Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ағыбай батырдың бір жорығы (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

—Келдің бе?—деп анау да ұшып тұра келіп, алыса кетіпті де, мына келген адамды алып соғыпты да, үстіне аттай мініп алып:

—Өлер жерің осы шығар!—деп қанжарын ала бастағанда, астында жатып:

—Ай, сен, тоқта! Өлген Абылайдың туын ұстаған ақ жолды Ағыбай менмін,—дегенде, ана үстіндегі адам: «А... а», деп қанжары қолында, ұшып тұра келіп:

—Япырм-ай, сіз Ағыбайсыз ба? Кешіріңіз! Сізді білмей, мына дұшпаныма қайрат еттім, кешіріңіз?!—деп анадай жерге барып тұрыпты.

Мана Ағыбайдың асын ішіп, артынан келгенде, жөнін айтпай, шоқпарын қағып жіберген енді мына жігіттің астына түсіп жатқан адам: «Япырм-ай, Ақ жолды Ағыбай сіз бе?»—деп орнынан тұрып, Ағыбайдың қолын алып, кешірім сұрапты.

Ағыбай аң-таң болып тұрып, екеуінің тұрған қалпында жөнін сұрапты. Сонда манағы адам айтыпты:

—Мен—мына Адай деген елмін. Өмірімде мына түркіменмен жауласып келе жатыр едім. Өзім елде жоқта «мына жауым елімді шауып, қосымды жығып, тобымды қуып кетті» деп естіп, мұны қуамын деп, қарт анам бар еді, келіп батасын алғанымда: «Балам жолың болсын! Осы жолыңда, ақ тулы Абылайдың туын ұстаған ақ жолды Ағыбай жолдас болсын!»—деп батасын бергенде, денем тітіркеніп, маңдайымнан терім шықты да, жүріп кеттім.

Сонда әлгі жылқы айдап дем алған жігіт айтыпты:

—Менің елім—түрікмендік, өзім—түрікменнің батырымын. Қазақ ішінде адай елі түркімен елінің дұшпаны. Елімізді бірнеше шауып, мазасын алып, малын қуып, айдап кетіп жүрген осы мына тұрған қазақ неше айқаста бір кездеспей жүруші еді. Бүгін қолыма түсіп еді. Сіз шын Ағыбай болсаңыз керек, денем тітіреніп, жүрегім лобылып, мына дұшпанымның үстінен қалай тұрғанымды білмей қалдым. Ал, Ағыбай батыр, сіздің алдыңызда «Батыр ағай» деген еліміздің мақалы бар ғой, «ғафу етіңіз» деп төмен иіліп, кішілік етті де: «Осы олжам сіздікі»,—деді.

Ағыбай бұларға сыр білдірмеді. Екеуін екі жағына отырғызып, өткендердің өнегелі сөзін айтып: «Екеуің екі елдің батыры екенсіңдер. Бүйтіп жауласа бермей, тату болыңдар»,—депті.

Екі батыр қол алысып, құшақтасып, төстерін тақасып: «Дос болдық»,—депті.

Сол жерде үш батыр қоштасып, айырылмақшы болыпты. Түрікмен батыры еліне қайтпақшы болған соң, манағы айдаған жылқыны үшке бөліп, бір бөлігін беріпті, түрікмен жігіті Ағыбайға астындағы атын мінгізіпті.

Түрікмен жігітін шығарып салған соң, елге таман беттеп, екі батыр айырылмақшы болыпты. Сонда манағы адай батыры айтыпты:

—Уа, Ағыбай! «Биік таудың қасына барма» деген бар еді. Алашқа атағың шыққан әруағың болмаса, батырлық аңғал мінезің болмаса, күнің жұрт мақтарлық емес екен. Енді түрікмен батырынан ат алдың. Менен мына жылқының бәрін ал. Менің олжам аз емес: бірінші, ажалдан жаным қалды; екінші, ата жауымен қол алысып, дос болдым; үшінші, «өмірімде бір көрсем» деп жүруші едім. Міне, тар жерде кездесіп, шарапатың тиді. Халық аузында «Ақ жолды Ағыбай» деген атақ тауып қойылған екен, әруағыңнан айналайын!—депті.

Ағыбай ол адамға разы болып, оның еліне келіп, көп олжамен еліне қайтыпты.

Атақты Наурызбайдың Ақауыз аты сол түрікмен батырының Ағыбайға берген аты еді дейді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз