«Үш ананың айтысы» (ІІ нұсқа) — Есбай (1-бөлім)
Күй аңыздары · 3 мин оқу
Әйгілі күйші Есбай Балұстаұлы (1842-1910) тартқан «Үш ананың айтысы» атты тармақты күйдің аңызын толық қалпында келтіре кетудің артықтығы жоқ.
«Кіші жүзге аты мәлім Қаналы деген төре 1903 жылы сарыала күзге қарай әкесіне ас береді. Шежіре сөздің қисыны бойынша, Кіші жүздің он екі ата Байұлы, алты ата Әлім, жеті ата Жетіру тармақтарының түпкі аталары бір болғанымен аналары бөлек болған соң «Үш ананың балалары» деп атайтын дәстүр бар. Сол үш ананың балаларына Қаналы төре сауын айтып, үш арыс елдің кіндік ортасы деп, ас беру үшін Сағыз өзенінің «Терісаққан» деген сағасына киіз үй тіктіреді. Қапысыз таңдалған шымдауыт, қияқты алапқа тігілген үй саны 900 болыпты. Үй бас сайын Хорезмнен алдыртқан ұнды бір-бір қаптан үлестіріпті. Мұның сыртында, келген қонақтарға сыбағасы деп үй ара бір тайдан, жолы деп үй бас сайын бір қойдан сойылады.
Ол кезде астың көркі—ат бәйгесі, балуан күресі, өнер сайыстары. Сол дәстүр бойынша, алдын ала сауын айтушылар ат жарысының бас бәйгесіне өңшең бір өңді елу айыр інгеннің тігілетінін, бас балуанға бір үйір қысырақтың бұйыратынын, сондай-ақ осы аста үш ананың күйші-домбырашылары өнер өрелестіретінін, жеңімпазға үш жасар бұқа беріліп, иығына оқалы жібек шапан жабылып, құрметіне ту көтерілетінін хабарлайды.
Межелі уақытында Кіші жүздің жақсысы мен жайсаңы бас қосқан ас басталады. Асты Қаналы төренің өзі басқарады. Ат бәйгесінде, Адай, оның ішінде Мұңал, оның ішінде Әли атасынан Нұрымның Тауаны деген байдың шұбар аты бірінші келеді. Тауан бай Қаналы төреге әрі құда, әрі қайын болса керек, «маған атағы да жетеді» деп, бас бәйгеге тігілген елу айыр інгенді ошаққа қалдырып кетеді. Сөз арасында айта кетуге болады. Тауан бай 1926 жылы қайтыс болып, келесі 1927 жылы ас берілген. Бұл ас Адай арасындағы ең соңғы ірі ас дейді көз көргендер.
Қаналы төре берген астағы балуан күресінде Жетірудың жігіті бас балуан атанып, бір үйір қысырақты еншілейді.
Содан, түздегі қызықтың солығы басылып, шөліркеген жұрт бір-бір сусындап алған соң, кезек үш ана домбырашыларының күй сайысына жетеді. Нәнталап күйшілер Қаналы төренің он екі қанат сары ала ордасына шақыртылады. Байұлынан аттай алпыс мүшеліндегі Балұстаұлы Есбай келеді. Әлімнен қырық жастағы Тоғызбай күйші көрінеді. Ең соңында Жетірудан әйгілі Алтынай күйшінің шәкірті он сегіз жасар Науша қыз жетеді. Күйшілерге Қаналы төренің өзі сарапшы болады.
«Уа, ағайын!—деп Қаналы төре сөз бастайды.—Үш ананың бетке шығар күйшілері алдымызда отыр. Бұрынғы-соңғының дәстүрімен бұларды қара тартысқа, қала берді түре тартысқа салсақ, онда апталап тыңдауға тура келеді. Сондықтан бір-бірден күйлерін тыңдап, «Теңіз дәмі тамшысынан белгілі» дегендей, төрелігімізді айталық».
Отырғандар Қаналы төренің уәжін қабыл алады. Сол жерде «жолы жіңішке» деп, бірінші күй тарту кезегі Науша қызға беріледі. Ол кезде тартар күйінің бөгернайын танытып, мән-жайын айтып алатын дәстүр бар. «Бұл күйдің шығуына себепші оқиға басымнан өтіп еді,—дейді Науша қыз.—Бірде, айлы түнде ауылдың қыз-бозбаламен бірге ақсүйек ойнап жүріп етігімнің өкшесін тайдырып алдым. Сонда ақсүйекті бірге іздесіп жүрген жанымдағы жігіт етігімнің өкшесін ай жарығына қаратып отырып, шимен шегелеп бергені. Сол жігіттің өнеріне риза болғаннан шығарған күйім еді».