Бөген батыр (3-бөлім)
Бөген · І. Нұрмағамбетов нұсқасы (ІІ үлгі) · 2 мин оқу
Баяғы Бөген батыр қайғыланып, қатыны күшік тапқан соң, жұрт бетін көре алмай, үйде жата береді екен. Бұл Бөгеннің қайғыланғанын біліп, өзінің жолдастары—қырық батыр қайта келіп, сәлемдесіп, Жайық бойына ит салып, құс жүгіртуге ертіп кетеді. Еділ-Жайыққа қарай қырық көкжал, кілең батырлар келе жатқан сияқты.
Қырық көкжал бірігіп,
Көрінгенге ұрынып,
Ауыздары бірігіп,
Еділге қарай жүреді.
Еділ суының бойындағы жер бетіндегі қалың тоғайлықтың шөбіндей болып, суға қанған аққу, қаз, үйрек тағы құстарға қырық бір көк тұйғындарын құсқа қарай ұшырып жібереді. Бұл уақытқа шейін Бөген батырдың сары ала тұйғыны өмірде қашпаған еді. Бұл құсқа салған уақытта, жер бауырлап қаша бастайды. Сол қашқан сары ала тұйғын қашумен келіп, екі баланың мекен еткен қырық құлаш шыңраудың қасына келіп, қалашының жұртына қонады. Тұйғынның қонғанын біліп, Ақбілек сұлу тұйғынның шұбатылған жібек бауынан ұстап, қолына қондырады. Тұйғынның қашқан ізімен көп уақыттан кейін Бөген келеді. Келе жатқан Бөгенді көріп, жақындағанда Ақбілек сұлу қол қусырып сәлем береді. Бала көрмеген сорлы бойы елжіреп кетіп, сәлемін қабыл алады. Екеуі амандасып болғаннан кейін, «тұйғынымды бер» деп Бөген батыр қыздан сұрайды. Қыздың сөзі:
—Ата, ағайынды екеу едік, өзімнен үлкен ағам бар еді, соған тұйғыныңды бер, ағам ермек етсін,— дейді.
—Құдай еді панамыз,
Шыңраудан туған баламыз.
Құла жонда өсіп ек,
Айналайын, жан ата,
Тұйғыныңды беріңіз!
Қасымдағы ағамның
Астында аты, қолында құсы жоқ,
Ермек етсін жан аға.
Сен бермесең, жан ата,
Кімдерге барып айтамыз,
Кімдерді іздеп табамыз?
Жалғыз еді ағекем,
Тұйғыныңды беріп кет,
Ермек етсін жан көкем.
Ағаммен дос болыңыз,
Мен үшін аттан түсіңіз.
Жаманды-жақсы тамақ бар,
Аттан түсіп, жан ата,
Бізден тамақ ішіңіз!
Ағам аңға кетіп еді,
Тамақ піскенде келеді.
Бір азырақ кідіріңіз,
Жан көкемді көріңіз,
Бізбенен дос болыңыз.
Аға, ештеңе етпес,
Тұйғыныңызды беріңіз,—дейді.
Бөгеннің сөзі:
—Маңдайдағы екі көз
Бір-біріне ел емес.
Мені сыйлап ата десеңіз,
Атаңды әуре, мазақ етпеңіз!
Мазақ етуіңді, жан балам,
Екі дүниеде жөн көрмен.
Жөн болмаса, жан балам,
Тұйғынымды беріңіз,—
деп Бөген батыр, тұйғынына қолын ұсынады. Сөйтіп, тұйғынын алып Бөген батыр еліне қайтып келе жатқан сияқты. Сары ала тұйғынды қамшы етіп, шұбар атты гулетіп, екі иығынан дем алып, шаңдатып, жер танабын қуырып, жан-жағына алаңдап Бөген сынды сұр берен еліне келген секілді. Еңсесі биік ақ орда еңкейе барып кіреді, түсе бара құлады. Құр даладағы баланы көрген соң зарланып:—Құдайым шыңрауға бала беріпті, маған неге бермейді?!—деп жылайды. «Тұйғыны қашқан соң, Бөген батыр соны қуып кетіп еді» деп, қырық батыр Еділ бойына тағы ертіп алып кетпекші болып, қайта келеді. Бұл сапар батыр қан жұтып, өте жүдеу болғандықтан, келіп қырық батырдан ұлықсат сұрап бармай қалады. Сол қалғаннан Бөген ішкені ас, кигені киім болмай жата береді.