Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алдияр батыр туралы (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Қазақтың қырық кісіден сайланған елшілігі қырғыз еліне жетіп, ханға жолығып, өздеріне жүктелген міндеттерін жеткізіп, олардың жауабын күтіп жатады. Біраз айлар бойы Саруд хан елшілерге жауабын қайтармайды, онысы Алдияр батырды қимағаны мен қиналғаны. Күндердің бірінде батырдың өзі хан ордасына кіріп келіп:

—Хан ием, мен сізге кеше ғана пана сұрап келгенде, жақсы сөзбен қарсы алып, артынан шексіз құрмет көрсеттіңіз, қызыңызға үйленіп екі балалы болдым. Енді бүгін қазақтан елшілер келіп, мені алып кетпек. Кезінде өз туысымның қорлығына шыдамай, елден кетіп едім, басқа жұртыма өкпем жоқ. Бүкіл қазақ елі шақырып, елшілер келіп отырғанда, маған еліме, жеріме қайтқан дұрыс деп, сізден рұхсат сұрап, ақ батаңызды алуға келдім. Менде өзіңіз қосқан ханшайым мен екі ер балам бар, басқа мал-мүлік жоқ. Хан ием! Рұхсат болса, менің тартуым осы екі баламды қияметке дейін сізге бердім. Ханшайым да балаларды тәрбиелеп, өз қолыңызда болсын,— деп, ханның үйінен сыртқа шығып кетеді.

Қырғыз ханы манаптарды тегіс шақырып, кеңес құрып бір бітімге келген соң, Бұхар жырау бастаған қазақ елшілеріне қырық сәйгүлік жылқы, қырық түйесін беріп, Алдиярға хан өзі мініп жүретін көк ала тұлпарын мінгізіп, қолына көк ала туын ұстатып, батасын беріп, еліне қайтарады. Батырды қырғыз елінің шетінде ақ үй тігіп, аса құрметпен күтіп, сыймен хош айтысады.

Батыр елден кеткенде Елке әкесі айттырып қойған қалыңдығы жұртта қалып қояды. Қалыңдығы қоңырат руының еліне белгілі Дүйсе деген кісінің Таубике атты қызы. Тірі кеткен батырды күтіп, үйінде отырған екен. Алдияр айттырып қойған қалыңдығын еліне іздеп барып, атасына сәлем беріп, аз күн қонақтап, ауылына алып келеді. Бірнеше жылдар өткен соң батыр бір рулардың жиынында Жібек деген қызды кездестіріп, өз өтініші бойынша ата-анасынан бата алып, үйленеді.

Алдияр Тәуке ханның бірінші батыры болған, әрқашанда ханның оң жағында отырған. Батыр сол дәуірде өзімен жақын арада орналасқан көрші елдерге, туыстарына қатты қарап, қысым жасап отырған. Бұл күндері одан әбден жапа шеккен жақындары Тәуке ханға Алдиярдың үстінен шағым жасайды.

Бірнеше күн өткеннен кейін хан өзінің үйінде бар халықтың ортасында отырғанда үйге Алдияр батыр кіріп, ханға сәлем беріп, өзінің үйреншікті орнына, ханның оң жағына отыра кетеді. Біраз өткен соң, жүк артылған екі-үш түйе көрінеді, олардың артқандары құрт пен май еді. Түйелерді Алдияр адамы айдап келе жатқан. Батыр отырған жерінен оған дауысын көтере сөйлеп:

—Мен бұл сыйларды бұл топқа емес, ханға әкелдім, түйелерді ханның үйіне апар,—деп жарлық береді. Тәуке хан жиналған халыққа Алдиярдың қысымы туралы өздерің шағымдарыңды айтыңдар деп қолқа қойды. Бірақ оған ешкімнің батылы бармады және сөз айта алмады. Сондықтан Тәуке халыққа:

—Осындай ардақты, атақты Алдияр сияқты батырға өз туыстарын, жақын аймағын ренжітуі жараспайды, ал шағыммен келген қауымға ренжігендеріңді қойып, ескіні ұмытып, келісімге келіңдер, татуласыңдар, бұдан былай мұндай жағдайлар қайталанбасын,—деп ақылын айтты. Ақырында хан халыққа батырды қатты қадірлейтінін білдіріп, «Ол түйе алса, атанымен қайырады» деген сөздермен түйіндеді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз