Қарқабат пен Түбек (2-бөлім)
Түбек Байқошқарұлы · 156 жол
Рұқсатын алып, қоштасып, сонымен Қарқабат аттанып
кетті. Түбек үйінде қалды. Дүбірге шыдай алмайтын жүйрік
қолына таяқ ұстап, далаға шығады. Белдеуді ұстап, үйге
сүйеніп отырады.
Сол заманда Найман Тəнеке батырдың жиыны болып, ат
шауып жатқан. Соған бірқанша кісілер кетіп бара жатып,
Түбектің аулының тұсынан өтіп бара жатып: «Уа, қайран
Түбек! Сау болса, осы жиынға елден бұрын баратын еді. Біз
келгенше бар ма, жоқ па? Көңлін сұрап кетейік», – деп, көп
жігіттер түсе қалды. Сонда Түбек далаға шығып отырған
кезі еді. Амандасқанда, барлығын таныды.
Шулаған көп жолдасы Түбекке:
– Сіз «кісі танымайсыз» деп естіп едік. Қашаннан бері
жақсы болдыңыз? – деді.
Түбек:
– Нашар-ақ едім. Ұлы жүздің ақыны – Қарқабат деген
досым бар еді. Арқаға кетіп бара жатыр екен. Көңлімді
сұрап, қазір аттанды. Көңілімнің жарымы соған ілескендей
болып, далаға шығып отырмын, – деді.
Сонда келген көп адамдар:
– Көп жиыннан бір тəуіп табылар ма екен? Сол жиынға
апарайық, – деп бір атқа таңып, алып барды.
Түбектің шинəда жатып, жиналған елге амандасқаны:
Дүниенің көріп өттім ылди-өрін,
Ал, жəне талай көрдім артық-кемін.
Сендерді көрмегелі көп жыл болды,
Жүрмісің аман-есен, қайран елім?
Айқаймен қандырушы ем құлақ құрышын,
Көрмедім жеті жылдай жанның тынышын.
Сағынып, екі көзім телмірді ғой,
Жүрмісің аман-есен, қайран жұртым?
Шын тұлпар етке түспей, шабылар ма?
Шешендер шаршы топта жаңыла ма?
Жаныма бір шыбындай себеп болар,
Бір кісі көпті көрген табылар ма?
Сонда бір жігіт:
– Жаңа мен көрдім. Осы жиында бір Қолаба деген шал
бар екен. Сол үлкен тəуіп көрінеді. Соған көрсетіңіздер, –
деді.
Түбек сол жігітке қарап айтқан сөзі:
– Ей, жігіт, тəуіп айтқан бермен келші,
Тəуіпке өзің көрген өзің баршы.
Əпкелсең сол тəуіпті жылдамырақ,
Ақыңа бір ат пенен шапан алшы, –
дегенде, баяғы жігіт аттың басын бұрып, Қолабаны алып
келді. Қолаба білегін ұстай салып, жиналған көп кісіге
көзін қысып қойып:
– Бұл жады емес. Жады деген кісінің өзі жады болсын.
Аман-есен жазылады, – деді.
Көпшілік сонда:
– «Аурудың атын тапқанға бақтыр», – деген, сен бағып,
ақысын ал. Өлсе, Құдайға аманат, – деп тапсырады.
– Жарайды, – деп, Түбекті үйіне алып қайтты. Үйіне
апарып, үш жылғы ту биені сойып, қазысын сылып алып,
арақ беріп, мас қылып, жарып, жадысын алды. Жібекпен
тігіп, жылқының қазысына бөлеп қойып, үш айда жазып,
атқа мінгізді. Түбек жазылып, той жасап, бір байдың сұлу
қызын алды.
Баяғы қатынды бірқанша мал қосып, жазған тəуіптің
ақысына беріп жіберді. Сол үш айда Қарқабат көп малдар
тауып, Арқадан қайтқан екен. Мерзімді жерге жеткенде, Тү-
бектің жайын сұрай бастады: «Жазылды ма, өлді ме?» – деп.
Бір кісі баяғы жағдайды толық түсіндірді. Сонда Қарқабат:
– Уа, шіркін! Ашумен бір сөзді айтып едім. Сол істі
орындаған екен ғой. Мұсылман екеуі екі жақта өлсе, обал
болатын болды. Сол тəуіпті қусам, жете алар ма екем?
Қатынын алып келіп, өзіне қайтадан қоссам немесе бір-
бірінен ырзалық əперсем, мен жетем бе? – дегенде, баяғы
кісі: – Жетесің, – деді.
