Бақытжамал Лаханова1 · Динара Жанузакова2
1 ҚазҰҚПУ, Оқытушы · 2 ҚазҰҚПУ, Математика кафедрасының меңгерушісі
Сексен жылдан астам тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бүгінде ұлттық білім беру дәстүрін әлемдік ғылымның озық жетістіктерімен сабақтастырып, халықаралық білім кеңістігіндегі орнын нығайтып келеді.
Ұлттың болашағы – білімді ұрпақтың, ал білімді ұрпақ білікті ұстаздың қолында. Осы тұрғыдан алғанда, педагог даярлайтын жоғары оқу орындарының қоғам алдындағы жауапкершілігі айрықша.
1944 жылдың 15 тамызында қазақ қыздарының білім алуына жол ашу мақсатында құрылған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – талай буынның тағдырына жол сілтеген, ел ағарту ісіне өлшеусіз үлес қосқан іргелі білім ордасы. Сексен жылдан астам уақыт ішінде университет ұлттық педагогиканың қалыптасуы мен дамуына үлес қосып, өзіндік ғылыми және білім беру мектебін қалыптастырды. Бүгінде осы тарихи миссия жаңа мазмұнмен толығып, заман талабына сай жалғасын табуда.
Білімге ұмтылыс – болашаққа сенім
Жоғары оқу орнының беделі, ең алдымен, жастардың таңдауынан көрінеді. 2026 жылы университеттің бакалавриат бағдарламаларына 4 921 студент қабылданса, олардың 3 819-ы мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды.
Биыл университет табалдырығын аттаған жастардың 730-ы – «Алтын белгі», 815-і – үздік аттестат иегері. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуден 120-дан жоғары балл жинаған 418 талапкер өз таңдауын Қыздар университетіне жасады.
Бұл – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Бұл – жас ұрпақтың педагог мамандығына деген қызығушылығының, университеттің білім беру сапасына деген сенімінің айқын көрінісі. Елдің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастардың бір шаңырақ астында тоғысуы білім ордасының зияткерлік әлеуетін арттыра түсуде.
Ұлттық беделден халықаралық биікке
Бүгінде университеттің жетістіктері ұлттық және халықаралық рейтингтерде де көрініс табуда. Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігінің (IAAR) 2025 жылғы ұлттық рейтингінде Қыздар университеті еліміздің үздік жоғары оқу орындары арасында жетінші орынға ие болды.
2026 жылғы 3 қарашада жарияланған QS Asia University Rankings 2027 халықаралық рейтингіне Азияның 26 елі мен аумағынан 1 722 университет, оның ішінде Қазақстанның 51 жоғары оқу орны енді. Қыздар университеті аталған рейтингте 791-800 орындар аралығына көтеріліп, алдыңғы көрсеткішін жақсартты. Сонымен қатар Орталық Азия университеттері арасында 59-орыннан 54-орынға жоғарылады.
Бұл нәтижелер – білім беру сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетті дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі.
Білімнің көкжиегі кеңейген шақ
Қазіргі заманның педагогі ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктерін меңгерумен қатар, әлемдік тәжірибені де игеруі тиіс. Осы бағытта университет халықаралық академиялық байланыстарды нығайтып, студенттердің шетелде білім алуына кең мүмкіндік ұсынып келеді.
2026-2027 оқу жылының күзгі семестрінде университеттің 193 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польша, Қытай, Латвия, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстанның жоғары оқу орындарында білім алуда.
Шетелдік білім беру ортасында тәжірибе жинақтау – болашақ педагогтердің кәсіби дүниетанымын кеңейтіп, тілдік құзыреттілігін жетілдіруге, озық оқыту әдістерін меңгеруге берілген мүмкіндік. Бүгін әлемдік тәжірибемен сусындаған жас маман ертең отандық білім беру жүйесіне жаңашылдық әкеледі.
