Қазақтың атасы (VІІ нұсқа) (2-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 2 мин оқу
Үш жыл өткен соң Алаштың әкесі тағы шыдай алмай, баласын сағынып, іші күйіп тағы Майқы биді, Қотанбайды шақырып алып, тағы ақылдасып, бірінікін бірі мақұлдасып және жүз жігіт нөкер қосып беріп, Қыдырқожа байдың үлкен ұлы Алшын мырзаны Алаш баланы, Үйсін, Болат мырзаларды нөкерлерімен бірге алып келмекші қылып жібереді.
Алшын мырза нөкерлерімен Сыр дариясынан өтіп, баяғы Үйсін, Болат, Алаштарға қосылып, о да сонда тұрақтап қалыпты. Ол үш жігіттің батыры өзінде, биі өзінде, өңшең бойдағырақ жүз балалар қосылған соң қайдан тыныш жатсын?! Жан-жақтағы елдерді шауып, жылқыларын тұқылапайдап алып, жасқы ат, жақсы қыздар болса, тартып алыпты. Жан-жақтағы елдеріне өте тынышсыз болыпты.
Қырноғайлы Орманбет бидің ықтиярсыз қыздарын тартып алып, сонан жанжал болып, «Жошы хан, Тоқтамыс хан дегендерін үш жүз жігіттің ішінде Едіге деген батыр өлтіріпті, елін бұлдап шауыпты» деген сөз осы күнге шейін мағұлым, мәшһүр әңгіме-дүр.
Сонда:
«Едіге деген ер екен,
Елдің қамын жер екен.
Ел шетіне жау келсе,
Мен шаншимын дер екен»,—
деген сөз сонан қалған екен. Ноғайлардың қазақтарға өш болып келе жатқандығы әуелден осы еді, дұшпан болудың себебі осы еді.
Сонда барымтадан, ұрлықтан әкелген малдың етін, ортадағы жүздің бастығы болып келген Болат мырза жемейді екен, нәрселерін алмайды екен: «кісі ақысы қиын болады» деп. Өзгелер «Бұ не қылған тақуаланған адам еді» деп оттайды екен. Жемеген соң «қожа» деп қойыпты. Орта жүздің атасының атын Болатқожа деп аталудың себебі осы еді.
Осындай барымташыл, ұрлықшыл, зорлықшыл болған соң бұлардың бәріне «қазақ» деп ат қойыпты. Қазақ деген кісі емес, күллі халыққа қойылған ат.
Және қазақтың «қазақ» деп аталу себебі, Өзбек балалары Қазақ аталмастан бұрын, сол Түркістан жағында орын алып, қазы болып тұрыпты ғой. Сонда екі сарт баласы бір нәрсеге таласып, қазыға келеді. Қазы екеуіне де болыспай, ғаділ хүкім қылады. Сонда сарт айтыпты: «қашқын, қасиақ» деп, «қасиақ» деген сөзді жеңілдік үшін «и» һәрпін алып тастап, қазақ (қасақ) деген еді. Қазақ һәріп айырмайды. Бәрін «ла» мен айтады. Соның үшін «қазақ» деп аталу себебі—сол дейді.
Сол үш жігіттің басы қосылып, көбейіп, ұйымдасып, ұрандасып, антмақ қылысып, өздері ортасынан біреуін шығарып, хан сайлапты. Хан сайлағанда баяғы ала бала Алашты сайлапты. Ақ киізді жайып, алаша төсекті салып, хан көтеріп «Алаш!» деп ұран шақырып, «ел болайық, жұрт болайық!» деп, тағы да уәде үстіне уәде қылысып, қол көтерісіпті.
Сол атмақ қылысқан соң, уәде болысқан соң баяғы әуелгі жүз жігітке бастық болып келген Үйсінді «сен—Ұлы жүз,Үйсін» деп, Ұлы жүз, Үйсін атын беріп, Сырдарияның бас жағын өрлете қондырыпты.
Орта жүзбен бірге келген Болатқожаны «сен—Орта жүз, Болатқожа» деп атын беріп, Сырдарияның орта кезін ала қондырыпты.
Соңғы жүзбен келген Алшын мырзаны «Сен—Кіші жүз, Алшынсың» деп атын беріп, Сырдариясының етегін ала қондырыпты.