Малайсары және Олжабай (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Орта жүз Арғын, Сырым, Малайсары батырдың әкесі Тоқтауыл батыр заманында «батыр» атанған кісі екен. Тоқтауыл батырдың ауылы бір қопалы көлге қонып: «оттасын, жайылсын!»—деп, бұйдасын түріп, бос жіберген түйелері қопаның ну қамысына шөгіп, бет-бетімен аралап кіріп кетіпті.
Не екенін білмейді, бір нәрсе түйелерді лақтырып: «әуп! әуп!» деген дауыс естілген соң: «дәу де болса, бұл жолбарыс шығар!» деп, жұрт ду көтеріле шапқанда, Малайсары бір шұбар тайға мініп, олай-былай шапқылап жүрген бала жұрттан бұрын абайсыз жолбарысқа барып қалғанда, жолбарыс шұбар тайдың құйрығынан алып, «әуп!» деп, аспанға атқанда, бала таймен бірге кетпепті. Жолбарыстың үстінде мойнынан құшақтап, ұйқы-тұйқы болып жүргеннің үстіне Тоқтауыл батыр барып қалып, жолбарысты жарып, баласын аман айырып алыпты.
Осы Малайсары заманында ептейсіз ірі батырдың есепті бірі болған.
Абылайдың мінгені Айғайсары,
Айғайласып келгенде, жердің тары.
Абылайды сан қалмақ қамап жатыр,
Туыңды ала, шаба гөр, Малайсары!
Абылай хан атақты, әруақты, бақты хан болған күнінде Уақ Сары Баянсыз, Балтакерей Тұрсынбайсыз, Шанышқылы Бердіқожа, Көкжарлы көкжал Барақ, Сырым Малайсарысыз жорыққа аттанбайды екен.
Сырым Малайсары батыр қара қалмақ Қатысыбанның ханы Қоңтажының қолына тұтқындыққа түсіпті. Қалмақтың ханы ақбоз үйге кіргізіп, құда, күйеуше сыйлап күтіп: «Сірә, мұнымен елдеспей, бізге тыным-тыныштық болмас!»—деп:
—Сені біз осы сыйлаған бетімізбен сыйлап аттандырайық. Сен тұңғышың Тілеуқабылды бізге «ақ үйліге» бер! Ақ мылтықтың ауызын жаласып, анттасайық. Бір-бірімізге жау болмасқа сенімді уәдеміз осы болсын!»—десіп, бұл баласы Тілеуқабылды қалмаққа «ақ үйліге» бермек болып, ақ мылтықтың ауызын жаласып, анттасып қайтқан екен. Сонан үйіне келіп, жаңа «уе» (уф) деп, демін алып отырған үстіне қалмаққа қосын жасап, ту тігіп, Абылай хан келіп қалыпты:
—Отырма! Атқа мін, жүр!—дейді ғой. Малайсары:
—Мені қой, мен бармаймын! «Қалмақпен жауласпаймын!»—деп, ақ мылтықтың ауызын жаласып, анттасып қайтып едім. Антқа ұшырап қалармын!—дейді.
—Қалмақ шіркіннің анты не қылар дейсің?! Жүр, сен бармасаң, болмайды!—деп, еркіне қоймай, ертіп алып, аттанып, қалмаққа барған екен. Барса, қалмақ күн бұрын естіп, күтініп, дүние дүние болғалы, жер, су болғалы жау беттеп кіріп, бұзып ала алмайтұғын бір берік қорғандары болады екен, тас-түйін болып соған қамалған екен.
Сонда Абылай хан төрт батырды жіберіпті:
—Қорғанды айналып [айланып] болжап келіңдер, бұзып кірер жері бар ма екен?—деп.
Сонда Уақ Сары Баян жоғары ұмтылып, қорғанның үстінен үңіліп, ішіне қарай бергенде, дулығаның қақ маңдайынан оқ тиіп, дулығаның артына қарай қайқайып қалғанын көріп: «жығылды ғой» деп, калмақтың мергендері қорғанның үстіне шығып, көре сала батырлар жалт беріп қашқанда, арт жағынан оқты жаңбырдай жаудырыпты.
Сонда Абылай хан:
—Бір қанды ауыз мылтықтың ауызы Малайсарыға дөп келді-ау! Құдай-ай, сақтай кер!—дегенше болмай, Малайсарының сауытының жырық жігінен шонданайдан оқ тиген екен. Жүремете сол қалмақ үш атыпты. Өзгелері дін есен, неше оқ болса Малайсарыға тиіпті. Батырлар аман келгеніне өзгелері қуанысқан екен, Абылай хан:
—Малайсары аман емес, аты кереңдеп қалды!—депті. Айтса, айтқандай, Малайсарының белін оқ қиратып тастаған екен.
Қосына ап келіп түсіріп, жатқызыпты. Абылай хан:
—Өзге тамақты бұған бере беріңдер! Жалғыз-ақ ескі қатқан сүр ет бермеңдер! Шегі аман. Қатқан сүр ет берсендер, шегі жыртылады. Онан соң үйірге қосылмайды!—депті.