Құлагер
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 112 жол
Жел соқса, қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, ат айдаушы, айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,
Жығылмаса, Құлагер қайда деймін?!
Түбінен дəйекшенің тұрдым тосып,
Бəйгеңді алушы едім талай қосып.
Отыз ат уəделі өтіп кетті,
Сол жерде тұра алмадым денем шошып.
Міндім де Сарыалама, тұра шаптым,
Бəйге алам деп бұл істен залал таптым.
Намазшам, намаздыгер арасында,
Баланы жылап жатқан əрең таптым.
Құлагер, айналайын шабысыңнан,
Атағың, елге шыққан дабысыңнан.
Біліп ем өлеріңді, Құлагерім,
Шыңғырған түсімдегі дауысыңнан.
Құлагер, шешең – сұңқар, əкең – тұлпар,
Соғып ең дөненіңде сегіз арқар.
Сен өлсең, орның басар Көкбесті бар,
Болады құдай қосса о да тұлпар.
Құлагер, жаз жайладым, күз жайладым,
Тұсына қызды ауылдың көп байладым.
Өлді деп Құлагерім естігенде,
Бір тұрып, бір отырып, ойбайладым.
Құлагер, құлыныңнан керім едің,
Нағашым, сұрағанда беріп едің.
Жылқымды Жыланшыққа айдағанда,
Бір сыншы көзің шыққыр көріп едің.
Құлагер, топтан озған жүйрігім-ай,
Жарасар келте жібек құйрығың-ай.
Түбіне Ерейменнің айдап келіп,
Құдайдың қарай қойшы бұйрығын-ай!
Тұлпарым, аунағаның туған жерің,
Биеден туа бермес сендей керім.
Жүз қой мен он төрт құр ат, төрт тай тұяқ,
Бір жолда ердің құны бəйгең сенің.
Шыныңмен өлгенің бе, Құлагерім,
Салбырап саптыаяқтай төменгі ернің.
Баспа-бас қызға бермес жануарым,
Басылмас бір шырқамай менің шерім.
Құлагер, нұрың қандай, даңқың қандай,
Тұрушы ең тоғыз шелек суға қанбай.
Бəйгеге жүз шақырым айдағанда,
Жүруші ем ауыздықпен тоқтата алмай.
Құлагер, жерді жарған дабысың-ай,
Өлгенше бұзылмаған шабысың-ай.
Өлімің адамзатпен бірдей болып,
Кетті ғой қалың елге дабысың-ай.
Адамзат даңқыңды естіп қайран қалған,
Атағың Орта жүзге мағлұмданған.
Құлагер, мен қайтейін қайғыланбай,
Шырқайды қалың елім əнге салған.
Құлагер, құнаныңнан жайлатқаным,
Басыңа ноқта, жүген сайлатқаным.
Тартыншақ жаман əдет қыла ма деп,
Артыңнан бір балаға айдатқаным.
Құлагер, айналайын, тұлпарым-ай,
Бір көрмей тұра алмайтын сұңқарым-ай.
Даңқыңа бүкіл адам ғашық болып,
Бір көрсек деп тұратын іңкəрім-ай!..
Қапыда өліп кеттің, жануарым,
Жібектей күлтілдеген құйрық, жалың.
Өлді деп жаман хабар естігенде,
Шықпады уақыт жетпей шыбын жаным.
Қарағым, айналайын, «үркек керім»,
Шықпаған қанша шапсаң ащы терің.
Тамсанып жолыңда боп жұрттың көзі,
Тілейтін тілегіңді елің сенің.
Құлагер, саған келген оқыс өлім,
Толғантып наз айтады Ақан серің.
Сібірден сегіз дуан қоймай озған,
Қой мойын, қоян жақты, сандал керім.
Күйдірдім отқа салып ашудасты,
Не көрмек əлі де болса басым жас-ты.
Бəйгеде ешбір жүйрік ілеспеген,
Күйігі Құлагердің басылмас-ты.
Құлагер, сені ұзақ міне алмадым,
Өлгенше сайран етіп жүре алмадым.
Өлді деп Құлагерді естігенде,
Ой, ойлап орнымнан тұра алмадым.
Бағаңа ділдə беріп алдым сатып,
Ойнатып қызығыңа жүрдім батып.
Бəйгеден жалғыз дара алды келіп,
Жүріп ем бар халықты таңырқатып.
Аузыңа қос ауыздық салып едім,
Сені алып ел шетіне барып едім.
Бəйгеңе сол сапарда, Құлагерім,
Он жылқы, екі жамбы алып едім.
Қолымда ақ қағаз бен қалам, сия,
Кетуші ем сен барыңда елден қия.
Артыңнан тағы шығар бір Аягөз,
Көзімнің шүкір қылдым жасын тия.
Сұрасаң менің атым Ақан серің,
Хазірет Ғали дүлдүлі тұлпар керім.
Дүниеде оған жетер ат бар ма еді?,
Өлді ғой мен қайтейін, Құлагерім.
Ауылым жер төресі сылқым белде,
Жүруші ем сайран салып жүйткіп төрде.
«Барма өзің, дұшпаның көп» деп еді ғой,
Көрінем қалай ғана үлкендерге?
Ауылым Сырымбеттің жел жағында,
Кездесті ауыр қайғы дер шағымда.
«Жер шалғай, атсыз бар» деп қақсап еді-ау,
Не дермін Құлагерсіз ел алдында?..
Сенемін ағайынның бірлігіне,
Əр үйдің құт тілеймін түндігіне.
«Мал бітер басы есенге» деген сөз бар,
Өзімнің тəуба қылдым тірлігіме.
Əркімнің Тəңірім берген несібесін,
Дүлдүлді өлтіргендей алдым несін?!
Қас қылған жануарым Құлагерге
Жауызға, бар тілегім, өлім берсін.