Ғылым мен инновация – дамудың өзегі
Университеттің ғылыми-зерттеу бағытындағы жетістіктері де көңіл қуантады. Соңғы бес жылды қамтитын Scopus халықаралық деректер базасындағы ғылыми жарияланымдар саны 307-ден 381-ге дейін артып, ғылыми еңбектерге жасалған дәйексөздер көрсеткіші 57 пайызға өсті.
Биылғы елеулі жетістіктердің бірі – университеттің Еуропалық одақтың Horizon Europe бағдарламасы аясындағы HUMAN-AI халықаралық ғылыми жобасына қатысуы.
Мария Склодовская-Кюри атындағы MSCA Staff Exchanges бағдарламасы қаржыландыратын төрт жылдық жобаны Польшаның Силезия университеті үйлестіреді. Жоба жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні жауапты, этикалық және адамға бағдарланған тұрғыда қолдануға бағытталған.
Еуропа, Азия және Латын Америкасының жоғары оқу орындарымен бірлескен ғылыми жобаға қатысу – университеттің халықаралық ғылыми ықпалдастықтағы мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды қадам.
Жасанды интеллект қарқынды дамыған дәуірде педагогтің міндеті тек білім берумен шектелмейді. Ол – оқушыны сыни ойлауға жетелейтін, ақпаратты саралауға үйрететін, технологияны адамзат игілігіне бағыттай білетін тұлға. Осындай жаңа буын педагогтерін даярлау – университеттің стратегиялық басымдықтарының бірі.
Ұлттық құндылық пен заманауи білім үндестігі
Қыздар университетінің өзіндік ерекшелігі – кәсіби білім мен ұлттық тәрбиені сабақтастыра білуінде. Білім ордасы бәсекеге қабілетті маман даярлаумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ғылыми ойлау мәдениеті қалыптасқан, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін тұлға тәрбиелеуді басты мұрат санайды.
Кешегі қазақ қыздарының білім алуына жол ашқан тарихи шаңырақ бүгінде олардың әлемдік ғылым мен білім кеңістігіне еркін қадам басуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың, ұлттық болмыс пен жаһандық дамудың жарасымды сабақтастығы.
Қыздар университетінің бүгінгі жетістіктері – бір оқу орнының ғана табысы емес, еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға, педагог мәртебесін нығайтуға және ұлттық білім беру жүйесін дамытуға қосылған үлес.
Өйткені бүгін білімді қыз тәрбиелеу – ертең білімді ұлт қалыптастырудың берік негізі.
Динара ЖАНУЗАКОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Математика кафедрасының меңгерушісі
Бақытжамал ЛАХАНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
Математика кафедрасының оқытушысы
Ұқсас материалдар
- #білім беру
- #ғылыми жоба
- #ұлттық құндылық
- #халықаралық рейтингтер
- #академиялық ұтқырлық
- #қазақ ұлттық қыздар
Мақала құжаттары
Мақала жарияланған журнал шығарылымы және жарияланғаны туралы анықтама (PDF)
Мақаланы телефонда ашыңыз
Телефон камерасын QR-кодқа бағыттаңыз — мақала бірден ашылады
bilimger.kz/qazaq-ulttyq-qyzdar-pedagogikalyq-universiteti-sapaly-bilimnen-zhahandyq
Осы материал бойынша
AI Көмекші 30 секундта дайындайды — жауап кілті мен PDF бірге.
- Бақытжамал Лаханова — Оқытушы, ҚазҰҚПУ
- Динара Жанузакова — Математика кафедрасының меңгерушісі, ҚазҰҚПУ
Сіз де өз мақалаңызбен бөлісіңіз
Мақалаңызды жариялап, сертификат пен журналды бірден алыңыз. Жарияланым Google мен Yandex-те табылады.
- Сертификат (QR-коды бар)
- Google, Yandex жүйелерінде шығады
- Журналға шығады (онлайн)
- Анықтама, журнал
- Жеке кабинетте құжаттар сақталады
- Мақалаға тұрақты сілтеме
2015 жылдан бері · ресми тіркелген журнал
Мақала жариялау
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін аккаунтқа кіріңіз
Әзірге пікір жоқ — алғашқы болыңыз.