Олжабай батыр (ІІІ нұсқа) (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Бұл—тарих, шежіре. Ауыздан-ауыз алынған сөздерден жиналған. Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батырдан сөйлейік.
Бұл Олжабай батырдың туысы Орта жүз арғында он үш жасында «Айдабол би» аталған Айдабол-Күліктің Айдабол ұрпағынан шыққан. Айдабол бидің бәйбішесінен: Жанқозы, Малқозы, Кенжеқозы. Ортаншы қатынынан: Қарақозы, Бозқозы, Аққозы. Кенже тоқалынан: Қожакелді, Тайкелтір. Осының бәрі де өсіп-өніп, өзді ру ел атанған. Жалғыз-ақ бәйбішенің кенжесі Кенжеқозы қыршын жас күнінде өліп қалып, атастырып қойған қалыңдығы оң жақта жесір қалған. Қайыны—Үйсін Қаратай батыр екен. Айдабол би Қаратай батырдың қызы тоқалынан туған «Тайкелтірге алып беремін» деген соң Жанқозы:
—Көттесім жесірін тоқал баласына алдырмаймын,— деп,—тетелес інім Малқозының баласы Толыбайға алып беремін,—деп,—берсе, қолынан, бермесе, жолынан аламын,—деп ту тігіп, қосын болып барған.
Қаратай батыр:
—Құдай дескен, құйрық-бауыр жескен құдамсың. «Құданы Құдай қосады» деген. Арғындығыңа кетіп, аңғалдық қылып, бұл келісің қай келіс? Жасанған қолыңнан, адасқан жолыңнан қорықпаймын. Жол-жобадан адаспаймын. Көп жолдасыңды қайырып жібер, қосшы-қолаңшыңмен өзің қал. Біржолата ұзатып, алып қайт!—деген соң, Қаратай батырдың «айтқанына көніп, айдауына жүріп», жаз барған жолаушы қысқа килігіп қалып, қыс ішінде ұзатып алып қайтқан.
Қаратай батыр түйесінің басын жетектетуге шанышқылыдан Бөктік деген бір қызды алдырып, қызына «жетім» қылып, қоса берген. Жолда келе осы екі қыздың екеуі де босанып, ер ұл [туған]. Шанышқылы қызы Бөктіктен туған баланың атын: «бұған ат болуға осы отырған қос та жетер» деп «Қосжетер» қойған. Аман-есен елге келген соң «еңбек қылып барған, жүрген-тұрған бізге олжа болуға Олжабай жарар» деп Бөктікті онан Қосжетерді Айдабол бидің босағасына байлап, Жанқозы әкесі Айдабол биден бата алған. Айдабол бидің толып жатқан көп баласының өсімі-өнімі де бір төбе, Жанқозының жалғыз өзінің өсімі-өнімі—бір төбе. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» делінген сөз осындайдан айтылған.
Айдабол бидің Қожакелді, Тайкелтір екі баласы бірдей құба қалмақ ханы Қалдан Шерінге олжаға түсіп кетіп, қалмақ қолында қалған.
—Ол екі бала өлді ғой, не тірі жүрсің?—деп Айдабол мұнда қалған балаларына енші үлестіргенде, тоқал балаларына үлес-сыбаға қалдырмаған. «Болат пышақ қап түбінде жата ма?», Тайкелтір аман келіп, еншіден құр қалғанын білген соң, жылап қоя берген. Сонда Айдабол би сасқан, ұялған:
—Мұндағыларға шөп кіндікті малды бердім, саған ет кіндікті адам қойдым. Мына Бөктік, онан туған Қосжетер сенің еншің болсын. Қара бауыр қылып ал! Менің кісілігім, бақ-әруағым сенде қалады,—деп батасын берген.
Сондықтан Тайкелтір, Қосжетер (Қошетер) бір бауыр, бір ауыл болып, «Тайкелтір-Қосжетер (Қошетер)» атанған. Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батырдың әкесі Толыбайдың жұтта[н] қалған жалғыз құлашолақ биесі бар екен. Құлашолақ бие құлындап, арбаға байлап сауып отырғанда, жау алып кетті. Он жеті жасар күнінде Олжабай құлашолақ [ты] іздеуге екі екі қоржынның басын қақтаған жылан етіне лық толтырып алып:
—Құс ұшпас, құлан жортпас белдерден де асармын. Ұшқан құстың қанаты күйетұғын, жүрсе, аттың тұяғы күйетұғын шөлдерден де асармын. Құла биені жеті қабат жердің түбіне кіріп кетсе де, қоймаймын!—деп аттаныпты.