Құлмамбет, Түбек, Тезек ақындардың айтысқаны (Ә. Нұрлыбаев нұсқасы) (2-бөлім)
Түбек Байқошқарұлы · 184 жол
Кетерсің қазір кіріп жерге деймін.
Құлмамбет деген ақын сен бе деймін,
Болғансың қашан ие көлге деймін?
Басыңның қыршаңқысы жұғып кетер,
Қасыма менің жақын келме деймін.
Құрысын хан орданың сақабасы,
Тимесін кесапатың елге деймін.
Қорыған байдың асын сорлы екен,
Шын қолыңнан келе қойса, берме деймін.
Қолыңнан, байғұс, сенің не келмекші,
Мұрныңды соза берме өрге деймін.
Жарасқан ақ боз атқа, Асан тамға,
Хан Тезек – алтын есік барша жанға.
Ұжмақтың дүниедегі есігіндей,
Тең ортақ алтын есік хан-қараға.
Қараңғы түннің ішін жарып шыққан,
Сен бөгет бола алмайсың атқан таңға.
Құлмамбет, сен, білемісің төре сырын,
Білмейсің, мəңгүрттеніп, кімнің кімін.
Алған соң біздің қызды хан атанды,
Сарт еді сары құлақ онан бұрын.
Қаздырып ата тегін алмадың ба?
Кетпесін, байғұс бала, ісің қырын.
Мен алсам, ұрлық жеген ханды аламын,
Сен əлі қажап жүрсің айыл жібін.
Жын қақты сен сияқты қотыр тайға,
Қандайынан сөз айтпақшы мынау сорың?
Өзіңнің қатарыңа соқтықпастан,
Байғұс-ай, отырсың-ау қылғалы ырым.
Ырымың қырын кетіп, құрымағын,
Байқамастан сорлы бала өлетұғын.
Алаштан бидай терген мен бір тауық,
Отыр ма айтысуға көңлің ауып?
Əнім мен өлеңімді үйреніп ап,
Өлтірді-ау осылар-ақ бетке шауып.
Алыстан аң іздеген арыстан ем,
Бір күшік к...і күйік алды қауып.
Ойлама қартайды деп бұл Түбекті,
Бұл Түбек, əлі болса, темір сауыт.
Апыр-ай, Құлмамбеттің кеудесін-ай,
Өзінің сөйлеспестен теңін тауып.
Еңкейіп, өз к....е қарамастан,
Біреудің сөйлемекші кемін тауып.
Сөйледің кімді мақтап, кімді боқтап,
Сөйледің кімді сүйеп, кімді жақтап?
Сөзіңді алда келер артта айтып,
Басқармай, сандаласың тапырақтап.
Сөзіңді бұдан былай байқап сөйле,
Ұрынбай соқырларша апырақтап.
Бекітпей буыныңды, босқа ұрынсаң,
Бір жерге жоғаларсың қалтырақтап.
«Қайтпасын жас жүрегі», – деп отырмын,
Қазақтың аруағы мен рухын сақтап.
Болмаса, тереңменен қойып тұрып,
Шаң қылып, кетер едім жерге таптап.
Үш жүздің жанып тұрған шаласына,
Ұрынар жаннан безген қай ақымақ?
Хан Тезек ырғалады қайыңдайын,
Судағы Түбек жүзер жайындайын.
Тезекке тағы біраз болысып көр,
Сені мен Тезегіңнен айырмайын.
Қимылдап, тағы біраз қарсы шапшы,
Жеріңнен төстеп тұрған қайымдайын.
Шаптығып, шатқаяқтап қарғып көрші,
Иінді ішіңдегі пайымдайын.
Көңліңде сөзің болса, тағы айтқын,
Көңілін жас баланың қалдырмайын.
Құлмамбет:
Құлмамбет – менің атым, Құлан деген,
Сес қылып кұтылмассың бұдан менен.
Құтылып кету саған оңай емес,
Сапырып борандатқан тұманменен.
Алжыған күшігенім, ойнап көрші,
Біз тұяқ, жас балапан қыранменен.
Алжыған сендей шалдың керегі не?
Саялы қондырмаймын терегіме.
Аюдай «Сондаймын!», – деп ақырсаң да,
Төремді, тірі тұрып, беремін бе?
Қалмапты қу құлқының əлі күнге,
Жақындап жүрсең-дағы өлеріңе.
Бір тоймайсың, жесең де,
Кісі сатып көрінгенге.
Төремді арашалап ала алмасам,
Бұл жерге Қарқарадан келемін бе?
Қисық құл, барғаныңда, тоғыз берсе,
Шіркін-ай, келтіріпті кемеліңе.
Сөйлейсің, алжып тұрып жасаңдайын,
«Үш жүзден асқанмын!» – деп айтпай-ақ қой,
Қаңғырған дуанасың, асауланып.
Керейдің қаңғып жүрген шемен шалы,
Өлеңіңе қоңсы қондым қашан барып?
