Алдияр батыр туралы (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Өз заманында туған Елке бабамыз өте момын адам болған. Сол кезде өзінің туған інісі Тілеуімбеттің түйесін бағыпты. Күз айларының бір күні үлкен ас беріліп, Тәуімбет өз балаларын ертіп, сол жаққа жолға шығып кетеді. Елке туысына малға, ауылға, бала-шағаға қара деп тастап кеткен екен.
Алдияр ол кезде жас болғанымен, талабы зор, ақылы мол бала болады. Кеудесін намыс пен ыза кернеп, өзі мініп жүретін «Желсебеді» деген жүйрік торы құнанын мініп, тез арада түйе бағып жүрген әкесіне барып:
—Әке, жүріңіз, асқа баралық,—дейді. Елке бабамыз:
—Шырағым, барғың келсе, өзің бара бер, мен бара алмаймын, малдан айрылып қалсаң, Тәуімбет ренжиді,—дейді. Бала Алдияр әкесінің еркіне көнбей:
—Жүріңіз! Сіз Тәуімбеттің бірге туған әз ағасысыз. Сол елдің жиынына баратын жөніңіз бар. Сіз де өліге құран оқытып, тіріге көңіл айтыңыз. Ел ішінде ер салтанатын құрып жүріңіз,—деп, әкесін ертіп, жұрт жиылған жерге барады. Тәуімбет қаралы ауылды ел ішінде жүрген Елкені көріп, ұрсып, тілдейді. Әкесінің сырт жағынан келіп тұрған Алдияр Тәуімбеттің сөзіне шыдай алмай, оның алдына жетіп келеді. Өзінің балағаттап тұрған сөзін өзіне айтып тұра қалады.
Қуғыншылар жабылып, ұстамай қоймайтынын байқаған Алдияр әкесіне бұрылып: «Ардақты әкетайым, хош болыңыз!»—деп торы құнанының басын қоя беріп, самсаған сары қолды қақ жарып, алдыға сытылып шығып кетеді. Өз есімін өзі шақырып, ұран салып «Алдиярлап» ұзап жөнеледі. Күн батқанша қуып жете алмаған қуғыншылар қала береді.
Осы бетімен суыт жүріп отырып, қазақтың даласынан шығып, қырғыз еліне кіріп, ханы Сарудтың ордасына тоқтайды. Хан келген қонағын дұрыс көзбен қабылдап, жөн-жосығын, әңгімесін естігеннен кейін: «Шырағым, еліңнен жалғыз шығып, алыс жол жүріп қалған екенсің, біз де қырғыз деген бір тайпа елміз ғой, сені сақтай аламыз»,—деп Алдиярды өз ордасына қалдырады.
Күндер мен айлар өтіп жатады. Алдиярдың ақылдылығы ханның көңіліне ұнайды. Саруд қатты ойланып, өзіне бала қылып алмақшы оймен ханымымен ақылдасады. Сонда бәйбішесі: «Баланың тал бойында бір міні жоқ, тұлғасы қай жағынан да бөлек, ақыл-мінезінде де кемшілігі жоқ. Бірақ менің білуімше, дәл осы сынды адам «бұралқы» болып, бөтен елге сіңбес. Егерде хан ием, көңіліңіз ауып, Алдиярды бала етемін десеңіз, оған жалғыз қызыңыз Ханшайымды қосып, күйеу бала етіңіз»,—деген екен. Келер жылы хан қызы жүкті болып, егіз ұл туады. Үлкенінің есімін Қырықсадақты, екіншісін Қырғызшора деп атайды.
Сол заманның бір жылдарында Өзбек хандығымен қырғыздар соғысып, жеңіске жетеді. Бұл соғыста Алдияр ерлігімен ерекше көзге түсіп, соңынан бүкіл қырғыз қолына қолбасшылыққа сайланады. Көп кешікпей бұл жеңіс, Алдиярдың атағы, еңбегі, ерлігі бүкіл қазақ даласына естіледі. Хабарды ести келе қазақтың ханы Әбілхайыр Орта, Кіші жүзге хабарлайды. Қырық кісі сайлап, елшілікке Бұхар жырауды қояды. Әбілхайыр: «Алдиярды елге қайтарыңдар!»—деп қырғыз еліне жібереді.