Әріп пен Қуанышбай айтысы
Әріп Тәңірбергенұлы · 57 жол
Абайдың әр білімі елден асты,
Әр жерде-ақ ел жауымен қарсыласты.
Болмасаң шын имансыз, өзің – куә,
Талай тантық Найманның көңілін басты.
Соларға тіл тигіздің – содырлы сөз,
Жарайды бақсы болып алсаң қобыз.
Ысқақтың бір қойшысын қорқытам деп,
Айыпқа тартып едің тоқсан тоғыз.
Абайдан құтыларлық ебің бар ма,
Сендердің көмек болар көбің бар ма?
Балқыбек, Бақанаста сыяз болса,
Аттанған айып бермей тобың бар ма?
Абайға кей дұшпаны қылар қастық,
Ойласақ оның түбі дәулет мастық.
Бәрі бар Найман оңбас – түбі оңбаған,
Талассақ мәртебеге біз таластық.
Әріп:
Елмісің естімеген Сақ, Тоғалақ,
Салам ба сөз деп құлақ, нақ сұғанақ!
«Мен Дадан Қуанышбай» депсің өзің,
Кім едің сен албасты доп-домалақ?
Адамнан артық туған Сара саңлақ,
Сарадай оңай емес ақын болмақ.
Өнері қашан кем еді Біржан салдан,
Мен емес айтыстырған оларды арбап.
Арғынсып салғансисың салмағыңды,
Сездің бе сөзбен билеп алғанымды?
Нағыз Найман кез келсе, оңдырар ма?
Жақсың қалап алды ғой қалмағымды.
Арғынға сенен көрі өзім жуық,
Қысқартам алқымыңды сөзбен буып.
Далаға жаққан оттай бос шалқыма,
Әуелі Арғын болшы анық туып.
Анық Арғын болмайсың жалғастырсаң,
Құл-құтан сүйегіңді алмастырсаң.
Күйіп кет, жындылығың бір қалмайды,
Нәсілді болдым-ақ деп салғастырсаң.
Найманда ергенекті анық теңің,
«Бар еді, – деп айтпаймын, – одан кемің»,
Үш жылда бір жақсыңды дүрелейсің,
Болған аузыңда өсек, ұрлық жемің.
Құрысын қастық қылған дәулет масың,
Абайдай сыйламайтын кісі басын.
Сол сияқты Абайды Нұрғазы ұрды,
Болған соң жын-перуана кәрі-жасың.
Болмайсың бәрің Абай, жәһил, аңғал,
Құтырса, соған тоқтар қулық, жанжал.
Абайдан басқаң сөзді не қыласың,
Сол дана бұл заманда, биік заңғар!
Абайды ұнасады мақтағанға,
Алмас қой екі дүзді сақтағанға.
Алтынға дым тигенмен қараймайды,
Жұдырық хан артынан боқтағанға.
Ойнама, Қуанышбай, меніменен,
Сөз білсең сөйлеу керек жөніменен.
Бәрі Абай болмайсың лепіргенмен,
Сөзім зая сөйлескен сеніменен?!