Қазақтың түбі (ІІІ нұсқа) (3-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Бір күндерде Шыңғыстың жеріне келіп жетті. Шыңғыстың аң терісінен қылған үйін көрді, таудай қылып үйіп тастаған құстың жүнін көрді, орнатып қойған ат байлайтұғын діңгегін көрді. «Е, Шыңғыс осында екен» деді. Шыңғыстың өзі жоқ екен, аң аулауға кеткенін білді. «Біз бұған көрінбейік, бізді көрсе, қашып кетер, атымызды жасырып, өзіміз құстың жүніне еніп жаталық, келіп ұйықтап жатқан жерінде ұстап алалық». Жасырынып жатады.
Бір күндерде Шыңғыс келеді, діңгекке Шыңғыс хан келді өзі. «Ханның атын ұстаңыз!» деді, аттан түседі, және өзі: «Ханның атын байлаңыз!» деді. Хан үйге кірді, өзі: «Ханға есік ашыңыз!» деді.
Үйге кіргенде: «Ханның астына құс салыңыз!» деді. Өзі отырды. «Ханның алдына ас әкеп қойыңыз!» деді. Асты өзі алып ішеді. Асын ішкен соң ұйқысы келді. «Ханға төсек салыңыз!» деп, өзі салып жатты.
Жатып қалған жерінде жиырма төрт кісі бас салып ұстап алды, жиырма төрт кісіні бірін бұлай, бірін бұлай лақтырады.
Кісілер айтты:
—Е, тақсыр хан! Құлдық қыламыз деп жалынып келдік, сіз кеткен соң еліміз азып, тозып кетті, қайтып жүріңіз! Патша болып орныңызға тұрыңыз!»
Сонан соң қайтып алып жүрді, еліне алып келді. Бұрынғы орнына хан қыламыз дегенде, соңғы байдан туған үш інісі:
—Мұны патша қылмаймыз, бұл кетсін, кетпесе, мұны өлтіреміз!—деді. Сонан соң жұрт жиылып кеңес құрды:
—Мұны қайтеміз? Бұны патша қылсақ, өлтіреміз дейді, өздерін патша қылса да шешесі білсін!—деді.
Шешесіне үшеуін жіберді: «Төрт баласының қайсысын шешесі патша қылса да біз соған ризамыз!»—деді.
Төрт баласы шешесіне келді. Бірісі: «мен боламын патша» және бірісі «мен боламын!»—деді. Төртеуі таласып келді.
Төрт баласына шешесі айтады:
—Бәрің де менің баламсың,—дейді.—Сендер таласпаңдар! Мен төртеуіңді әділ шариғат қылайын. Мына сағымға садақтарыңды іл, сағым садақтарыңды көтерсе, соның патша бол!
Төртеуі апарып сағымға садақтарын ілді. Үшеуінің садақтары жерге түсіп кетті, манағы Шыңғыстың садағын көтеріп тұрды сағым, астында біреу жоқ, үстінде байлау жоқ. Сол жерде сол қатын жұрттың бәрін жинап алып:
—Мынаны көріңдер!—деді.—Бұл Алланың әмірінен бала болған, мұның садағын Алланың әмірімен сағым көтеріп тұр. Мұны патша қылыңыз! Анау үшеуі бұған зорлық қылса, сол үшеуін өлтіріңдер!—деді.—Сендер көпсіңдер, зорлық қылдыртпаңдар!—деді.
Сол хан болып тұрып қалды, тозған жұртын жиып алды, өзі сондай әділ патша болды. Өзі бір жақсы қатын алды. Қатыны үш ұл тапты, бір қыз тапты. Сол патша болып тұрған заманында әр патшадан артық болды, ешбір жауға алдырмады, жұртына қайғы салдырмады. Сонан соң сол жақсы патша бар деп Үрім шаһардың кісісі келіп, «бір баласын бізге бер» деп сұрап келді: «оны патша қыламыз». Үрім шаһаріне берді бір баласын. Қырым шаһарінің кісісі келді, «Шыңғыс ханның баласын хан қылғалы аламыз» деп сұрап келді, ол бір баласын алды патшалыққа. Қалипа жұрты келді: «Бір баласын бізде патша қыламыз» деп, оған бір баласын берді. Онан соң сол «Шыңғыстын бір баласын біз де аламыз» деп орыстан келді. Оған ұл баласы қалмаған cоң Ақбибі деген қызын берді. «Оны патша қыламыз» деп орыс алып кетті.
Ол Шыңғыстың өзі өлгеннен соң әділ, жақсы патша болмады. Сол Шыңғыстың үш баласы патшалықта болып, үш жерде тұрды. Енді бізде қазақта қалмады. Әз-Жәнібек, Пепегетай, Бергелтай—шешесінің үш баласы осы тұрған жаман төрелердің аталары.
Әз-Жәнібек ханның баласы Досан хан Ұлы жүзде болған, оның баласы Әлихан болған, оның баласы Бөпехан болған, оның балалары көп болып кетті.
Шешесінің атасы—Алтынбел хан, оның баласы—Қайшылы хан, оның баласы—Темір хан, оның баласы—Досым хан, оның баласы—Есім хан, оның баласы үшеу болған: Еңсегей бойлы Ер Есім, Есімнің баласы Абылай хан болған.