«Үш ананың айтысы» (ІІ нұсқа) — Есбай (2-бөлім)
Күй аңыздары · 3 мин оқу
Науша қыз осылай дейді де, «Шилеме-шегелеме» деген күйін тартып шығады.
Келесі кезекті «атасының жолы үлкен» деп, Тоғызбайға береді. «Менің күйіме де өз басымнан өткен бір оқиға себепші болып еді,—дейді Тоғызбай.—Жапсар ауылда Мамыт деген қыз болды. Әзіліміз жарасып, сөзіміз үйлескен жандар едік, ертелі-кеш бара қалсам, Қызылқайың деген иті күрпілдеп үріп алдымнан шығады. Қабаған ит қызды ауылға жолатпай діңкемді құртты. Содан бір күні қолыма таяқ ұстап, сайланып шықтым. Әдеттегідей алдымнан үріп шыққан итті қатты жасқап едім, жайына кетті. Мен де мұратыма жеттім. Сонда көңілім өсіп қайтқан соң шығарған күйім еді».
Тоғызбай жорғадай сыдыртып күйін тартып шығады. Мұнан әрі күйдің кезегі Есбайға тиеді. Сонда Есбай: «Бұлар күйді оң қақты ғой, қайталау болмасын, мен теріс қағайын» деп, сол жерде «Терісқақпай» деген күйді шығарып тартады.
Күй біткен кезде тыңдаушылар ду ете қалады. «Ойпырм-ай, бұл Есбайға дауа жоқ екен... Түрткені де, шерткені де күй ғой... Табан астында тыңнан шығарып тартты-ау» деседі. Көптің қолдауына Қаналы төре де қосылып, «Бәйгенің иесі—Есбай» деп айтып салады.
Сол жерде Науша қыз уәж айтады: «Қадірлі ағалар,— дейді,—кезек тосын тиген соң, қолым үйренген күйді тартқаным рас еді. Болмаса, шығарып тарту біздің де қолымыздан келеді. Маған бәйгенің де, байрақтың да керегі жоқ. Осынау асқа құр қол келмейін деп, құлағын шығарып келген жаңа күйімді тартып берейін».
Науша қыздың уәжін Қаналы төре бастаған жұрт қабыл алады. Іле Науша сарыны тың, қағысы тосын бір күйді лекілдете жөнеледі. Отырғандар жаңа күйге сүттей ұйып, құлақ түреді. Әсіресе, Қаналы төренің Күнтай атты бәйбішесі ұмсына түсіп құлақ түргенде жаулығы сырылып, шашының көрініп қалғанын аңғармайды. Күй делебе қоздыра құлдыраңдап барып бітеді. Күнтай бәйбіше апыл-ғұпыл жаулығын түзейді. Мұны байқап қалған Науша қыз күліп: «Менің күйіме ең беріліп тыңдаған адам Күнтай апамыз сияқты, сондықтан бұл күйдің аты «Күнтай» болсын»,—дейді. Ақылды қыздың қылығына риза болған Қаналы төре қабақ серпіп, Науша қыздың алдына «зер бұйымыңды салып жүр» деп күміс сандықша қойдыртады.
Осы кезде Есбай отырып тіл қатады: «Апыр-ай, менен кейін күй тартылмаушы еді, дәуренім өтейін деген екен-ау!» деп, сол жерде «Өттің дүние» деген күйін тартады. Күй тереңнен толғап, күңірене дөңбекшіп, отырғандардың ойын сан-саққа жүгіртеді.
Сонда Тоғызбай күйші: «Сабыр, Есаға, сабыр! Өлмейтін өнердің алды-артында дүбірі қалың болмайтын ба еді. Мұндайда шүкірлік еткен жарасар»,—деп, сол жерде «Әләйлім жалған» деген күйін шертеді.
Күй біткен кезде аңтарылған жұрттың ішінен біреу сөз бастайды: «Ау, ағайын, осы біз мына Байұлының қолын олай-бұлай сермегеніне алданып қалған жоқпыз ба?»—дейді. Бірінен-бірі өткен күйдің әсері суымай отырған жұрт дабыр-дұбыр болып қалады. Бірі—«Наушаның қолы шебер екен», келесісі—«Жоқ, Тоғызбайдың сарыны сұңғыла болды» деседі.
Өршіп бара жатқан дауға Қаналы төре басу айтады: «Жә, ағайын, дейді,—бұл бір айта жүретін өнер сайысы болды. Осы жерде тегін тартылған күй жоқ, бәрі де кісіліктің сойылын соғып, жөн-жобасымен тартылды. Олжаның үлкені сол болса керек. Дегенмен, кесім айтылып қойды. Енді мені екі сөйлетпейақ қойыңдар. Жеңіс Есбайдікі, құрмет туын көтеріңдер! Ал, Науша мен Тоғызбай болса, олар да сый-құрметке әбден лайық екен. Риза етіп аттандыру мойнымызда болсын».