Қарқабат пен Түбек (1-бөлім)
Түбек Байқошқарұлы · 156 жол
Сағындым Сарыарқаның сары белін,
Той тойлап, жиын іздеп жүрген жерім.
Түрленген тар кілемдей қайран сабаз,
Сарыарқа сағынатын сары көлін,
Кең қолтық, келте шапан өңкей ерім,
Жасымнан көкпар тартып, сайрандаған,
Көзіме елестейді өскен елім.
Аңқылдаған иісі жұпар, денең балқып,
Үйректей жүзіп қайтам, қаздай қалқып.
Үйренген өрісіне барғанынша,
Мамада тұра алмайды, тұлпар тарпып.
Тумаппын Сарыарқада кіндік кесіп,
Осы жерде ел таныдым, бақытым өсіп.
Бір көрмесем, тарқамас іштегі арман,
Бір күні тағдыр жетіп, кетсем көшіп.
Сағындым достым Түбек – ұстазымыз,
Бір көріп, қолыңды алмақ – мұқтажымыз.
Мұхиттың дариясындай сөзің терең,
Өлеңге болмаушы еді қыспағыңыз.
Тіліңнен бал тамызған, қайран Түбек,
Айқасқан достым едің күнде білек.
Естимін, ұзынқұлақ рас болса,
«Жатыр, – деп, – қауіпті ауру, қатты жүдеп», –
деген жырды айтып, жүріп кетті. Сонымен, Найманның
шетіне кіргеннен:
– Түбек аман ба? – деп сұрай бастады. Найманның
бірқатар жеріне барғанда, анық жайын білді.
– Түбек бір сұлу қатын алып еді. Сол қатын жады қы-
лып, жеті жыл болды, ауырып, жадысы ішіне түсіп, шемен
болып, іші басынан асып, жарылуға жақын болып, жүктей
жастыққа сүйеніп отырады. Өзі кісі танымайды. Басына
кебінін жастап, аузына мақтамен су тамызып жатыр, – деді.
Сонда Қарқабат:
– Уа, дариға! Көп жолдас болған досым еді. Көзінің
тірісінде бір барып көрейін, – деп, жедел жүріп, Түбектің
үйіне түсе қалады. Келсе, жастықты арқасына қойып, көзін
жұмып жатқан екен. Қарқабат сəлем беріп, қолын ұстады.
Түбек танымады. Қарқабат таныту үшін ақырып, ашулы
дауыспен сөйлегені:
– Апырым-ау, ана тау ма, мына тау ма?
Көрінген басы биік қара тау ма?
Қарасам, жүзің солғын көрінеді,
Басыңды көтерсеңші. Денің сау ма?
Жатқаның, қайран достым, мақұл емес,
Баяғы өзім көрген ақын емес.
Тірлікте бір сөйлесіп, аттанайын,
Дүниеден көшкен адам екі келмес, –
деді.
Сонда халі кетіп жатқан Түбек көзін ашпаған бойынша
жүкке қолын созды.
– Домбырамды əпер, – дегендей болды. Домбыраны
əпергенде, сөйлеуге əлі келмей жатып, шалқасынан жатқан
бойынша ыңыранып: «Басым, досым», – деп, əн салып,
сөйлей бастады.
Түбектің сөзі:
Жасымда талай жедім бай баласын,
Шырағым, дүние қусаң, айналасың.
Танимын, даусыңнан шырамытып,
Айтсаңшы аты-жөнің. Қай баласың?
Қайырмасы:
– Басым, досым, шабыт, қайтем! – деп тоқтады.
Қарқабаттың танытып сөйлеген сөзі:
Құлпырып, серіліктен келдің мақат,
Өлеңді соқтырушы ең жүндей сабап.
Көңліңді сұрай келдім, естіген соң,
Ақыны Ұлы жүздің мен – Қарқабат.
Айлық жол, Ұлы жүздей елден келдім,
Алатау алабындай елден келдім.
Тиген соң суық хабар құлағыма,
Өзіңді өлмей тұрып келді көргім.
Түбек:
Белгілі Алты Алашқа салған əнім...
Кетіп тұр осы күнде менің сəнім.
