Ағыбай мен Наурызбай (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Бір күні Кенесары ордасында батыр, билер басын қосып, біздің заманымызда асқан батыр кім деген әңгіме болып, «Ағыбайдан асқан ер жоқ»,—деп Кенесары өзі бас болып, барлығы да Ағыбайды мақтай беріпті.
Осы әңгімені әлі атқа мініп жорыққа араласпаған он бес жасар Наурызбай босағада түсі бұзылып, сұп-сұр болып тыңдап отырыпты. Сол түні Ағыбай жылқыны қарауылдауға кетіпті. Ай көтеріліп, түн ортасы ауған кезде жарық ай сәулесінің астымен ақбоз атқа мінген біреу ағызып келіп, Ағыбайға тап береді. Ағыбай көп уақыттан соң есін жияды. Аты жанында тұр. Найзасы жоқ. «Жылқыны түгел айдап кетті ғой» деп қауіп қылып түгендесе, бәрі де аман. Өмірі жаудан беті қайтпаған Ағыбай намыстанып, қатты жүдеп үйіне келсе, найзасы өз үйінің алдында шаншулы тұр.
Кенесарыға айтса да, ұят, айтпаса да, ұят. Ордада түсі қашып, еңсесі түсіп отырғанын Кенесары көріп:
—Батырым, немене сырқат емеспісің, өңің келіспейді ғой, —дегенде, Ағыбай өзінің түнде басынан кешенін айтады:
—Жын ба, періме, не екенін білмеймін, бұл жүдетерлік қылық емес пе?—дейді. Сонда Кенесары саспастан, жайыменен отырып:
—Ойнап жүрген біздің Науанжан шығар.
Кенесары хан болып, Ағыбай қол бастап тұрғаннан кейін Кенесарының інісі Наурызбай он алты жасқа келген соң, сегіз канат орда тігіп, отау үй шығады. Кенесары Ағыбайды шакырып: «Науанжанға қырық жігіт бөлдім, басы-қасына сені бердім, сені Құдайға тапсырдым, Науанды саған тапсырдым»,— дейді. Сонымен Ағыбай мен Наурызбай қырық жігітпен сейіл құрып жүре берді. «Наурызбайдың сол жылы бір кереметін көрдім,—дейді екен Ағыбай,—қырық жігіт сейілде жүріп, бір бұлаққа келіп, атты қоя беріп, ойнап-күліп жатыр еді. Ер-тоқым бір жерде, сауыт-сайман бір жерде, түгел шешініп ұйықтап жатқанбыз. Атымыз шідерлеулі. Бір мезгілде қарауылшы: «Жау келіп қалды!»—деді. Жаппай атқа міндік. Жау көп екен, қаша ұрыс салып, дөңнен асқан кезде Наурызбайдың бейқам жатқаны ойыма түсіп, жаңағы жерге қайта шапсам, Наурызбай қалай ат ерттеп, қалай киінгенін білмедім, жаумен сабаласып жүр екен. Найзағайдай жылдам. Наурызбайдың осындай ғажабын көрдім»,—дейді.
Осыдан соң Наурызбай бір күні: «Ағыке, Кіші жүздің Алшын елінде жігіт сынайтын қария бар дейді, мені соған апарып сынат»,—дейді. Бұл Абыз деген көп жасаған дана адам екен, оны Кенесары батыр да біледі екен. Қасына жолдас алып, Наурызбай мен батыр соған барады. Барса, қария мамық төсекте жатыр екен. Бұлар сәлемдескен соң бүркеніп жатып қалады. Жағын торғынмен таңып қойыпты. Өйтпесе, иегі төмен түсіп кетіп, сөйлей алмайды екен. Бұлар қонып шығады, ертеңінде түске дейін, одан соң бесінге дейін қария тұрмайды. Ағыбай батыр:
—Науанжан, бұл кісі сені сынамайтын болды, қайтайық,— деді. Наурызбай:
—Жоқ, бұл кісі ажалың ертең кешке десе де, сынатпай кетпеймін»,—деп отырып алады. Бұл сөзді естіп жатқан қария басын көтеріп:
—Жол болсын, балалар!—дейді. Сонда Ағыбай батыр тұрып:
—Қария, мына бала Қасымның кенжесі, Кене ханның інісі—Наурызбай деген. Сізге көрінемін,—деп келіп еді. Балаға не айтасыз? Мен шұбыртпалы Ағыбай деген боламын, шаруа осы,—дейді. Сол кезде Абыз:
—Я, Ағыбайым, сенің ұраның артыңда қалады, өз ұраныңды өзің естірсің, бағыңның тобы желкеңде екен. Наурызбай, менің жасым жүз жиырмаға келіп отыр, осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің. Бірақ адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен, ғұмырың қысқа, жиырма-жиырма бестен аспассың, дүниеден арманда қалма!—дейді. Наурызбайдың көңілі бұл сөзден соң пәс боп қалды дейді. Сонымен бұлар ауылына қайтып келсе, Кене хан ауыл сыртында отыр екен. Наурызбай өзінің майхана ордасына тіке тартыпты. Ағыбай Кенесарыға келіп: