Олжабай және Жасыбай (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Біздің бұл қазақ Сыр бойынан ауып келгенде, Ұлытау, Кішітауды қыстап, Сұрқарасортыны жайлап, сол маңа[йға] орын теуіп жүріпті. Баянаулаға «Барлыбай» ұранды Бәсентиін [келіп] «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылынан тышқақ лақ өлтірмей, дін есен қалған екен. Олжабай батыр соны естіп, өзге Сүйіндік—Ұлытау, Кішітауда төртті-бесті үйді соңына ертіп, Баянаулаға келіпті. Кісіден сұрап мал жей ме? Тоқты-торым, тай-тулақ, бұзау-тайыншаны қуалап келіп жей береді.
Барлық Бәсентиін біріне-бірі тығылып, Баянауланың бауырына жиылыпты. Бір байынікіне ту бие сойдырып, жиылыс қылысыпты:
—Осы бір төрт-бес үй қыстай маза бермеді. Ендігі жылы тағы осыны қылады. Бұрынғылар: «Көп қорқытады, терең батырады» дегені қайда? Қарасын өшіріп, көзін жоғалтып кетейік!—десіп отырғандарының үстіне Олжабай батыр өзі кіріп келіп:
—Сендер көшіп кетіп қаласыңдар! Біз айыр өркеш түйеміз жоқ, бауыры сүтті биеміз жоқтықтан, тауда қаламыз. Тас кеміреміз бе, тау кеміреміз бе, үлеспеген еншіміз бар. Көш[ер] елдің көштігі болса, еру елдің ерулігі бар. Еншіміз болса, бөліп, ерулігіміз болса, беріп кетіңдер!—дегенде, үйдің оң жақ босағасына таяу отырған бір ұзын мойын қу ауыз:
—«Біз өзінің қарашығын батырып, көзін жоғалтып кетейік!»—деп отырсақ, мынау не дейді? дегенде, Олжабай батыр ұшып тұра келіп, жеке ауызын қынынан суырып ала ұмтылғанда, анау да жан ұшырып, қолға түспей, қашып шығыпты. Олжабай:
—Сендерге қолымды былғамайын, қылышымды қандамайын! Күні ертең тағалы торы тай қалдырмай, түп көтере жылқыларыңды тиіп алайын да, күш-қайраттарыңды сонда сынарсың!—деп кетіп қалыпты.
Бәсентиін... түн ішінде алас ұрып, бүлініп, үркіп, көше қашып, Ертіс суына тоғытылып, ажалдысы суға кетіп, ажалсызы Ертістен әрмен [арман] өтіп кетіпті.
Сол күндерде Бәсентиін деген рудан, «Таз» аталған ұрпағынан Жасыбай батырдың беті қайтпай жүрген күні екен. Өзі мерген, өзі жауырыншы екен:
—Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қалмақтан босатып алған жерім еді. Мен Олжабаймен айтыспай, қара қанға батыспай, тастап көше қашпаймын!— деп, жалғыз үй қалыпты. Бір жаман жобалғы інісі бар екен. Ағасының малы болса, бағып, отыны болса, жағып, ас-суын қылып беру үшін қасында жалғыз-ақ сол інісі қалыпты.
Баянаула тауының қалың ортасында бір көл бар. Сол көлдің күн шығысында бір тасты «Ту тіккен» деседі. «Олжабай мен Жасыбайдың «Айтысамыз» деп, ту көтерген жері» деседі. Екеуі мұнан бұрын жүзбе-жүзге келісіп, бірін-бірі көріскен жоқ екен. Бірін-бірі көріскен соң, «ішпей— мас, жемей—тоқ» болып, өзді-өзімен тойысып (түйісіп), «ұрсамыз, тебелесеміз» дегенді қойысып, қоян-қолтық алысып, құшақтасып, дос болысты.
—Кел, екеуміз осы Баянаулада жаталық,
Қойдай еріп жүрген: бұғы, бұлан,
Аладомбай, керқуданы аталық!
Жалғанды жалпағынан басып,
Мерекеге баталық!
Бұл тауды: «Елсіз қалды, иесіз қалды»
Деп, қалмақ келеді.
Кедергі болып,
Соның жолын тосалық!
Бір асуының аузында мен жатайын,
Бір асудың ауызында сен жат!—