Қарқабат пен Түбек (3-бөлім)
Түбек Байқошқарұлы · 149 жол
Қарқабат:
Келмейді өткен өмір орынына,
Дүние əбден жетік торуына.
Жүрсің бе «өлмеймін» деп, Қолаба шал?
Қара жер ақыр алар қойынына.
Өмірдің қысқарғанын осыдан біл,
Күніңнің қанша өткенін таныдың ба?
Маңдайдан нұр құйылып, гүл төккенде,
Ат терлетіп келгенге бармай қойсаң,
Аттың тері, ердің обалы болмасын мойыныңа.
Құдайдан қорыққан жан қауіптенер,
Қызықпа қартайғанда жас адамға,
Сыр бермей, ажал бір күн соғып салар.
Сенбеу керек əр істі кездеспейді деп,
Алдына ұл-қызыңның келіп қалар.
Тəуіп:
Шырағым, жақсы екенсің амалдарға,
Жас күндей ерегісер заман бар ма?
Сен де бір назар керде жігіт едің,
«Алдына ұл-қызыңның келеді», – дейсің,
Зиян болып кетпесін балаларға.
Мынау айткан сөзіңе мен жығылдым,
Қайтейін? Алсаң алшы. Амал бар ма?
Қарқабат:
Кəрия, жақсы болды-ау думанымыз,
Жол үстінде амандасып тұрғанымыз.
Əзілмен жақсы-жаман қалжыңдасып,
Қыздырып біраз дүкен құрғанымыз.
Адамның бала деген бауыр еті,
Ақыры шын сөзімді сыйладыңыз,
Айтқан сөзге түсініп, көңлің жұмсап,
Қош, қайыр, рахмет! Сыйладыңыз,
Көп өмірде бірталай қызық көрдің,
Өлгенде болсын жолдас иманыңыз.
Сол сөзбен Қарқабат Қолабаны жолға салып, қатынды
алып қайтты. Түбектің үйіне тура келтірмей, бір ауылға
тығып қойып, ештеме білмеген кісі құсап, өзі жалғыз
келіп, Түбекке көрісіп қалды. Түбек баяғыдай нұры жай-
нап, жақсы сұлу алған, ортекедей ойнап тұрған жеңгесін
көрді. Көңлі шаттанып Қарқабат: «Қайран, досым!», – деп
жырлай бастады:
– Жаһанға жарқ айналып, болдың көсем,
Мойны озған үш жүздегі сен бір шешен.
Аурудың түрі жаман, шошып едім,
Уа, достым, жазылдың ба аман-есен?
Көргенде алтын жүзің, шошып едім,
Көзімнен қанды жасым жосып еді.
Аман-есен көргенде, «Шүкір!» – дедім,
Жоғалсаң, табылмайтын асыл едің.
Түбек:
Дұрыс. Қуғанменен, болмас тамам,
Тең емес, өлшегенмен жүйрік-шабан.
Алдымда терең жарға жығылмады,
Байқамай, абайсызда басса қадам.
Тірліктен күдер үзіп қалып едім,
Лажсыз, көзім жайнап, қалмай шамам.
«Көргенге мың шүкірлік», – деп отырмын,
Қарқажан, ат-көлігің келдің бе аман?
Қарқабат:
Заманға қай пенденің көзі жеткен,
Жан бар ма тура жүрген əділетпен?
Шақыршы, бері келсін, амандасам,
Баяғы біздің жеңге қайда кеткен?
Еске алдым қайран жеңге сағынғаннан,
Үйреніп көз көрген ғой, не қылғанмен.
Қапа боп, ашуланып ұрысып ем,
Өкпелеп, келмей отыр тарынғаннан.
Түбек:
Өткен күн, балалықты сағынасың,
Кісіге ақылы озған бағынасың.
Жаныма бір шыбындай қастық еткен,
Бетпақтың атын атап, не қыласың?
Қарқабат:
Өкпелеп келмей отыр, шақыр бері,
Түзеліп қалар істің артық-кемі.
Шыдамай беті құрғыр тұрған шығар,
Біле ме надан пенде өлер жерін.
Түбек:
Үш жүздің таныс болдым жақсысына,
Кездестім Қолабадай бақсысына.
Жаныма себеп болды сол азамат,
Мал қосып бердім соның ақысына.
Қарқабат:
Əркімнің көңілінде көп арман екен,
Өзіне-өзі қайғы салған екен.
Ашумен бір ауыз сөз айтып едім,
Шіркіннің обалына калған екем.
Түбек:
Дүниеге əркім келіп, қайтып кеткен,
Шерменде өз жазасын тартып кеткен.
Өзімнің бір басыма қастық етті,
Кім үміт қылар дейсің қарабеттен?
Қарқабат:
Көңілдің досың жетер жарасына,
Достың дос қарамақшы шамасына.
Кектескен мұсылманға жараспайды,
Əпкелсем қатыныңды аласың ба?
Түбек:
Тең қылып жаратқан жоқ жанның бəрін,
Азаптың көрдім қанша кеңі-тарын.
«Жадыбас еткен қатын қайта алдың», – деп,
Бетіме салық қылар құрбыларым.
Ұятсыз дүниедегі масқарасы,
Залымның көрсетпегін сұм дидарын.
Қарқабат:
Тыңдағын, қайран достым, құлақ салып,
Кетпегін бұл сөзіме ашуланып.
Көңлің бұрынғыдай болмаса да,
Жүреді қызметкер боп, отын алып.
Кек кеткен мұсылманға жарамайды,
Қайта алғын қатыныңды, келдім алып.
Жаны басқа болғанмен, тəні бірге,
Мен келдім бір ашуға қолқа салып.
Көнбеймін, досым, сенің алмасыңа,
Қоймаймын осы жолы болмасыңа.
«Қатынды қоя берген қайта алды», – деп,
Айтқаны келе берсін өз басына.
Көңлім, сыйламасаң, қалады ғой.
Ей, досым, бір ашуды байламасаң,
Достық пен жолдастыққа саламын ғой.
Бұл сөзім – анық сырым, емес бекер,
Сертіме, қайтсем-дағы, тегі, жетем.
Бұл сөзді орынына келтірмесең,
Болса да таңда махшар, көрмей кетем.
Сонда Түбек достықтан қысылып, жылап тұрып,
қатынын алмақ болып сөйлегені:
Сөйледі сонда Түбек құлдық ұрып,
Көзінен сасқанынан жас төгіліп.
Бəрінен достық жолы қымбат екен,
Ақыры алмақ болды, дымы құрып.
Баяғы қазақшылық əдетімен
Өзіне қосқан екен, неке қиып.
Қарқабат үлгілі сөз көп сөйледі,
Достықпен шын жарын бетке берді.
Жол күтпеген жаман дос əр жерде бар,
Жаман дос болса, бекер кетпек еді.
Қарқабаттын ең соңғы сөзі:
Біреуді қойды көпке қалыс қылып,
Біреуді жаратты Алла шалыс қылып.
Жаманнан досың болса, азаматтар,
Кетеді жақыныңмен шағыстырып.
Оттағы жанбай жатқан шала құсап,
Кетеді, көсеу алып, қағыстырып.
Жақсы адамменен дос болсаңдар,
Кетеді, араз болсаң, табыстырып.
Қарашы Қарқабаттың кемеңгерін,
Ақыры кеткен екен табыс қылып,
«Мен – адал, мен де сондай пендемін!» – деп,
Кейбіреу сөзді шашар жарыстырып.