Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Шыңырау» (ІХ нұсқа) — Дүкенұлы Ықылас (2-бөлім)

Күй аңыздары · 2 мин оқу

Айтқанындай, кешікпей-ақ самұрық құс та жетеді. Сықырлатып ағаш басына қонады. Балапанының амандығын көріп шексіз қуанышқа бөленеді. Бауырына қысып мауқын басады. Сол кезде ғана секем алып, балапанынан: «Адам иісі шығады ғой!»—деп сұрайды.

Балапан шындықты жасырмай, болған оқиғаны бастан-аяқ айтып береді. Сонда самұрық құс балапанының қанатын көтеріп: «Ей, адам баласы, аспан астында менен күшті жоқ қой деуші едім. Қателеседі екенмін. Жер бетінде сенен ақылды, сенен күшті, сенен бақытты тіршілік иесі жоқ екен. Құдіретіңе құлдық, қолымнан келген жақсылығымды аямайын, қалауыңды айт»,—дейді. Айдос батыр шөл далаға ұрынып, еліне жете алмай келе жатқанын айтады. Содан, самұрық құс Айдос батырды қанатына отырғызып алып, әп-сәтте еліне жеткізіп салған екен дейді.

Ықылас күйші осы оқиғаға тебіреніп, қобызына салған ғой. Шынында да, күйдің басы қанатынан дауыл есіп, көзінің жасы жаңбыр болып, балапанының амандығын ойлап, уайым етіп келе жатқан Шыңырау атты самұрық құстың шамырқанған мінезін білдіреді. Сонан соң, балапанын көргеннен кейін сабырлы қуаныш, шүкірлік сезім тәтті мұңға ұласып, қобыз тілінде жүрек шымырлата сарнайды.

«Шыңырау» күйінің ел арасында мұнан басқа да аңыздары бар. Соның бірі, Шыңырау деген үлкендігі торғайдай ғана ақ құс екен деседі. Сол құс жылы жаққа ұшып келе жатып, жолай шет-шегі жоқ дарияға тап болады ғой. Алған бетінен қайтпай ұша берген екен, бірақ жағалау оңайлықпен жеткізбейді. Ақыры қанаты талып, титықтайды. Қанат бүгіп тыныс алар бұдыр болмай қалжырап, шыбын жанын қоярға жер таппай шырылдайды.

Түпсіз дария мұны жұтатын ажалдай болып көрінеді. Содан, дәрмені бітіп, енді суға құлаймын-ау деп келе жатқанда дарияның бетінен жоны шығып жүзіп бара жатқан алып балықты көреді. Сол жерде қанатын бүгіп, балықтың жонына қонып тыныс алады да, дарияның келесі шетіне аман-есен ұшып жеткен екен дейді. Ал дария үстіндегі Шыңыраудың қанаты талып, шырылдаған сәтін домбырашы күй етіп тартыпты дейді.

«Шыңырау» күйінің келесі аңызы да құс туралы. Шыңырау деген бір құс биік шыңға ұя салса керек. Бірде ұядағы аш балапандарына жем алып келе жатса, шыңның басын бұлт шалып тұрса керек. Ұяға тезірек жетсем деп заулай ұшып келе жатқан Шыңырау жартасқа соғылып, етекке құлайды. Қайта көтеріліп ұшайын десе, топшысы сынған, дәрмені болмайды. Осы кезде құз жартастың басындағы аш балапандардың шырылдаған дауысы Шыңыраудың құлағына жетеді. Сонда, амалы таусылған Шыңыраудың көзінен шерлі жасы сорғалаған екен.

Осынау қайғылы оқиға күй тіліне түскен ғой.

Күй аңыздары

Барлығы: 365 аңыз

Тағы оқыңыз