Темекінің зияны
1 мин оқу
Кешке қарай үйдің жанында бір қария мен жігіт әңгімелесіп отыр еді. Жігіт қолына бір шылым алып:
—Ата, мен темекі тартуды үйреніп жүрмін. Осының қандай қасиеті бар?—деп сұрайды.
—Темекі тартудың басты үш қасиеті бар,—дейді қария ойланып.
—Ол қандай қасиет?—дейді жігіт.
—Біріншіден, темекі тартқан адам қартаймайды.
—Себебі?
—Өйткені темекі тартқан адам қартаю шағына жетпей ерте өледі. Екіншіден, темекі тартқан кісінің үйіне ұры түспейді.
—Себебі?
—Темекі тартқан адам өкпе ауруына шалдығады, ылғи ұйықтай алмай жөтеліп жатады. Сондықтан үй иесі ояу екен деп, қауіптеніп ұры жоламайды. Үшіншіден, темекі тартқан адамды ит қаппайды.
—Себебі?
—Темекі тартқан адам жарымжан болады. Қолына сүйеніш етіп әрқашан таяқ алып жүреді. Таяғы бар кісіге құтырған ит болмаса, жай ит жуымас болар,—дейді қария.