Еспембеттің Адақ атануы (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Қабанбай осы шайқаста Арқауылды өлтіріп, қалмақтың қалың қолын қазақ жауынгерлері қуып келе жатқанда, жаудың бір мергені садақпен Ақпантайдың атын атады. Ақпантай алдындағы терең орға омақаса құлайды. Енді ордың жанына келіп, Ақпантайды атпақ болған қалмақтың мергенін Қабанбай нұсқауымен атақты садақшы, әрі үздік батыр Еспембет жаудың алдымен атын, одан кейін өзін атып өлтіріп, Ақпантайды аман құтқарады. Соны Кәрібай ақын былай жырлаған екен:
—Ат деді батыр Адаққа,
Көрсет,—деп,—қайрат таласта.
Нысанаға алып қалмақты,
Адақ та шықты қабаққа.
Жоқ еді мерген бұл тұста
Адақтан озған қазақта...
Шаған шайқасындағы қолға түскендерден бір сұлу қыз қалады. Өте сұлу болғандықтан, бұл қызды жасырақ батырлардың барлығы алғысы келеді. Мұны сезген Абылай хан батырларға мынадай кеңес беріпті:
—Мына қызға бола ренжісіп қалмаңдар! Ер олжаға таласса, жау жарқышақты пайдаланып, жеңіске жетеді. Енді біз осы қыздың өзіне ерік берелік. Кімді ұнатса, соған барсын,—депті.
Еспембет бастаған бір топ жасақ қарауылға кетсе керек. Қыз хан жарлығын естігеннен кейін былай депті:
—Батырларыңызды кемітпеймін. Оларды үш рет сынаймын. Бірінші дәмелі батырларыңыз басымдағы жаулығымды бір ағашқа байлап, анау биік тастың басына тіктеп қойып, соны садақпен атып түсірсін. Өзім сол тастың басында тұрамын. Кім атып түсірсе, соған жар боламын.
Содан Абылай тұрып:
—Әй мына шоқының басына оқ жетпес,—деген екен. Кейін осы шоқы «Оқжетпес» атаныпты. Еш адам садақтың оғын жеткізе алмапты. Еспембет басын шайқап тұра беріпті.
—Екінші шарт, көлдің жағасындағы бір төбеге шығып тұрамын, дәмелі адам бір жігітті үстіне мінгізіп, маған қарай малтап келсін. Кім бұрын келсе, сол менің жарым болады,— депті.
Бәйгеге түскен қырық жігіттің жиырмасы қыз тұрған жерге қатар келіпті. Қыз біреу, жігіт жиырма. Қыздың бұл шарты да орындалмапты.
Қыздың үшінші шарты—оның жұмбағын шешу. Ол былай: Ну ормандағы бір талдың бұтағына ұя салған бір кептер үш балапан басып жатыпты. Тосыннан бір қара құс ұядағы кептерді іліп алып, жеуге айналыпты. Мұны көрген балапандары қара құсқа: «анамызды жемей, бізді жеңіз, анамызды қоя беріңіз» деп жалбарыныпты. Рақым етудің орнына қара құс: «асықпаңдар, тоймасам, сендерді де жеймін» депті. Кептерді енді жеуге айналғанда, бір сұңқар қара құсты бір теуіп, омыртқасын үзіпті. Мұны көрген балапандар: «анамызды құтқарғаныңыз үшін бізді жеңіз» деп ризашылық білдіріпті. Сұңқар үшеуінің біріне қолқа салып, «қазірше қауырсындарың жетілсін, қанаттарың өссін» деп белгі салып, аманатым деп уәде байлапты. Мезгілі жетпей бір қырғи әлгі балапанды сұңқардың уәдесіне жеткізбей жеп алатын болыпты. Оған балапан: «маған тиіспе, менің сұңқармен уәдем бар еді, алдымен сол уәдемді орындайын. Жөнімді айтып аманаттан құтылайын. Қайтып келейін. Кейінгі ықтияр сенікі болсын. Соған барып келуге лұқсат ет!»—деп сұраныпты. Балапан түн қатып сұңқарды іздеп шығыпты. Түнде бір жапалақ балапанды ұстап алыпты. Балапан жалынып басынан кешкен оқиғаны баяндайды. Жапалақ ойланып, сұңқардың мекеніне жеткізіп салыпты. Сұңқары разы болып, қырғиға бар деп қайтарыпты. Сонда қырғи: «мен Жапалақ құрлы болмаймын ба, сұңқарына барып, өміріңді бақытты өткіз»,—деп қоя беріпті. Бұл жұмбақты ешкім шеше алмапты. Батырлардың кекселері тек тамашалап тұрыпты. Халықтың амандығын қорғауға кеткен Еспембетті Қабанбай шақыртып алып, «мына жарысқа түс»,—депті. Сонда Есекең: «үлкендер жөн көрсе, түсейін, деп келісіпті.