Данышпан Аяз (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Жәнібек хан бір күні халықтың бір үлкен жиылысында сауал қылыпты: «Ең жаман адам кім? Ең жаман һәм ең жақсы жер қайсы? Ең жаман қандай шөп? Ең жаман қандай құс?» Халық көп кеңесіп, бәрін де шешті. Бірақ басқы сауалына жауап бере алмады. «Ең жақсы жер де, ең жаман жер де—базар. Базардан кісі бай да, құры да шығады. Екеуі бірдей болады,—дейді халық,—Ең жаман шөп жеуге де, отынға да жарамайтын қоға»,—деген халық үшінші сауалына. «Құстың жаманы—көкек, себебі өзі ұя салмайды һәм баласын өзі асырамайды»,—десті. «Қандай адам жаман?» деген сөзге әр қайсысы әртүрлі айтып, ешбіреуі таба алмады. Біреуі «адамның жаманы ақсақ» дейді, екіншісі «соқыр» дейді. Һәм әрқайсысы әртүрлі кем-кетік адамдарды айтқан. Халық көп таласты бұл турадан. Таластың ақырына жететін көрінбеді. Сол уақытта көптің ішінен бір үсті-басы кір, жыртық Аяз деген қайыршы шығып, Жәнібек ханға айтты:
—Ұлық алдияр, ханым! Күн көктен елдің бәріне қандай нұрын түсіріп жатса, сіздің әділшілігіңіз де сондай болып тұр өз қол астыңыздағы халқыңызға. Мен бейшара құлыңызға ұлықсат қылыңыз халыққа берген сауалыңызға жауап айтуға. Ханның құлағы өзіне қараған жұрттың сөзін есітуге ғашық болса керек:
—Айт сөзіңді, Аяз,—дейді хан.
—Мен айтсам, ең жаман адамды ақсақ, соқыр, кемкетіктің ішінен таба алмаймыз. Сіздің патшалығыңыздағы халықтың ішінде олар ең пайдалы адамдар болуға да мүмкін. Ақсақ, соқыр болғанына олар жазалы емес. Үлкен патшалық жұртыңыздағы ең жаман адам—менмін.
—Ол не себептен? Мәнісін айт!—дейді хан бұған таң қалып, сонда Аяз айтты:
—Мен кедейлікте туған едім, жоқтықта өстім. Ер жеткен соң жұмыскер болып, әуелгі кезде өзіме тамақ, киім түгіл, ақша да тапқан едім, артынан біраздан соң жалғыз-ақ өзіме тамақ табуға шамам келмей, қайыршы болдым. Бұған да жарамадым, биттеген, құрттаған, далба-дұлба болып үсті-басым. Қаңғырдым, дүние жүзінде ешбір тоқтауға панам болмады. Міне, ешкімге керексіз, дәнемеге жарамайтын, залалдан басқа пайдам жоқ менен жаман адам болмас.
Айналадағылар сөзін қойып, үндемей тұрды. Хан ойлаған:
—Сен бүтін ел таппағанды шештің, сол үшін сені мен өзіме уәзір қыламын,—дейді хан. Халық бұған таң қалды, әсіресе ханға жақын ұлықтар көре алмады, ең жаман Аязды бәрінің алды қылғанға. Бір жылдай өткен. Аяз ханға уәзір болған соң, үлкен ақыл, һәм білім көрсетті. Хан Аяздың тілін алып жақсы көрген. Халыққа әртүрлі кәсіп ашып, жаңадан халыққа тиісті түр шығарған. Халық жылдан жылға байып, әділдік тапқан һәм ханға жұрт мұндай данышпан әділдік қылығына бек разы болып рахмет айтысты. Уәзір күннен күнге жаһат етіп, жұрт оны күн сайын жақсы көрді. Бірақ ханға таяу адамдар көре алмады, өшікті Аязға. Ешбір талапсыз, білімсіз ханның бұрынғы адамдары өз білімімен жол тапқан Аязға қастық қыла бастады. Аязды жамандап, қылмағанын қылды деп ғайбаттады. Ақырында ханды нандырды, өз тілін алғызып, айтқанын қылғызып істі өз қолына алып, өзі хан болғалы жүр деп. Хан көпке шейін нанбады, ақырында нанып Аязды түсірді орнынан, өзінің бір сенімді адамынан айрылғанын білсе де.