласы еді. Бұхар ханы солтүстік жақтағы халыққа аттанып, көп хандарды орнынан тайдырып, неше елді өзіне қаратып, оларға хан қылып өзінің жақын ағасын, інісін, баласын қойған еді. Сонда қазақ халқына хан қылып өзінің баласы Алаша ханды қойған екен. Қазақтан ықтиярсыз, зорлықпен хан болған себепті Алаша хан қорқып, өзіне Бұхарадан һәм өзге жерден жалдап көп нөкерлер ұстапты. Сол көп әскері болған себепті қазаққа хан болып, халықты жөнге салып ұстап тұрыпты дейді. Қазақ халқы да Алаша ханды өзі ер, әділ, ақылды болған соң жақсы көріпті. Және ол хан болып тұрған уақытта қазақтар айналасындағы жауласқан халқын жеңіп тұрыпты, һәм қайсы біреулерін өзіне қаратыпты.
Алаша ханның жалғыз Жошы деген баласы бар екен. Өзі жасынан-ақ мінезі қаттылығын, ерлігін, қуатын, қисық мінездігін көрсете бастапты.
Хан баласының мұндайлығына разы болып ойлайды екен: «балам менің орнымды басуға тұратын» деп. Жошы ханды әкесі де һәм қазақ халқы да еркелетіп, күтіп өстірді. Баланың не қыламын дегенін ешкім қақпай, қазір даяр қылып тұрды. Кішкентай ашуланса, айналасындағы адамдардың бәрі қорқып, дірілдеп тұрушы еді. Бәрі де Жошы ханның айтқанын қылып, оған жағуға жаһат қылатын еді. Жошы өскен соң әкесі өзінің не қыламын деген ықтиярына жіберіпті. Өзі теңдес жастарды қасына жиып алып, ойын-күлкі сауықпен жүріпті. Үлкен жиын той қылып, ел жиып, ат шаптырып, балуан тұрғызып, мылтық атып ойын қылар еді. Тойға келген халықтар күні-түні ойын-күлкіге батар еді балуандардың күресін көріп. Сонда Жошы ханға ешкім не күреске, не ат үстіне, не мергендікке шақ келмес еді.
Алаша хан баласына қарап қуанады екен. Әрбір сондай тойдан кейін қасына теңдестіріп алып Алаша хан аңға шығар еді. Сонда аңның қызығына түсіп кетіп, Бетпақ далада неше жұмадай жоғалып кетер еді. Ол кезде Бетпақ далада құлан, киік һәм өзге аңдар көп екен. Алаша хан баласының нөкерлеріне қатты бұйрық береді екен: «Жошы ханның қуғында қасынан қалмай, күтіп жүріңдер, жазым болмасын. Егерде бір жаманшылық бола қалса, бәріңе де жаман болады. Кім «балаң жазым боды» деп айтса, соның аузына еріткен қорғасын құямын»,—деп.
Жошы хан аңды көп алған сайын қызыға берді. Бір күні бір аңды қуып жолдастарынан көп озып кетті. Алдындағы қуып келе жатқан құланы бір үйір құланға қосылып кетті. Жошы хан топ құланға садақ атып еді, олар қашпады, қайта өзіне ұмтылып, басып-жаншып, тістеп, өлтіріп кетіпті. Жалғыз бір шынашағы сау қалыпты. Өзгесін аң жеп кетіпті. Жошы ханның жолдастары артынан ізіменен келіп сүйегін жинаған екен, жалғыз шынашағынан басқасын таба алмапты. Бұл шынашақты бір жібек бұйымға орап алып, нөкерлері елге келіп, ешқайсысы Алаша ханға айтуға батпапты. Сол уақытта Кетбұға деген Алаша ханның жақсы көретін ақыны бар екен, қарт екен. Алаша хан бос уақытта оған өлең айтқызып, естіп отырады екен. Кетбұға Жошы ханның өлгенін есіттірмекші болды. Домбырасын алып сұраусыз ханның үйіне кіріп келіп айтты:
—Құдай тағаланың рахметі жаусын саған, һәм сенің қол астыңдағы барлық жанға, бұлардың тыныштығын тілеймін!—дейді.
—Саған не керек?—деп бұдан Алаша хан сұрады.
—Тақсыр хан, сенің қуанышың—менің қуанышым, сенің қайғың—менің қайғым,—деді Кетбұға.
—Мен бүгін бір жаман түс көрдім. Менің қайғым қатты, жүрегім жарылып бара жатыр. Сол себепті үйіңе рұқсатсыз кіріп келдім жалғыз-ақ саған басқа түскен қайғымды айтуға. Басыма не қайғы түскенін айтпаймын, бұл турадан менің домбырам айтсын,—деді Кетбұға.