Алаңғасар шаруа
1 мин оқу
Ертеде тарыны егіп, етектеп жинайтын кезде желдің ызыңынан қорқатын сужүрек әрі астындағы атын алты ай іздейтін ұмытшақ бір шаруа болыпты. Оған судың кезегі түнде келсе керек. Қас қарая кешке тамағын ішіп, үйінен шығарда беліне қыстырып алған күрегін ұмытып қалады. Ақыры күрегін таба алмай, көршісінің күрегін сұрап алып тары суаруға жолға шығады. Тақта басына жеткенде, толған ай сүттей жарық екен. Туғаннан суды өз атызына бұрып, енді басқа құлақты ашуға ыңғайлана бергенде, арт жағынан бір нәрсенің елең ете түскенін көзі шалып қалады, ол сасқанынан қолындағы күрегін лақтырып жіберіп, ауылға қарай зыта жөнеледі. Әлгі қонжық та соңынан ілесе қуады. Ол қатты шаршап, өлдім‑талдым дегенде үйіне жетеді. Үйдің ергеншегін жұлқа тартып үйге кіре бергенде, қуғыншы да қуып жетіп, белден қапсыра ұстап кейін тартады, сонда қорқақ шаруа:
—Ей, мықты болсаң, үйге кіргеннен кейін келісейін,—деп босағаға шүке тосып жата кетеді. Ерінің дауысынан шошып оянған әйелі беліне қыстырған күрегі есікке көлденең тіреліп екпеттеп жатқан ерін көреді. Ол:
—Үй, мынаған не болған, беліңдегі күрегіңді неге алып тастамайсың?—дегенде барып есіне күрегі түскен ері:
—Пу, әбден сорлағаным‑ай, күрек екені есіме келсеші, су далаға кетті‑ау, жүр қатын, жүр,—деген екен.