Олжабай батыр (ІІІ нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Өз үйінен шыққаннан соңғы көрген жарық сәулесі айдалада бір жалғыз лашық үйге кез болыпты. Аптығып, асығып үйге кіріп келсе, бір сары қарын қатын отыр. Бір күбі быжылдап, ашыған айран тұр. Бір нәрсеге құйып, ішуге қарамастан, күбі-мүбісімен басына бір-ақ көтеріпті. Қатын үрейі ұшып, қорқып, сүйсініп:
—Ішкенің ас болсын, бойыңа жұғымды болсын! Сұйық асты ішкеніңе мейірім қанды. Бұрын түзге шықпаған, жол жүрмеген бала екенсің. Қой-қозысы құрғыр жоқ болса да, ешкі-лақ бар еді. Сауыны болғанда, саудыруға өздері келеді. Лақ емес, кебенек келгірдің бір семізін сояйын. Боғы мен қанынан басқасын қазан толтырып асып, алдыңа қояйын. Сұйық асты ішкеніңе айызым қанды. Тамақ жеген жесіңді көрейін,—деп жалыныпты.
—Жоқ, бәйбіше, бір құлашолақ бие алдырып, соны іздеп таппай, көт басып отыруға мұршам жоқ,—депті.
Қатын сөйлепті:
—Осы үйдің есігінен анау көгеріп көрініп тұрған тау емес, «Қара үңгірдің қара жоны» аталған көлденең жатқан бел. Ол белдің ар жағы—«Қаражонның сеңгір көлі» атанған көл. Сол көлдің басында суатын жағалай қонған ел. Сол елде бір батыр сенің биеңді, құлынын арбаға байлап, сауып ішіп, бір биенің сүтімен бір тайпа елді асырап, биеңді бере қояр ма екен? Мал үшін талайдың желкесін қиып жүрген қу жалмауыз еді. Аузыңнан сүтің шығып тұрған уыз жас бала екенсің. Шырағым, жаным ашығандықпен айтамын. Осы жерден қайтып кетсең де жарар еді.
—Уай, шеше-ай, бұтыңнан ет кеткен соң ат желмейді, мал үшін жігіт адам қайда өлмейді. Мен де қатынмын деп атқа мінгенім жоқ, батырмын ғой деп атқа міндім,—деп атына мініп, жүре берді.
Масасын ызылдатып, сонасын қожылдатып, белден асып, сеңгірді айналып (айланып), тұпа-тура көлдің суатында отырған ауылға қасқиып барып, құла биенің құлыны байлаулы тұрған арбаға атын байлап, үйге кіріп барды. Қазағыңша сәлем-мәлемді білмейді. «Амансың бамен» жұмысы да жоқ:
—Мына құлынды арбаға байлап қойған[ы] несі?—дейді. Талай жауға ат ойнатып, талай шұңқырға қарыннан қазан қайнатып жүрген шонжар өз үйінің төрінде отыр екен. Олжабайдың кескін-түрін көрген соң:
—Балам, алдыңа шығып, қолыңды қағар кісі жоқ. Бие сенікі болса, ал да, жүре бер!—деп жақсы сөзін айтып, қала беріпті.
Олжабай батыр биесін алып жетектеп жүре беріпті. Үйден шыққалы ұйқы деген неменің қайда кеткенін де білмейді, кірпік қағып, көзі ілінген жоқ екен. «Түлкі жортпас тумадан, итқұс кезбес қолаттан» өтіп, осы жерден жанды қара жүре қалмас-ау дерлік, бедірейіп жатқан Бетпақдалаға шыққан соң бір жерге түсіп[т]і. Астындағы атының аунасын деп, ер-тоқымын алып қунасын деп, жүгенін алып, құла биенің ноқтасын сыпырып алып:
—Ұш, жануар, аяғың барғанша жүріп оттай бер,—деп қоя беріп, өзі шалқасынан түсіп жата қалыпты. Сілесі құрып ұйықтап, қата қалыпты. Шырт ұйқыда жатқанда жүрегі суылдап, құлағы шуылдап, өне бойы суынып, біреу буындырғандай буынып, ет пен терісінің арасы жыбырлап, тұла бойы шымырлап бара жатқанын сезіп, шошып басын көтермепті, көзін ашып қараса, күпшіктей сары шұбар жылан кеудесінің үстінде біресе, қойнына кіріп, біресе, мойнына оралып, біресе, екі бұтының арасына барып, қойын-қонышын тегіс аралап жүргенін көріп, аузын аңқитып ашып, қозғалмастан жата беріпті. «Кіруге ін таба алмай жүрген енеңді ғана сі...ін-ау, егер ін екен деп, аузыма кіргендей болса, бәлемнің басын бірақ қыршып тастайын»,—деп. Жылан аузына кірмепті. Онан басқа денесінің бәрін түгел аралап, тамағының астынан жерге сырғып түсіп кетіпті. «Әлгі ит менен не іздеді? Ашып жатқан аузыма кірмей, енесінің а... на кіремін» деп кетті ме? Бәлемді көрінсе, ұмар-жұмар қылайын»,—деп басын көтеріп алса, басында ақ шалмалы бір қожа отыр.