Бөген батыр (2-бөлім)
Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (ІІ үлгі) · 2 мин оқу
Хабаршының сөзі:
—Елдің амандығы құрсын,
Кешегі бір күндегі
Бақтың асқан кезінде,
Бірнеше жыл жол жүріп,
Керіп алған көріктің,
Сүйіп алған тектің
Тап тоғыз ай, тоғыз күн болғанда,
Соғысып алған Ақборығың
Қос қара мойнақ иттің күшігін тапты.
—деп хабар берді. Бұл уақытта батыр не боларын білмей, қасында жүрген қырық батырды шақырды. Қырық батыр өзінің елінен ертіп шыққан жолдастары еді. Бұлар келген соң:—Ай, жігіттер, кешегі Ақборық қос қара мойнақ ит тауыпты, соны дарға асып, я болмаса құла су деген дариядағы аралға апарып екі күшігімен тастаңыз!—деп бұйрық береді. Батыр айтқан соң амал бар ма, қырық батыр ауылға келіп Ақборықты тауып алып, дарға асуға қимай, құла судағы аралға екі күшігімен әкеліп тастап, қырық жендет батырлар кері қайтты.
Ендігі хабар бұдан үш күн бұрын мыстан кемпірдің шыңрауға келіп тастаған екі баланың жайынан.
Жиренкөл мен қырық құлаш шыңыраудың екі арасы сексен күндік жер екен. Бірақ бұл Шыңрау қаласы керуеншінің жолындағы шыңрау болса керек. Кемпір тастағаннан кейін, үш күннен соң, қырық нарға жүк артқан өзбектер он күн шөлде жүріп, шыңрауға келіп қонды. Шөлдеп келген сарттар жүгін түсірмей жатып, шыңрауға қауға салады. Бұл салған қауғаны екі бала жұлып алып қала береді. Соның қырық қауғасын салса да сарттар су алып іше алмай, шөлдеп өлер болады.
Көп сарттың ішіндегі бір молдасы келіп:— Мені құдыққа сал, болса да шөлдеп өлетін болдық қой,—деп, беліне арқан байлатып құдыққа түсті. Бұл уақытта құдықтың түбіне жақындағанда, қауғаның үстінде томпиып отырған екі баланы көрді. Молданы бала көре салып «басын жұлып алайын» деп, тұра ұмтылып еді, қасындағы қарындасы адам екенін біліп жібермеді. Екі баланың сөзі:
—Құдай еді панамыз,
Шыңырау еді анамыз,
Шыңыраудан туған баламыз.
Құдайдан бөтен пана жоқ,
Шыңыраудан бөтен ана жоқ,
Құлақтан бөтен қара жоқ,
Тәңірі салса шара жоқ.
Олай болса, ей, аға,
Су алам деп ойлама!—
деп, су бермейді.—Су керек болса, бізді жарық дүниеге шығарып, түрлі олжа бер,—дейді. Молда: олжа берем, жарық дүниеге шығарам,—деп уәдесін береді. Молда арқанды сілкіп, екі баланы құшақтастырып, қауғаны жинап далаға шықты. Балалар жалаңаш екен, әбүйірі көрінетін болды. Сондықтан балаларға көйлек, дамбал беріп, қалашылар әбден тынығып алып, екі күннен кейін көше бастайды. Бала еріп кетеді. Балаға берем деген сыйлығын бермей, үш күнге шейін әуре етеді. Бұл уақытта бала сыйлық бермейтінін біліп ашуланады, ол уақытта сарттар «неге ашуланасың?» деп ұра бастайды. Тегі батырдың тұқымы болғандықтан, Тұрғын бала қорлыққа шыдамай, қалашылардың қолындағы қырық нарын, сексен тай жүгін тартып алып, саудагерлерді қаңғыртып қалдырады. Қырық нар, сексен тай жүкпен шыңраудың басында қалған қарындасы Ақбілекке келеді. Келгеннен соң жүкті ақтарып, киініп алады. Қабырғадан жақ, жыңғылдан шыңғақ оқ жасап, құлан-бұлан атып, күн көріп жата береді.