Бөген батыр (5-бөлім)
Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (ІІ үлгі) · 2 мин оқу
Тұрғын батыр Тәпелтестің айтқанын істеп, шешесіне сәлем беріп, кетерде:—Бір-екі рет бұйымым бар үшінші ретте жай тасыңызды бер?—деп сұрады. Кемпір беріп, қала берді. Тасты қолына ұстап, екі күн жүріп шыңрауға келіп жетті.
Он екі ай өткесін, баяғы мыстан кемпір қызға айтты:— Тұрғынды жұмсап, Ақ судан су алдыр, ішсең өте жақсы болады,—деп алдайды. Ақбілек жылап, қоймай, ағасын суға жұмсады. Тұрғынның қайнынан мініп келген Қара шолақ тұлпарын мінгізіп, қолына қара шолақ қылыш беріп аттандырып жіберді.
Тұрғын батыр баяғы қара жолға түсіп, Ақ суға қарай жүретін айрығына қарай келе жатса, алдынан аспанмен тірескен байтеректі көрді. Қасына келіп, атын байлап, дем алып отырғанда, терек басындағы үш балапанды көріп, қарап тұрса, теректің ар жағында он шақырымдық жерде екі жылан таласып жүр екен. Көре салды да, атын терекке байлауымен қалдырып, өзі қылышын қолына алып, екі жыланды барып бір жарым күннің ішінде өлтіріп, атына келіп, қайтадан дем алып отыра кетіп еді, атын отқа қоя беріп болған кезде, көзі ілініп кетіп, ұйықтап қалды. Батыр Тұрғын ұйықтап жатқанда,
Жаңбырлатып, шықтатып,
Тау қабақтай домалап,
Тас бұршақтай жапалап,
Алыстан жерді қуырып
Самұрық құс келеді.
Келе салып самұрық
Баланы жұтпақ болады.
Үш бірдей балапан:
—Айналайын, анеке,
Ойбай жұтпа,—деп,—баланы,
Алқымынан алады.
—Олай болса, балам—деп,
Көтінен саңқып тастайды.
Бұл саңқып тастағаннан кейін, самұрық:—Неге жұтпа деп айттыңыз?— деп сұрайды.—Өлтірме деп айтқанымыз, бұл адам біздің дұшпанымыз—екі айдаһарды өлтірді,—дейді. Сондықтан өлтірме деп айтқанымыз,—дейді. Заты хайуан ғой, солай болса да адам қадірін біліп, өзінше сыйлық көрсетті. Сонымен Тұрғын дем алып, Ақ суға қарай жол шекті. Бірнеше күн жол жүргеннен кейін Ақ суға жақындады. Айналасы қалың қалмақтың елі екен. Бұдан қалай су алуын білмей, айналып жүріп, Ақ судың жұқалау жеріне келіп, су үшін ойранды салады.
Суды Тұрғын алған уақытта,
Қалмақтар қарсы тұрады.
Қарсы тұрған қалмаққа
Тұрғын батыр ұрыс салады.
Әбден қызып алған соң,
Шуылдаған қалмақтың
Оң келгенін оң атты,
Сол келгенін сол атты.
Тіпті жауға болмады,
Он күндей соғыс болады.
Солқылдаған мырзасын
Табанға салып жүн қылды.
Қақпаның аузын қандатып,
Шарбақтың аузын шаңдатып,
Бір ай жарым болғанда,
Ұрысқа шыққан қалмақты
Тегіс бәрін қырады.
Қырылғаны қырылып,
Қалғаны қашып кетеді.
Қалмақты қырып болғансын, Тұрғын батыр еліне қайтады. Бұл суын алғансын, қайтып келе жатып, самұрықтың балапаны қалған терекке соғады. Сол жерде үш күн, үш түн дем алып жатады. Бұл теректе дем алып жатқаннан кейін, самұрық құс айтады:
—Ай, досым Тұрғын,
Жақсының жауы жаман-ды.
Жақыннан жау шықса,
Аударып кетер табанды.
Абайлашы, аңдышы,
Аударып кетіп қалмасын,
Үйіңде бар бір дұшпан.
Өлімге сені айдаған,
Өлімге басыңды ұйғарған.
Қапылыста, жан достым,
Табанына дұшпанның
Қапылыста түспегін!
Осы сапар барыңыз,
Мәні-жайын байқаңыз.
Қиын-қыстау іс түсіп,
Қинала қойсаң, жан достым,
Өзіме қайтып келіңіз.