Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Ерден» (I нұсқа) — Дүкенұлы Ықылас (1-бөлім)

Күй аңыздары · 2 мин оқу

Бірде Ерден жапсар жатқан Таманың Қазы деген әлдісімен қырбай болып, қыр көрсету үшін алалы жылқысын ойсырата айдатып алады. Жылқышылар дереу із кесіп, ұрланған жылқылардың Бағаналы еліне тірелгенін анықтайды. Кешікпей-ақ, Ерубай би бастаған Байзақ қажы, Берден, Иманмырза, Есеншора батыр, Барлыбай, Тіленші, Құлтас қатарлы Таманың игі жақсылары Ерденнің алдына өту үшін атқа қонады. Берсе, ақадал малын айдап қайтып, бермесе, бетін біліп қайтпақшы болады.

Сол кезде Дүкенұлы Ықылас жиырмаға әлі тола қоймаған жігіт екен. Өз еліне қобызшылығымен танылып, тіптен өз жанынан күй шығарып, жұрт аузына іліге бастаған кезі болса керек. Ерденнің ауылын бетке алған Таманың игі жақсылары Ықыласты да атқосшы етіп ерте жүреді.

Содан, Таманың жоқшылары Ерденнің ақ ордасына келіп ат басын тірейді. Сол жерде осыдан бір күн бұрын Ерденнің Әйменде деген ұлының қайтыс болып, қаралы күйде екенін естиді. Маманың игі жақсылары аза үстіне тап болған соң иба сақтап, Ерденге көңіл айтудан арыға бармайды. Ерден болса жұбату сөздердің бірде-біріне селт етіп мойын бұрмастан, ах ұрып теріс қарап жатып алады.

Ерденнің бұл сияқты қайғы жұтып, қасірет шеккен халі тек қонақтарды ғана емес, бүкіл Бағаналы елін дағдартады. Сөз біледі, жөн біледі дегендердің көңіл білдіріп, басу айтуы Ерденнің басын жерден көтерте алмайды.

Сонда Бағаналы елінің Шоқай /Құлжабай деп те айтады/ деген шешені келіп былайша басу айтаса керек:

Ассалаумағалейкүм Ерден!
Кеткенің бе кердең.
Мен Шоқай ағаң,
Алыстан көңіл айта келген,
Кел, кәне, көріселік,
Басыңды көтер жерден!
Басыңа бақыт құсы қонып,
Жасыңнан орын алдың төрден.
Жаратқан пұлсыз беріп, құнсыз алды,
Нең бар еді Құдайға берген?!
Сенің шикі өкпе балаң түгілі
Әкең Сандыбай да өлген.
Оны мына мен көзімнен көргем,
Қолымнан көмгем.
Өлген қайтып келмен!
Ауырды жер көтереді,
Жерді жел көтереді,
Қазаны ел көтереді,
Қайғыны ер көтереді.
Қарадан туған хан емес пе едің,
Айырдан туған нар емес пе едің?
Кеше әкең Сандыбай өлгенде,
Қасында мен бар емес пе едім?
Сен сонда жалаңаяқ бала емес пе едің?
Жаманның басына іс түссе, бойлай береді,
Көтер басыңды,
Қарсы ал досыңды!
Босатпа беліңді,
Жасытпа еліңді!—
деп сөз тастайды ғой. Сонда ғана Ерден:

—Е-е, бастасым келген екен ғой!—деп, жастықтан басын көтеріп отырады. Бірақ қайғыдан есеңгіреп, ешкімге назар салмастан еңсесі түсіп отырып қалады. Тек, анда-санда құмыға уһілеп, тұсында сүйеулі тұрған қара қобызын сипап қойып, шерін босатқысы келгендей шырай танытады дейді. Қобызды сипай отырып, «Жазғызым, құлыным!»,—деп булыға күбірлейді.

Осылайша қара қобызына Ерден әлденеше рет қол созады. Кеудесін кернеген зарды сыртқа шығарар сарын тілегендей болады.

Ерденнің басындағы осындай қайғылы халге босаға жаққа тізе бүккен Ықылас та куә болып отырады. Өлімнің жолы ауыр ғой, ол да іштей егіліп, Ерденнің басындағы қайғыны қобыз тілімен сарната сөйлеткісі келеді. Бірақ осынау азалы шаққа қаншалықты араша түскісі келіп отырса да, төрге баса-көктеп шығып қобызға қол тигізуге батпайды.

Күй аңыздары

Барлығы: 365 аңыз

Тағы оқыңыз