Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Шыңырау» (ІХ нұсқа) — Дүкенұлы Ықылас (1-бөлім)

Күй аңыздары · 2 мин оқу

Ықыластың бұл күйінің шығуына да ел ішінде айтылатын аңыз әңгіме себепші болса керек. Сол аңыз әңгіменің бір нұсқасы былай айтылады.

Ертеде қанаты туырлықтай Шыңырау деген самұрық құс болыпты. Шыңырау адам аяғы жете бермейтін жапан түзде өсіп тұрған алып бәйтерекке ұя салады екен. Сол ұясында жұмыртқа басып, екі жылда бір рет жалқы балапан шығарып жүреді. Балапаны қара қанат болып, жетіле бастағанда төңіректің аң-құсы жанынан безіп жоғалып кетеді екен де, самұрық құс қомағай балапанына айшылық алыс жерлерден шеңгелдеп жем тасиды екен. Бірақ, амал қанша, айшылық алыс жерлерден таңын созып, топшысын талдырып, өліп-өшіп жеткенде балапаны ылғи ұяда жоқ болып шығады. Сөйтсе, сол төңіректі мекен еткен бір әбжылан Шыңырау жем іздеп кетісімен бәйтерекке өрмелеп шығып, балапанды лебімен тартып, жұтып кетіп жүріпті.

Осы оқиға жыл сайын қайталана беріпті. Содан, Шыңырау әбден зәрезап болып, қасірет шегіп, қиян шеттен жем алып келе жатып, бауыр етіндей балапанын ойлағанда ағыл-тегіл жылайды екен. Сонда, Шыңыраудың көз жасы жерге нөсер жаңбыр болып құйылады дейді. Енді бірде, туырлықтай қос қанатын құшырлана серпіп, балапанына жетуге асығып ұшады екен. Ондайда, жер бетінде жойқын дауыл тұрып, жел екіленіп, екпіндей соғады дейді.

Күндердің күнінде Шыңыраудың топшысы ағарып қартаяды. Бұл өмірден енді ұрпақсыз өтем-ау деп, уайымдап жүргенде тағы да бір жұмыртқа көріп, балапан басып шығарады. Кешікпей-ақ, балапаны басы бақырдай қара қанат құс болып, өсіп жетіледі. Көзіне көрінгенді алмап-жалмап, қақшып жұтып, төңіректің ұсақ-түйек аң-құсына тоймайтын болады. Сол кезде Шыңырау жалғыз балапанына жем іздеп, қинала-қинала тағы да алыс сапарға ұшып кетеді.

Сол заманда елдің шетінде, желдің өтінде, жаудың бетінде жүріп, ел-жұртына қорған болған Айдос атты бір батыр болады екен. Бірде, Айдос батыр жол жүріп келе жатып, мидай далада елді торыған жаумен соғысып жүріп елсіз-күнсіз қиян шөлге шығып кетеді. Ай жүріп, апта жүріп, астындағы аты шөлге шыдамай ұшып өледі. Сонда Айдос батырдың өзегі талып, көзі қарауытып келе жатса, мидай далада бір алып бәйтерек өсіп тұр дейді. Сол жерде батыр бәйтеректің көлеңкесін саялап, дем алуға тізе бүгеді. Дем алып отырса, бәйтеректің ұшар басынан шырылдаған балапан дауысы естіледі. «Бұл неғылған балапан?» деп қараса, бәйтеректі бірнеше сақина етіп ораған бір әбжылан ұядағы балапанды арбап, жұтуға оқталып тұрғанын көреді. Сол жерде, Айдос батыр селебесін қынынан суырып, әбжыланның басын шауып тастайды. Балапан болса, адамша сөйлеп, Айдос батырға алғысын айтады, жай-жапсарын түсіндіреді.

Осы кезде, аяқ астынан дауыл тұрып, алып бәйтеректі сықырлата ырғайды. Бұған балапан қуанып, Айдос батырға бұл дауыл шешесі Шыңыраудың қанатынан ескен желдің екпіні екенін айтады. Әлден уақытта шүмектеп жаңбыр жауады. Балапан одан сайын қуанып, мына жаңбыр жақындап қалған шешесінің көз жасы екенін айтады. Сонан соң Айдос батырға: «Менің шешем алыс жолдан шаршап, уайым шегіп, ашуланып келе жатыр ғой. Келген бетте көзіне түссең, жазым етуі мүмкін. Ашуын басқанша менің қанатымның астына жасырына тұр»,—дейді. Айдос батыр балапанның айтқанын істейді.

Күй аңыздары

Барлығы: 365 аңыз

Тағы оқыңыз