Қазақтың түбі (ІІІ нұсқа) (2-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Тоқтағұл мерген:
—Олай болса, жарайды,—деді.
Сонан соң уақыт жеткен соң бір ер бала келтірді, өзінен көркем болды. Сонан сон некесін қиып алды. Далада жүрмейік деп еліне келді. Еліне келген соң со бала ер жетіп өсті. Өзі жақсы, әділ болды. Со баланың атын Шыңғыс қойды.
Ол уақытта олардың тұрған жерінің патшасы өлген екен, бала қалмаған екен, елі патша қылуға жақсы кісіні таба алмайды. «Сол Шыңғыс деген баланы патша қылалық» деседі. Баланы патша қылады, «Өл десең, өлерміз!» деп ант береді.
Сол Шыңғыс патша болып, әділ болды, кісіге зұлмат қылмады, зорлық қылмады, жұрты тыныш болды, елде ұрлық, өтірік жоқ болды.
Шыңғыс туғанда Тоқтағұл мерген Алтынбел ханның қызын алған екен, сол қатыннан үш ұл бала туды. Ол үш ұл ер жетті, ер жеткеннен соң сол Шыңғыс деген патшаға зорлық қылды: «Бұ атасы жоқ бала еді, мұны патша қылмаймыз, біздің атамыз бар, біздің бірімізді патша қыл!» Сол патша сол үш баламен егес болды. Сонан соң патша: «Мен жалғыз едім, мені өлтірер» деп, қашпақшы болды. Шешесінің қасына келді, айтты:
—Е, шеше, мен кетемін қашып, мына үш жаман балаң мені өлтіретұғын болды,—деді.
Шешесі сұрады:
—Енді, балам, сен қайда барасың, барған жеріңді маған айтып кет! Мен сенің өлі-тірі хабарыңды қайдан білейін,—деді.
Шыңғысхан айтты:
—Қайда барайын? Өзің ағып келген судың басына барып, сол атамның тұсына барып, анда жетермін! Атам судың ар жағында болса, судан өтсем, өтермін, өте алмасам, судың бері жағында, со жерде жатармын. Е, шешекем, менің өлі-тірі хабарымды білдірермін саған, осы өзің ағып келген судан құстың жүнін салып тұрармын, құстың жүні өтіп тұрар. Өтіп тұрса, менің тірім, құстың жүні өтпесе ағып, менің өлгенім,—деп уәде қылды да, аман бол, шеше!—деп кетіп қалды.
Шыңғыс қашып барып суды өрлеп кетті, атасының тұсына келіп, судан өте алмай, бұ жақта жатып қалды. Жатып аң атарға шықты, аң атып, құс атып, аңның терісінен үй қылып алды. Құстың жүнін суға салып тұрады. Құстың жүні аққан суменен өтті, шешесі тірісін біліп тұрды енді. Шыңғыс құстың жүнін таудай қылып үйіп қойды.
Сол Шыңғыс кеткеннен соң ел патшасыз болып қалды, кімді патша қылармыз деп састы, онан соң «осы қатынның баласы жақсы болушы еді» деп бір Бергелтай деген баласын хан қойды. Бергелтай жұртты бүтін тұтып жақсы қылып тұра алмады, жұртында ұры көп болды, тентек көп болды, өтірік көп болды, оның тілін адам алмады, өзі әділ болмады, парақор болды. Сонан соң сол жұрты азып-тозды.
Жұрты бір жерге жиылып кеңес құрды. «Біздің патшамыз әділ болмады. Жаман болды, ол жұртты тұтып тұра алмады. Шыңғыс хан патшамыз тұрған уақытта жұртымызда ұрлық, өтірік, зорлық жоқ еді, жұртымыз көп еді, енді аз болып қалды, жұртымыз таусылатұғын болды. Бергелтай патша бола алмас, со Шыңғысты іздеп табайық, Мұны қайдан табамыз? Қайда кеткенін Құдай біледі, өзге жан біліп болмас, бір білсе шешесі білер, онан сұралық!»
Жұрты жиылып сол шешесінікіне келді, айтты:
—Сол Шыңғыстың қайда кеткенін білемісің?—деді.—Мына жаман балаң патша бола алмады, жұртты бүтін тұтып тұра алмады. Шыңғыстың заманында жұртымыз жақсы еді, со Шыңғысты іздейік,—деді.—Біз қайда кеткенін білмейміз, сіз соны білерсіз, сіз айтыңыз, білсеңіз!
Шешесі айтты:
—Мен айтайын! Барсаң-дағы, тауып алсаң-дағы мында келмес! Келсе, түзу айтайын! Осы суды өрелеп жұрт отыр, осы судың бойында Шыңғыс бар-ды, табарсыңдар барып, жалынарсыңдар, Шыңғыс келер, жаман сөз айтпандар, көптен кісі көрген жоқ, шошып кетпесін!» «Жарайды» деп жиырма бес кісі Шыңғысты іздеп кетті.