Әйтей батыр (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Қалмақтың ханы Шамал өзенін жаулап алған жерлерінде бірнеше мыңдаған қазақтың мойнына тас байлатып, Іле өзеніне батырып, тұншықтырады. Еліміздің үрім-бұтағын түгелдей жойып жіберу мақсатымен жасөспірім балалар мен бас көтерлеріне дейін найзамен түйреп аяусыз қырды. Шамал хан кезінде осындай адам баласы естіп көрмеген небір сұмдық тәсілдерін қолданды. Өзінің қанішер қатігездігімен күллі елдің үрейін қашырды. Жантүршігерлік мұндай азаптан қорыққан халық жан сақтау үшін тау-тасты, сай-сайды сағалап бас паналап, босқындады. Ал Қаскелең осы жауыз Шамал ханның серіктесі, сонау Нарынқолдан Қордайға дейінгі аралықты алып жатқан қалмақ әскерінің түменбасы еді. Қан төгілген, бет қаратпайтын жойқын қырғынды тікелей басқарған осы Қаскелең.
Мінеки, итқорлықты көрген елді, ата қоныс, бабалардың туып-өскен мекенін қалмақтың жезді, улы тырнағынан азат ету үшін ұрыс белгіленген күннен бір күн бұрын Наурызбай бастаған қол терістіктен Қаскелеңге соғыс бастайтын болып келісілген еді.
Қарғалы қыстағында он атан түйе сойылып, өркеші мен ақшелегі түгел шыжғырылып, майы әдейі дайындалған кеспектерге құйылды. Кеш алдында әр сарбаздың қолындағы екі қарыстай ескі қап жырымы жіңішкертіліп тілініп, майға батырылып, найзаның жалаулығына байланды. Сөйтіп, Әйтей бастаған қол, Үшқоңырдың етегіндегі қалмақ әскеріне ымырт жабыла атой салды. Қыстақтарға жақындағанда майға батырылған қап жырымына от қойылды. Қараңғы түнде қалмақтарға жан-жақтан от қаптап, «Бақтиярлап, Қарасайлап» күңіреніп, төніп сарбаздар келе жатты. Мұндай сұмдықты жай қалмақ түгіл, талай соғысты басынан кешірген Шамал хан мен оның түменбасы Қаскелеңнің өздері оны көргенде естері кетті. Бүкіл далада от көшіп келе жатты. Ерен үйін тіктіріп, рахат өмірдің дәмін татып қалған Шамал хан, Қаскелең абыржып, сасқанынан жендеттеріне бұйрық беріп жатты. Бірақ оларды тыңдауға түн ішінде ешбір қалмақтың шамасы келмеді. Осы түнде қалмақ әбден соққы жеп, көп қырылды. Быт-шыт болып қашқаннан қалғаны ертесіне Қаскелеңнің қарасазында кескілеске түсті. Әйтейдің Қаскелең сайымен келген жасақтары Наурызбай бастаған қолға қосылып, олар да ерен ерлік көрсетті. Жеңіліп бара жатқанын анық байқаған Қаскелең, «жекпе-жек, жекпе-жек!» деп бар дауысымен айғай салды. Қашан да қанға қан, бас батырға бас батыр жекпе-жекке шығатын дәстүр бар ғой. Сондықтан қалмақтың батыры Қаскелеңмен жекпе-жекке Шапырашты Наурызбайдың өзі шықты.
Бұрын аты белгісіз болып келген Наурызбайды Қаскелең тіпті көзіне де ілген жоқ. Наурызбай ала атына мінгенше, Қаскелең тұқыл күреңмен майданның ортасынан екі сыдырып өтті. Әлденені қалмақша айғайлап қояды.
Ала атына мініп (оның екі аты бар еді, біреуін жорықта, екіншісін осындай айқасқа мінеді), майдан алаңына Наурызбай беттегенде қалмақ біткен шу ете түсті. Өйткені Наурызбайдың ерекше біткен зор тұлғасы олардың мысын басып кетіп еді. Қатты абыржып, жүйкесі таусылып кеткен Қаскелең қамшыны күреңіне үсті-үстіне салып бауырлатып-бауырлатып жібереді.
Екеуінің ұрысы көпке созылған жоқ. Наурызбай салған көк сүңгі ә дегенде-ақ Қаскелеңнің арқасынан бір-ақ шықты. Наурызбай найзасын суырып алғанда, Қаскелең екі бүктеліп сылқ ете түсті. Ері ауып, бауырына түскен күрең аты екі артқы аяғын тепкілеп майдан алаңында шауып жүрді. Сол кезде Шамал ханның қалмақша айғайы шықты да, ат үстіндегі бар қалмақ шолан ұрып, ортада тұрған Наурызбайға лап қойды. Қазақ қолы аттарына қамшы басты. «Бақтиярлаған, Қарасайлаған» дауыс бүкіл даланы күңірентіп жібергендей болды. Ұрыс, жұлыс, шабыс. Біреуді біреу біліп болмайды. Ит батпақтап, күшік сүрінгендей айқас болды. Қалмақтан да, қазақтан да шығын аз болмады. Енді жеңіліп бара жатқан Шамал хан қолы терістік шығысқа қарай қаша бастады. Қазақтар соңынан қуа жүгіріп, біразын өлтіріп, біразын тірідей ұстап, қолға түсірді. Аман қалғандары қашып, Топар түсіп кетті.
Бір-екі айдың шамасында Шамал хан қайтадан бытырап кеткен жасақтарын жинап, соғыс бастады. Алғашқы сәтте-ақ күш алған қазақтар сасқалақтаған қалмақтың есін жиғызбай бас салып, тоз-тоз қылды. Амалы таусылған Шамал хан енді жекпе-жек ұрысын салу үшін айғай салды. Бұл ұрысқа да Наурызбайдың өзі шықты. Бірақ Шамал хан Наурызбайға қарағанда қауқары шамалы болып, босмойын шоқпармен бір ұрғанда-ақ Шамал хан аттан құлады. Ханы құлаған қалмақтар қаша жөнеледі.