Əркімнен қайыр сұрап дуанаша,
Ат пенен киіп жүрсің, шапан алып.
Бəйгеге құйрық сызып қосылатын,
Құрыған қу заманың қашан қалып.
Баяғы доңыз жылғы ашшылықта,
Баласын нанға сатқан атаң ғаріп.
Бір табақ қара бидай салып беріп,
Жалайыр қалмап па ед апаңды алып?
Тұқымың сонда-ақ құрып қалмақ еді,
Ап қалды тұқымыңды атам бағып.
Керейдің алжып жүрген шемен шалы,
Кім сенің күн көріп жүр батаңды алып?
Тастай түс тіреп тұрған аспаныңды,
Жасқанып бұл сөзіңнен, шошынбадық.
Айтасың мұны не деп, алжыған шал,
Кемшілік бұл Тезектің қай жері бар?
Үйірге бір байталды қостым дейсің,
Биеңді міндет қылсаң, қайтарып ал.
Керейдің нанға сатқан қыздарының,
Төре алса, қай жеріңде арманы бар?
Ашынды, қызын алып, асырадық,
Əкеңнің енді қандай қалғаны бар?
Міндет қып неменеңді келдің, Түбек,
Көтерем секілденіп қотыр үлек?
Дау іздеп, қайыр сұрап жүруменен,
Қалыпсың сұқсырдай боп, мұнша жүдеп.
Керейдің Үйсін шауып алған малын
Келдің бе алайын деп, соны тілеп?
Қадірлеп, басың сыйлап шақырғандай,
Күшенесің, аяғыңды сонша шіреп.
Аузыңнан отты жалын сөз шығады,
Аспанды тұрғандай-ақ қолмен тіреп.
Өлерсің күл-талқан боп, жардан ұшып,
Көңліңмен азуыңды айға білеп.
«Үш жүзден асқанмын!» – деп, шіренесің,
Болмақсың алжып жүріп кімге тірек?
Түбек айтады:
Құлмамбет, талай жерде сенің кеудең,
Таппақсың қанша пайда бұлай деуден?
Бұрыннан келе жаткан із бар ма екен,
Баласын бір қазақтың ұлтқа бөлген?
Атаңның аруағына ит қосасың,
Ақын деп сені айтуға үлгі көрген.
Қолына мылтық беріп, қоя берсе,
Өзінің итін атар жаман мерген.
«Биеңді, аштан өлдің, қайтып ал», – деп,
Түбекті ұстадың-ау жаман жерден.
Шаптығып, алас ұрып отырғанда,
Осы ма айтар сөзің барлық сенген?
Арқада доңыз жылы аштық болып,
Шын айтасың, Наймандар ауып келген.
Ел болып осы жақтағы туысқаным,
Жаны ашып, жайлы қоныс тауып берген.
Халықтың бір шеті – бай, бір шеті – май,
Қазақпыз бірге туған, бір бауырлас,
Осындай сыйласуды сауық көрген.
«Кетті, – деп, – дінін бұзып, кəпір болып»,
Албанды неше мəрте шауып берген.
Қыз беріп қалмақтарға, дінін бұзып,
Сақтанар біздің қазақ қауіпті елден.
«Аш итті бір шолақ ит қуып жүр», – деп,
Бұл жерді бұл қу қайдан тауып келген?
Хан Тезек, күдер үздім ақыныңнан,
Тайыпсың мұны «ақын» деп ақылыңнан.
Қарашы Құлмамбеттің ғазазілін,
Тезекті айырмақшы қатынынан!
Сарттығы сары құлақ білінеді,
Көргеніңмен ұрлық жақыныңмен.
Күшікті еркелетіп қоя берсең,
Бір күні тістей алар тақымыңнан.
Қызымды, ашулансам, кетем алып,
Байлап қой есегіңді, арқан тағып.
Айырылған үйірінен сəуірік оңбас,
«Төре», – деп, мұны сендер жүрсің сан ғып.
Сонда Тезектің айтқан өлеңі:
Арасы үш мың жылдың сират деймін,
Ұжмақта иманды құл тұрад деймін.
Айтысу мұндай жерде жарамайды,
Құлмамбет, айтпай-ақ қой, шырақ, деймін.
Байғұс-ау, жас айғырмен таласасың,
Кетерсің бір күн жардан құлап деймін.
Төрені келе сала омырауладың,
Осы жер келіспейді бірақ деймін.
Жазаңды, мен сөйлесем, берер едім,
Айтуға төре өлең ұят деймін.
Абылайдың ордасында кез кеп қалдың,
Əйтпесе көрер едім сынап деймін.
Келіпсің қартайғанда Құдай айдап,
Он түйе, айдап кеткін, бір ат деймін.
Келгенде, алжып жүріп, түк бермесем,
Кетесің наза болып, жылап деймін.
«Тезекпен өлең айтып алдым», – деме,
«Əншейін алдым, – дерсің, – сұрап» деймін.