Қазақтың түбі (ІІІ нұсқа) (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Бір Алтынбел деген хан болған, ханның жалғыз ұлы бар еді, аты—Қайшылыхан, сонан басқа баласы жоқ еді. Бір күндерде ханның қатыны құрсақты болды, бір уақытта бір қыз бала келтірді, ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ. Тапқан шешесі қызын көріп көп күнге дейін талып қалды. Сондай бір қыз келтірді деп ханға айтады.
Хан айтты:
—Адамға көрсетпе. Кісі көрмесін деп бір жерге жасырып асырат!—деді. Сонан соң ханның қатыны бір кемпірді шақырды, кемпірге бір жүз ділдә жылында берді. Кемпір бұл баланы алып, қараңғы темір үйге салып асырады.
Сол қыз бір күндерде ер жетіп өсті. Өскеннен соң бұ қыз бір күнде кемпірден сұрайды:
—Сен қайда барып жүресің?
Кемпір айтады:
—Е, балам, бір жарық дүние бар, жарық дүниеде әкең бар, шешең бар, талай жандар бар, анда барамын.
Қыз айтты:
—Е, енеке! ешкімге айтпаймын, маған со жарық дүниені көрсетші!
Кемпір айтты:
—Жарайды, ешкімге айтпасаң, көрсетейін!
Кемпір бұ қызды тысқары шығарады, шығарғаннан соң қыз бұ жарық дүниені көріп, бойы балқып, есі ауып қалды. Сол тысқары шыққан күндерінде оған Алла тағаланың көзі түседі. Алланың әміріменен со қыз құрсақты болды. Бір күндерде іші өсіп үлкен болды. О қыз буаз болғанын кемпір білді, енді мені өлтіреді деп қайғы жеді. «Енді мені өлтірсе де, қаным ақ! Ханның қатынына айтамын»,—деді.
Кемпір келіп ханның қатынына айтты:
—Қызыңыз құрсақты болды, еш адамға мен оны көрсеткенім жоқ, өлтірсеңіз—қаным ақ. Тірі қалсам, жолы—ақ!
Ханның қатыны айтты:
—Сен онан басқа не қылдың?
Кемпір айтты:
—Қылғанымды жасырмаймын, менің қылған жазығым, бір ақ рет тысқа шығарған едім. Шыққан күннен құрсақты болды.
Ханның қатыны айтты:
—Сен жамандық қылмаған болсаң, ханға жауабын мен өзім берейін.
Солай айтып ханға барды. Ханға келіп айтады:
—Қызымыз құрсақты болды Алланың әміріменен. Оны еш адам көрген жоқ еді.
Хан айтты:
—Олай болса, өлтір оны!—деді.
Ханның қатыны айтты ханға:
—«Хан қызын өлтіріпті» деген атақ жаман болар?
Хан айтты:
—Енді не қылсаңдағы, көзімнен жоғалт!—деді.
Қатын өлтіруге қызын қимады, бір алтынды абдыраға салып, ішіне азық салып, аузын жауып, кілтін сыртына байлап, ағып жатқан дарияға салып қоя береді.
Сол бір жерде Домдағұл соқыр, Тоқтағұл мерген бір жерде аң аулап жатушы еді. Сол дарияның ортасында ағып келе жатқан абдыраны көрді. Тоқтағұл мерген көргенде:
—Ай, жолдасым—деді,—судың ортасында жарқырап бір нәрсе ағып келеді, Құдай берсе, оны біз алармыз, ала қалсақ сен ішін аламысың, тысын аламысың? Со жерде үлеселік, қолымызға келген соң бір-біріміз таласып араз болармыз.
Ол Дамдағұл соқыр:
—Мен тысын аламын»,—деді.
Тоқтағұл мерген айтты:
—Мен ішін аламын, не шықса да, шықпаса да менің бағымнан болсын!
Сонан соң жібектен жіп есіп, оққа байлап, Тоқтағұл мерген атады, ол оқ барып абдыраға қадалады. Абдыраны тартып судан шығарып алады. Абдыраның аузын ашады. Ашса, ішінде он төртінен туған айдай боп бір қыз жатады. Екісі көргеннен соң көркіне есі ауып қалады:
—Не қызсың? Не еткен жансың?—деді.
Қыз айтты:
—Мен Алтынбел ханның қызы едім,—деді.—Мені бір қараңғы жерде асыраған екен, мен Алланың әмірімен құрсақты болыппын. Мені сонан соң әкем: «Өлтірсін!»—деді. Шешем өлтіруге қимай: «Қайда кетсе де, тірі кетсін!» деп, осы абдыраға салып қоя беріпті.
Тоқтағұл мерген айтты:
—Сені біз алармыз, бізге тиемісің?
Қыз айтты:
—Тиейін, мен осы ішімдегі баламды дүниеге келтіргеннен соң, мен сонда тиейін саған!—деді.