Көңлімді сұрап келсең, рахмет,
Жамандық, жағың түспей, көрме, жаным!
Қарқабат:
– Ұшушы ең ақ тұйғындай қатты түлеп,
Өміріңе кім қас қылды, сені билеп?
Аурудың түрі жаман көрінеді.
Қалайша жүдеп қалдың, ойбай, Түбек?!
Бұл жерге, он жыл болды, келгенім жоқ,
Бас қосып, сізге сəлем бергенім жоқ.
Шошыдым, халің қашып, жүдеп қапсың,
Өмірімде мұндай ауру көргенім жоқ.
Түбек:
Атым жоқ ат дейтұғын, атым – Түбек,
Ұшушы ем қыран құстай қатты түлеп.
Алланың, бұл да болса, құдіреті,
Жатырмын жады аурудан қатты жүдеп.
Қарқабат:
Өтті ғой талай кəрі, талай бала,
Сыйласып жүрмек едік, келсе шама.
Қатының екеу десем, біреу екен,
Бұл пəле əлдекімнен болды жала.
Жөніңді айт, қайран Түбек, адал досым,
Қосылды жаның барда бүгін басым.
Сізбенен амандаспай қалған болсам,
Қан болмақ еді көзден аққан жасым.
Түбек:
Қарқажан, балалықтай заман бар ма?
Заманды əркім құмар амалдарға.
Қасымда жолдасымнан зиян тарттым,
Көңлін шайтан бұзса, амал бар ма?
Қарқабат:
Қиядан сөзбенен жол қазып салдың,
Алаштан қызыл тілмен азықтандың.
Халыққа алтын нұрлы, қайран Түбек,
Шіркінге қай жеріңнен жазып қалдың?
Осының анық маған шынын айтшы,
Жолдасың не себептен қайғы салды?
Сыншы едің бір кісідей көпті көрген,
Қай жерден бұл пəлені тауып алдың?
Түбек:
Сөзбенен бұзушы едім таудың тасын,
Өтті ғой тамашамен талай жасым.
Білмеймін қай жерімнен тапқанымды,
Күнінде ат пен шапан тапқан басым.
Қарқабат:
Түбегім, сен болмасаң, келер ме едім?
Ажалсыз оқ атқанмен, өлер ме едім?
О, шіркін, Түбек өліп, байға тисең,
Мен кепіл, сонда сені көрер ме едім.
Түбегім, дос болып ең аруақтыға,
Бір залым кездесіпсің күн қақтыға.
А, Түбек, осы аурудан жаның қалса,
Шіркінді сатып жібер бір тоқтыға.
Түбек:
Ақ қошқар, ай мүйізді қойым да бар,
Жазылсам осы аурудан, тойым да бар.
Жаныма бір шыбындай себеп болса,
«Шіркінді сөйтсем», – деген ойымда бар.
Сонда қатын: «Үйге келген кісі тыныш келіп, тыныш
кетпейді екен», – деп күңкілдеп, үйден шығып кетті. Қатын
жақтырмады. Түбек өлгелі жатыр. Қарқабат аттануға тура
келді. Қарқабат аттануға рұқсат сұрап айтқаны:
Қар жауса, теріс жақтан соғады жел,
Алдымда көрінуші ең, асқар тау, бел.
Алысқа талап қылған мен – жолаушы,
Ер достым, көңліңмен рұқсат бер.
Құдайға мал да – аманат, жан да – аманат,
Ажалдан кім алады арашалап?
Түбегім, осы аурудан жаның қалсын,
Егер де өліп кетсең, сол – жаман ат!
Жасыңнан үлгі болдың бозбалаға,
Шын жүйрік өзі шаппай, олжа ала ма?
Түбегім, аман-есен жазыларсың,
Ауырған өле берсе, жан қала ма?
Түбек:
Қарқажан, оңалады сенің қосың!
Жан достым дəл өзіңдей қайдан болсын?
Мың рахмет басып келген қадамыңа!
Рұксат, қайда барсаң, жолың болсын!
Жыланнан жылдам ойла жүрісіңді,
Ешкімге білдірмегін сыбысыңды.
Бір ойдан шерім де жоқ, шемен де жоқ,
Барады өлең жарып қу ішімді.