Қазақтың атасы (VІІ нұсқа) (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 2 мин оқу
Өткен заманда қырық сан Қырым жұртында қырық ханы болған замандарында, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, Құба қалмақ, Қазақ- қалмақ болған болған замандарда, он сан Орманбет бидің елі Дешті-Қыпшақ шаһарларында тұрған замандарда, Түркістан тараптарында түріктің Өзбек деген баласы өте көбейіп өсіп, «отыз екі баулы Өзбек» атанған. Сол Өзбектің руынан біраз үй көшіп-қонып, сол маңайды қоныс қылып жүреді екен. Сол көшіп жүргеннің ішінде Майқы би деген би бар екен.
Майқы бидің Аламан деген ұлының тоқал қатынынан ала бала туыпты. Бәйбішесінің ұлы жоқ екен. «Тоқал бала тапты» деп күншілік қылып, Аламанды азғыра бастапты.
Бұл ала бала жұртыңды ала қылады, мұның көзін жоғалт! —депті.
Сонсын Аламан бәйбішесінің тіліне еріп:
—Сырдарияның суынан өткізіп таста,—деп жарлық қылған соң, елі бидің сөзін екі қыла ма? Сырдарияның суынан өткізіп тастапты.
Сол ала баланың аты «Алаш» екен. Алаш Сырдариядан өткен соң оның аржағындағы сахарада он сан Ноғайлы Орманбет бидің елінің ішіне барып, сонда жүріпті. Өсіп, үлкейіп, сондай өнерпаз: оқ атуға, қылыш шабуға, ат ойнатуға бек ұста, бек қуатты бір жігіт болып, шұһраты әр жаққа таралып, аты елге мәшһүр бопты.
Сөйтіп жүргенде баяғы атасы Аламан естіп, өз баласы екенін біліп: «Әттеген-ай, бекер жіберген екем, қатынның тілін бекер алған екем»,—деп өкініп, алдырсам деп ниет қылып, басқа елде жүргеніне іші күйіп жүріпті.
Сонсын, ақырда Аламан шыдай алмай, елін жиып ақылдасып, Қотанбай деген биге айтып, сол Қотанбайдың тағы баяғы атасы Майқы бидің баласы Аламанөзінің інісіне жүз жігіт қосып беріп, «еліктіріп, алдап алып келмекші» қылып жібереді.
Жіберген Қотанбайдың үлкен ұлы—аты Үйсін екен. Сол Үйсін батыр қасында жүз жігіт нөкерлеріменен бірге Сырдариядан өтіп, балаға келіп көрісіп, қосылыпты.
Сол бала мен Үйсін екеуінің мінезі, сыры лайық «Ерге—ер, сырға—сыр» дегендей, әбден айырылмастай дос болыпты. Сарыарқаның сапырулы сары қымызын, салулы сары төсегін көріп Үйсін көңілі балаға елігіп, алданып, баяғы елін ұмытып, Алаштың жанында нөкерлерімен тұрып қалыпты. Және Алаш бала: «Өзі тастаған әкенің маған керегі жоқ»,—деп, әкесі Аламанға бармайтын болыпты.
Мұнан соң үш жыл өткен соң әкесі Аламан тағы шыдай алмай, тағы Майқы биді, Қотанбайды шақырып кеңесті. Бұлар тағы да Қотанбай бидің ортаншы баласы Болат мырзаны аттандырып, жанына жүз жігіт нөкер қосып беріп, баяғы Алаш баланы және жүз жігіт нөкерімен Үйсін мырзаны еліктіріп алып келмекші қылып жібереді. Болат мырза нөкерімен бірге келіп, ағасы Үйсінге, Алашқа қосылып, өз еркімен жұртына жеріп болған соң және ағаларының сауық, ойын-күлкілерін көрген соң көңілі алданып, елін, әкесін есінен шығарып, ағасы Үйсіннің жанында тұрып қалыпты.