Ағыбай мен Наурызбай (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Алдияр, тақсыр!?—деп сәлем берді.
—Иә, көсе, Абыз Науанжан қалай?—деп сұрайды Кенесары. Сонда Ағыбай батыр:
—Науанжанға жігіттің сырттаны екенсің, сенен артық жігіт көрмедік жүз жиырма жастың ішінде деді,—деп, басқасын айтпайды. Сонда Кенесары отырып:
—Көсе, Абыз білмейді дейсің бе, бірақ айтпаған ғой. Атам— Абылайдың түсі есіңде ме?—дейді. Онысы бірде Абылай түс көріпті: астында жалын құйрық жирен аты бар келе жатса, бір жолбарыс қашады, түлкінің ішін жарған екен, бақа-шаян аяғынан басына дейін қаптап кетеді. Осыдан соң: «Менің артым көптің бірі болып кетеді ғой»,—деген екен. Осы түсті есіне алған Кенесары: «Менің Сыздығымнан кейін солай боламыз ғой»,—дейді.
—Осыған орай мен де бір түс көрдім,—деп Кенесары сөзін жалғайды. Түсімде Көсе, сен екеуміз арқаласпақ ойнадық, қайсымыздың бағымыз жеңер екен деймін. Әуелі кім арқалайды десем, «Сіз—ел ағасы хансыз, сіз арқалаңыз»,—дейсің. Мен сені арқаламай, алдыммен көтерем, кезек саған келгенде, мені сен қаптағы тезекше иіріп арқаңа салып алдың, мен үш жүзге хан болсам да, Орта жүзге хан атым бар ғой, сенің бағың артыңда қалды. Сенде мыңбасы адамсың, алдыммен көтеруім: біздің бағымыз маңдайымызда, артымызда қалатын бақ жоқ, өзімізбен бірге кетеді, болмаса, сені мен де арқама салып алмас па едім,—деген екен. Кенесарының айтқаны келді, оны Ағыбай өз құлағымен естіп, көзімен көрді.
Бұдан соң Кіші жүзге тоқсан адаммен Наурызбай барған бір жорықта Төлегенұлы Жанғабыл бұларды айламен қырып салады. Жанғабылдың көздегені Наурызбайды өлтіру еді. Түн ішінде жалаңаш-жалпы ұрыс болып, Ағыбай батыр қайрат көрсетіп, Наурызбайды аман алып шығады.
Қырғызбен соғыста Наурызбайдың астындағы Ақауыз атқа оқ тиіп, Наурызбай жаяу қалып, Кертайлақ деген ат шабысқа жарамай, қырғыздар қалай болғанда Наурызбайды қолға түсіруге қамағанда, Меңдібай, Дулат, Ағыбай, Бұқарбай, Қошқарбай, Шәкір, Жәуке, Толыбай, Нысанбай тағы басқа батырлар жаудың қоршауында тұрып кеңес құрады.
Ағыбай, Жәуке мен Толыбай тауға көтеріліп, жаудың салған қамалын, оған қосылған он екі мың дулатты көреді. Арқаның сайдағы шұңқырына дейін білетін Ағыбай батырға Алатау бір жұмбақ болатын. Ағыбай шымыр Байұзақ пен дулат Байсейітке сенуші еді. Жолбасшы Бұғыбайға сенген Кенесары өзі қолға түседі. Орыс пен қырғызға дәрмені болмайтынына көзі жеткен Ағыбай сол жерде Наурызбайға былай деді:
—Айналайын, Науанжан,
Ақылға дарқан зерегім,
Салса да тастан қайтпайтын
Жетесі құрыш беренім!
Бақытың баста жүргенде,
Асқар таумен тең едің.
Неше күндей ізденіп,
Білмедім Кене ханның дерегін.
Айналайын, сұлтаным,
Жолдас болып жасымнан,
Көзімнің майын жеп едім.
Хақ ісіне амал жоқ,
«Қазам жетіп өлгенше,
Айрылмаспын», деп едім.
Алатауға барғанда,
Жер шаршысын көздедім.
«Көмек қылған көп дулат
Қайда екен» деп іздедім.
«Байұзақ барда дулаттың
Тілегі бөтен болмас», деп,
Күдерімді үзбедім.
Дулаттан тағы түңілдім,
Көрген соң анық көзбенен.
Қалмастан тегіс кетіпті,
Байқадым оны ізбенен.
Қоқиланған қырғыздан
Дулат қылған қауіпті.
Айналайын, Науанжан,
Дулаттың беті ауыпты
Орыс пенен Қоқанға,
Құл болып ұран беруге.
Дулатың жөнін тауыпты.
Сонда Наурызбай қайраттанып:
—Не де болса, қалған үш жүз қолмен қоршауды бұзып, Кене ханды құтқарайық,—деді. Ағыбай батыр:
—Науанжан, жау Кенені өлтірмес, құрылған қақпаннан аулақ болайық, аз ғана күшімізді жиып, қоршаудан шығып, қырғызға елшіні жіберейік. Олай болмаса, жаудың зеңбірегінен қанымыз төгіледі. Әркім бет-бетімен қашады, «тұрымтай тұсына, балапан басына»,—дейді. Науан:
—Ей, Ағыке,—деп жылап тұрып айтыпты,—бұрынғының сөзі бар ғой: «Екі қатынның баласы—екі ру ел» деген. Мен Кене ағамды не жаудан арашалап алайын, не бірге өлейін, елдің өсегінен қашып,—деп, Наурызбай есіл ерлермен қоштасып, Кене хан тұтқынға түскен жерге бет алды. Ағыбай бастаған үш жүздей батыр қоршаған қамалды бұзып, көбі мерт болып, сексен батыр зор ерлік көрсетіп: «Абылайлап!» жеті қабат Алатауды айналған жауды жарып өтеді.