Қарқабат айдаған малын бір ауылға тығып қойып,
тəуіпті қос атпен қуады. Еркімен бара жатқан тəуіпті жол
үстінде қуып жетті. Тəуіптің қолын алып амандасып,
Қарқабаттың сөйлеген сөзі:
– Мағалайкүм ассалам, дəрігерім!
Береке кісі екенсің жүрген жерің.
Нəпсіге ермейтұғын адам бар ма?
А, шіркін, дүниеге бармас едім.
Иман күт, кəрия болдың, барғын Мекке,
Тау-тауға құлжа құсап шықтың жеке.
Түбектің тандап алған қатыны еді,
Барасың қай жаққа алып, тəуіпеке?
Баяғы Қолаба тəуіп жасында ақын екен. «Қартайдым», –
деп, өлеңді қойған кезі екен. Бірақ ақылмен тəуіпшілікті
кəсіп қылып кеткен екен. Айқайлауға шамасы жоқ, көкірегі
сырылдап, өлеңмен жауап береді.
Тəуіп:
Үш жүздің таныс болдым жақсысына,
Кез болдым Қолабадай бақсысына.
Түбекті жады болған үш ай бағып,
Көп мал мен қатын алдым ақысына.
Қарқабат:
Тілі ұзын болады өнерпаздың,
Даусы əдемі келеді қоңыр қаздың.
Түбектің дерті жаман, шошып едім,
Айтсаңшы, тəуіпеке, қайтіп жаздың?
Тəуіп:
Асына Тəнекеңнің алып барды,
Шақырған соң, білегін ұстай алдым.
«Жады емес, жады деген – өзі жады», –
Дедім де, елге көзім қысып салдым.
Көпшілік: «Сен баққын», – деп, барған соң,
Кешікпей, тез үйіне алып бардым.
Мас қылып, арақ беріп, жығып тастап,
Жадысын ішіндегі жарып алдым.
Құдайым абұйырын берді маған,
Түбекті жады болған сөйтіп жаздым.
Қарқабат:
Бұл емес, кəрия, сенің тең құрдасың,
Дүниеге мұнша неге қызығасың?
Қолыңызда аз емес алған олжа,
Қатынның маған байла жалғыз басын.
Тəуіп:
Менің де ойлағаным – қызықшылық,
Салмағын арамызға бұзықшылық.
Сұрасаң, мына малдың бəрін берем,
Келісіп қалып едім, ойнап-күліп.
Жас қатын аз өмірге жаңа тауып,
Жақсы боп қалып еді, тізем жылып.
Міндет қып жастығыңды жол үстінде,
Бұл сөзің – маған салған бүліншілік.
Қарқабат:
Қиядан жөнін тапқан жол қазады.
Шын тұлпар шаба берсе, күнде озады.
Қол жетпес мəуеге əуре болып,
Надандықпен кейбіреу қол созады.
Қартайып, өзі тұлпар болғанменен,
Ойлашы келешекті, қай озады.
Түбекті жады болған сен жазыпсың,
Өзіңді жады қылса, кім жазады?
Тəуіп:
Достастық бұның сөзін бұза алмаймын,
Ауруды жеңіл-желпі ырымдаймын.
«Түбек жөн жүрмейді», – деп жады қылды,
Ол құсап басқа жаққа бұрылмаймын.
Жетеді аз өмірге, қыз алмаймын,
Мен жүріп, алыс жерге ұзамаймын.
Қиырдан кінə тауып, өкпелейді,
Қасынан өлгенімше ұзамаймын.
Қарқабат:
Жарай ма ел бірлігін ұмытқаның?
Өлімге, жасың жетіп, жуықтадың.
Аразды тату қылып кетсең етті,
Ұят қой жас қатынға қызыққаның,
Кетпейді иман ұзап тобалыдан,
Дүниенің қызық көрдім талайынан.
Балаңның қатары екен, байқап қара,
Қаларсың жас адамның обалына.
Досың – сол, кемшілікті атап келсе,
Жамандық алыс емес, тақап келсе.
Қайтесің, көпке бірдей тəуіпсің ғой,
Алыстан өзіңді іздеп қос ат келсе?
Тəуіп:
Шықпаймын алысқа ұзап өлгенімше,
Бағамын əл-шамамның келгенінше.
Қоямын бақсылықты бұдан былай,
Сертім сол ең ақырғы өз көзіңше.