Олжабай және Жасыбай (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
деп, Шойындыкөлді басып өтетұғын жолдың асуында Жасыбай жатты да, «Торайғыр көлі» деген көлді басып өтетұғын жолдың асуында Олжабай жатты.
Ол заманда да қалмақ қосыны тау-тауға бекініп, тауға паналап жүреді екен. Жасыбай жауырын жақты. Жауырынға қалмақ қосыны Қызылтауға үйіліп, төгіліп тосып қалғаны түсті. Қарауыл қарайтұғын тасына шықты. Қызылтауда бір тасқа шығып, қалмақ қарауылшысы да отыр екен. Бұл оны көрді де, ол мұны көрді. Үйіне келіп, жауырын жақты. Жауырынға қалмақ қарауылшысының көбіне айтып барғаны түсті. Ол айтқан екен:
—Асудың ауызында бір жанды қара кердім. Кісі екенін, құс екенін айыра алмадым. Ертең қарауылға тағы шығамын. Кісі болса, тағы отырады. Құс болса, бір жерде қозғалмай отыра бермес, ұшып кеткен шығар,—деп.
Сол сөзі жауырынға түсіпті. Жасыбай қу сүйекті үгіп, күл қылып, бір ақ шүберекке түйіп, бір тулақтың пұшпағына байлап, қарауыл қарайтұғын тасына шығыпты. Шықса, қалмақтың қарауылшысы отыр екен. Күн қатты дауыл, уілдеп тұрған жел екен. Тулақты аспанға ұшырып, күлді шашылатұғын қылып қоя беріпті. Қалмақтың қарауылшысы қуанып, жүгіріп, көбіне барып айтыпты:
Кешегі құс екен, аспанға ұшты, саңғып жіберді. Құс екенін сонан білдім!—депті. Қалмақта да жауырыншы бар екен. Жауырын жағып жіберіп, қарапты да, айтыпты:
Ол—құс емес, кісі. Өзі жауырыншы, өзі мерген. Біздің қарауылшы: «құс екен»,—деп ойласын деп, тулақ ұшырып, күл шашылдырыпты. Ал жалма-жан аттарынды ерттеңдер! Ердің алдыңғы қасын аттың көтіне қаратып ерттеңдер! Жауырынға аттың басы түспейді, ердің қасы түседі. «Қайтып кеткен екен» деп, бейғам болсын. Түн қатып жүріп, түн ішінде барып, асудың ауызын алып, тұра қалыңдар!—депті.
Қалмақ өз жабдығын қыла береді. Жасыбай үйіне келе сала жауырын жақса, ердің қасы әрмен қарапты.
«Бәлем, қашып кеткен екен ғой» деп, бейғам жата беріпті. Жауырынға нанды да қойды. Сөйтсе, қалмақ түн бойы жүріп, түн қатып келіп, отыз мерген жез айыл мылтығын қатар ұстап тұра қалған екен «Бәлем, енді көрінші! Мың жаның болса да көрейік!» деп. Жасыбайдың ойында дәнеме жоқ, қаннен-қаперсіз (қаннан-қабарсыз) қарауыл тасына шыға бергенде, дәл өндіршектен көздеп, мұрттай ұшырыпты. Байғұс жаман інісі жан ұшырып: «Олжабай, қайдасың?» деп қашты дейді. Қалмақтың Олжабай-Молжабай ойыңда бар ма, асудан асып келіп, көлдің басына үйіліп-төгіліп түсіп жатқанда, сарыала туы салбырап: «Олжабай! Олжабайлап!» келіп қалғанын бірақ көріп, топырлап қаша берді. Олжабай мұның алдына шығып, қайыра қайырып: «Қойдай иіріп қырмаған соң, не керегі бар?—деп «Қалмаққырған» тасына иіріп, қойдай қамаған екен. Сондықтан ол тас «Қалмаққырған» атанған дейді.
Сонда Олжабайдың жолдасы Төртуыл Баймұрат деген батыр:
—Сенімен төбелесер бір қалмақ жоқ. Қалған-құтқан болса, маған сауға бермейсіз бе?—деп, түсе қалып шылбырынан ұстап тұра қалған екен.
Сонда Олжабай айтыпты:
—Жасыбайдың бір бармағының құны да толған жоқ,— депті.
«Сонан кейін қалмақ Сарыарқаны көксеп, бері карай басқан емес» деседі.