Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Ерден» (I нұсқа) — Дүкенұлы Ықылас (2-бөлім)

Күй аңыздары · 2 мин оқу

Осындай күйде үш күн, үш түн өтеді. Әймендені арулап қойып, өліктің үшін береді. Көңіл айтшылардың алды соңғы басу сөздерін айтып аттана бастайды. Ерден болса сол өзімен-өзі болып, тіс жармаған қалпы қара қобызына мұңая қарап қойып отырған қалпынан танбайды.

Ал Таманың игі жақсылары болса үн-түнсіз аттанып кетуді жөн көрмей, «өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тірлігін ісейді» деген қисынды сөздерін айта отырып, келген шаруаларын емеурін етеді. Сол жерде Ерден бір-ақ ауыз сөз қайтарады:

—Өз малым иесіз қалып жатқанда өзгенің малын қайтемін!—деп келте қайырады да, орнынан тұрып, сыртқа шығып кетеді.

Ерденнің бетін білген соң Таманың ер-азаматтары қайтуға жиналады. Осы кезде неше күндей қобызға ынтық болып, бірақ мынандай қаралы шақта қол созуға батылы жетпей булығып отырған Ықылас төрдегі қара қобызды ала салады да, шалыпшалып жібереді ғой. Жай шалмайды, үш күн бойғы Ерденнің «беу, жалғызым, құлыным!» деп күрсіне егілген сөзін сөйлете сызады. Сол қалпы Ерденнің көкірегіне кептелген зарды аңырата созып бір қайырады да, қобызды іргеге сүйей салады.

Осы кезде сырттан ентіге басып Ерден кіреді. Көзі жасаурап, иегі кемсеңдеп, омырау ашылып кеткен. Кірген бетте үй ішіндегі Таманың жоқшыларын бір шолып өтеді де:

—Апыр-ай, біреуің қобыз тарттыңдар ма, жоқ әлде, менің кеудемді кернеген қайғы сыртқа шыққысы келді ме?! Бір сарын сұңқылдап есімді алғандай болды-ау!—депті.

Сонда үй ішіндегілер Ерденнің толқып, бұзылып тұрған өңінен қаймығып, жерге кіріп кете жаздап еді дейді. Тек бір қарт отырып:

—Ау, Ерден, сабыр-сабыр! Мұнша неге боркемік болып кеткенсің. Мына бір бала балалық жасап, қобызыңа қол тигізіп қойды,—деп Ықыласты көрсетеді.

Осы кезде Ерден екі иығын басқан зіл батпан жүкті алғандай, еңсесін түзеп келіп орнына отырады. Сонан соң басын көтеріп, қабағын ашып, Таманың жоқшыларына мойын бұрып тіл қатады:

—Уа, Таманың жақсы-жайсаңдары! Тай-тайлақты екінің бірі ұрлайды. Рас, мен сендерден мал ұрлап едім. Ал сендер менен адам ұрлапсыңдар! Неше күннен бері менің қайғымды қызықтағанша, сол қайғыма араша түсер адамның барын айтсаңдар болмай ма?! Іздегендерің мал болса табылар, қайғымды сейілтер күй табылмас... Бел шешіп жайғасыңдар, қобыз тыңдайық!—деген екен.

Неше күн бойы азалы ортада толқумен болған Ықылас қолына қара қобыз тиісімен тың сарынды сыза жөнеліпті. Қобыздың қоңыр үні «бе-еу, жалғызым, жалғызым!» деген шерлі сөзді жоқтау айтқандай азынай созып бастап, «айналайын қарағым-ай, үйбай-ай!» деп күңірене толғап, күрсіне қайырады. Қыл қобыз ішегін тарта жылап, азалы жанның зарын төгеді. Өтпелі өмір, опасыз жалған туралы тұңғиық ойларға батырады...

Сонда Ерден:

—Пай-пай, мұндай да жорға болады екен ғой! Десе десін-ау, десе десін-ау!—деп, қайғыдан сейілгендей шырай танытқан екен.

Сөйтіп, осы жолы Таманың игі жақсылары Ықыластың қобызының арқасында ұрлаған малдардың көзі барына көзін алып, көзі жоғына төлеуін алып, ат-шапан айып үшін алдарына қосақ салып, арттарына тіркеу ертіп, абыроймен елге қайтады. Ал Ықыласқа арнайы сый-сияпат жасап, иығына оқалы шапан жабады, астына ат мінгізеді.

Ықыластың осы жолы Ерден алдында тартқан көңіл айту күйі ер арасына «Ерден» деген атпен тарап еді дейді.

Күй аңыздары

Барлығы: 365 аңыз

Тағы оқыңыз